
Көкшетауда сатушы мен тұтынушы арасында қып-қызыл төбелес болды. Дүкенде ашуға булығып бір-бірінің жағасына жармасқан екі әйелді ер-азаматтар жабылып жүріп ажыратып алды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Олар тіпті қорқып кетіп, шырқырап жылап жатқан сәбиге де қарамапты. Жұлқысып, бір-біріне бой бермеген әйелдерге ажыратуға азаматтардың күші әрең жеткен. Ашуға мінген тұтынушы Көкшетау тұрғыны әбден болмаған соң, шашылған тауарларды тепкілепті. Жанжалды бастаған 38 жастағы әйел көрінеді. Шаруашылық заттарын сататын дүкенде бір тауарды бүлдіріп алған оған сатушының сөйлегені ұнамаса керек. Сөйтіп оның жағасына жармаса кеткен. Қазір дүкенге келтірілген шығын есептеліп жатыр.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
— Көкшетау қалалық полиция басқармасына сатушыдан шағым түсті. Төбелес дүкен ғимаратының ішінде басқа тұтынушылардың көзінше болған. Қазір «бұзақылық» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Төбелес шығарған әйел тергеу барысында полицияға келіп тұруға міндеттелді.