jasqazaq.kz

Сарғайған сурет сыры

24 мамыр 2019, 15:50

Мамырдың басында Qamshy.kz сайтына шыққан бір сурет бірден біздің назфарымызды өзіне аударды. Осы естелік суреттегі Президент Тоқаевтың жанында отырған ағаларды іздеп тауып, әңгімелесуді мақсат еттік. Сұрастыра келе Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң жағында отырған бұйра бас жігіттің Монғолияда тұратыны есімізге түсті. Ол бұрынғы парламент депутаты, Төтенше және өкілетті елші Сайран Қадырұлы екен. Содан кейін ағаны тауып, әңгімелесудің мүмкіндігі туды.

– Сайран Қадырұлы, әңгімемізді бір суреттен туған сұрақтан бастасақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасында отырған өзіңізсіз ғой? Бұл сурет қай жылы, қай жерде түсірілгені есіңізде ме?
– Бұл менің архивімде бұрыннан бар сурет қой. Мәскеуде Новочеремушка көшесі 26 деген мекенжайда бес қабатты қызыл кірпіш үй бар. Бұл – МГИМО-ның, яғни Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының жатақханасы. Мынау – сол ғимараттың үшінші қабатында ең бұрыштағы бөлме. Сурет 1976 жылы түсірілген. Мен кейінірек жолым түсіп, Астанаға келгенде осы суреттің бір данасын Жомартқа әкеп бердім. «1975 жылғы оқиға ғой…» деп әңгімемді бастай бергенімде, ол мұқият бақылап отырып, «Жоқ. Бұл – 1976 жылғы сурет. Мен мына күрең свитерді Сингапурға барғанда сатып алғам» дегені бар. Осындай мықты дәлелім болған соң, суреттің түсірілген жылын жаңылмай айтып отырмын.
– Сіз Президенттің есімін Жомарт дедіңіз бе?
– Студент кезімізде бәріміз Жомарт деп атайтынбыз. Басқаша болуы мүмкін емес. Оның шын аты Қасым-Жомарт екенін кейіннен Қазақстанға оралып, Сыртқы істер министрінің орынбасары болған кезде ғана білдік.
Бір жолы кездескенде «Әке туралы ой-толғау» кітабын маған сыйлады. Сол кітаптан Президенттің есімінің мәні мен маңызын түсіндім. Яғни, өмірден ерте кеткен әкесінің інісінің есімін жалғастырып, аманатын арқалаған азамат екенін бәрі біле бермейді.
– Жандарыңызда отырған екі жігіт туралы айтсаңыз. Олар кімдер?
– Менің оң жағымдағы жігіт – Шымкенттен келген Бекжан Молдахметов. Парсы тілі бөлімінде оқыды. Қазір Мәскеуде тұратын болуы керек. Оның Ауғанстанда жұмыс істегенін білемін. Екіншісі жапон тілі бөлімінде оқыған алматылық Жеңіс Нұрғожаев. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Және бір Жамбыл облысынан Әбутәліп Ахметов деген досымыз болды. Ол Ыстамбұлда Бас консул, Қазақстанның Тәжікстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды. Мықты дипломат еді. Дүниеден ертерек кетті. Топырағы торқа болсын!
– Ал енді, аға, өзіңіз туралы әңгімелеп берсеңіз. Қазақстан Президентімен тағдырларыңыз қайдан, қалай тоғысып жүр?
– Біз өзін-өзі жарнамалауды ұнатпайтын ұрпақтың сарқыншағымыз. Не айтам? Моңғолияда туып-өскен азаматпын. Елісхан бастаған керейдің бір тобы Алтайдан Тибет асып, оңтүстікке көшкен кезде, менің әкем Моңғолияға бет алыпты. Екі ағасы Тибет асқан көшпен кеткенде, біз Алтайдың теріскейінде қалдық. Біреуден кем, біреуден ілгері күн кештік. Оқыдық, білім алдық. 1972 жылы Баян Өлгей аймағында қазақ мектебін тәмәмдадым. Сол кездегі Моңғолия үкіметі басшыларының «МГИМО-ға ауылды жердің, қарапайым халық өкілдерінің балалары жіберілсін» деген қарары менің бүкіл өмір жолымды, ойламаған жерден, мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. ҚазПИ-дің филология факультетіне жолдама алып, Алматыға келген қарапайым қазақтың баласы осылайша Мәскеуден бірақ шықты.

Институт бітіргеннен кейін Моңғолияның сыртқы істер министрлігінде көп жыл еңбек еттім. Демократиялық қозғалысқа белсене қатысып, оппозициялық партиялардың атынан депутат болдым. Депутат бола жүріп, Моңғолияның негізгі заңын өзгертуге қатыстым. Содан кейін шетелдегі қазақ диаспоралары арасынан алғаш рет Төтенше және өкілетті елші болып тағайындалдым.
– Сайран аға, Қасым-Жомарт досыңызбен өткізген студенттік шақтан естелік айтсаңыз….
– Жомарт институттың халықаралық қатынастар факультеті, қытай тілі бөлімінде менен үш курс жоғары оқыды. Бастапқы кезде жатақханада көршілес бөлмеде тұрып, жиі араласып жүрдік. Кейіннен Жомарт оқу бітіріп кеткен соң, оның орнына сол бөлмедегі Бекжан мен Әбутәліптің қасына мен барып қосылдым.
Жомарт ерекше сабырлы, байыпты жігіт болатын. Болмысынан байсалдылық көрініп тұратын. Қытай тілі өте қиын тіл ғой. Бірақ Жомарт соның өзін біздің қатарластарымыздан әлдеқайда тез және өте терең меңгеріп алды. Үнемі жаттауды, пысықтауды, қайталауды талап етеді. Көптеген шетелдік студенттер бөлмесіне келіп, қытай тілінің ережелері жөнінде Жомарттан көмек сұрайтын. Оның еш жалықпай, қиналмай түсіндіріп жататыны есімде. Төменгі курстағы біздерге үлгі болды. Өзге студенттерден шоқтығы биік тұратын. Қарапайым, байсалды бола тұра, әзілкеш еді. Ойламаған жерден әзілдеп жіберетін. Дипломатия бұл кісінің табиғатында бар қасиет. Институттың маңдайалды студенттерінің бірі болғандықтан, КСРО сыртқы істер министрлігіне бірден қабылданып, Сингапурға алғашқы болып жолдама алды.
Студент кезімізде Мәскеудегі оқудың бәрі орысша болды. Мен Жомарттың қазақша сөйлегенін көрмеппін. Кейін, ол сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарып жүргенде, сәті түсіп Алматыда кездестік. Қазақша сөйлеп отыр. «Жомарт, мен сенің қазақша сөйлейтініңді білмеппін», – деп таңданысымды айттым. Сонда ол: «Енді, мен қазір өз елімдемін ғой. Мен қазақша сөйлемесем қалай болады»?! – деді.
Әлі есімде, жер шалғай әрі басқа мемлекет болғандықтан, бізге елден сәлем-сауқат келе бермейді. Жомартқа анасы үнемі керемет дәмді тамақтар салып тұрушы еді. Өз анамыздан келгендей таласа-тармаса жеп қоятынбыз. Қайран, асыл ана, Жомартты өте қатты жақсы көретін еді.
Парсы тілінде оқыған Вадим Назаров деген бір ақ жарқын, жақсы тәжік досымыз бар еді. Ол Жомартқа жақын жүретін. 2014 жылы БҰҰ-ның өкілі болып, Ауғанстанда қызметте жүргенде лаңкестік жарылыстың салдарынан опат болды. Дипломаттардың тағдыры әрқилы деген осы.
– Студенттік жылдар аяқталғаннан кейін байланыстарыңыз қалай жалғасты?
– Біз Жомарт екеуміз 1975 жылдан бері араласып келеміз. Студенттік кездегі түлкі құрсақ күнкөрістен бастап, қаншама үлкен қызметтерде жүрміз. Сондағы байқағаным, Жомарт қаншама үлкен лауазымдарда отырды, еш өзгерген емес. Сол баяғы сыпайы қалпымен жақын тартып, өзіне баурап тұрады. Өте бауырмал. Хабарласпай қалсақ «Қайдасыңдар, не істеп жүрсіңдер?» деп іздеп отырады. Ол кісімен ешқашан байланысымыз үзілген емес. Сыртқы істер министрі, Үкімет басшысы болған кезінде де, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Сенат төрағасы болып отырғанда да үнемі байланыста болдық. Сәті түскенде, кездесіп, әңгімелесіп, жағдай сұрасып тұрамыз. Алматы, Ұлан-Батыр, Нұр-Сұлтан, Женева, Лондон, Анкарада сан рет кездестік. Сосын, ол кісі өте мұқият. Мысалы, жәй ғана марапат алып жатсақ, соған арнайы құттықтау жіберіп тұратын.
Жетпісінші жылдары МГИМО-ны бітірген студенттер арасында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген жалғыз дипломат осы Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Жомарттың халықаралық аренада танылған әрі көптеген әріптестері мойындаған дипломат екені даусыз.
Жомартты Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының алғашқы кірпішін қаласқан азамат деуге толық негіз бар.
– Өзіңіз білесіз, қазір Қазақстанда Президент сайлауы өтейін деп жатыр. Президенттікке үміткерлердің бірі Сіздің досыңыз, яғни Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол кісінің мүмкіндігі қандай? Қалай ойлайсыз?
– Менің өз ойым, Қасым-Жомарт Кемелұлы – қазіргі саяси сахнадағы дайындығы жоғары, ел тізгінін ұстауға ең лайықты, таңдаулы тұлға. Бұл шын мәнісінде солай. Ол кісінің халықаралық саясаттағы тәжірибесі мол, беделі жоғары. Жомарт өзінің саяси қадамын Сингапурдан бастаған. Ол Сингапурда елшілік қызметте жүргенде, сол елде бүкіл әлемге мәлім аса үлкен реформалар жүзеге асырылып жатты. Міне, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ли Куаң Ю жүргізген реформаларды, сол елдегі саяси-экономикалық процесті өз көзімен көрген адам. Бұл – мемлекеттің тізгінін қолына алған адам үшін аса маңызды. Қазақстанда реформа жүргізу, өзі айтып жүрген әділдік орнату, жемқорлықпен ымырасыз күресу, баршаға игілік көрсету дегеннің бәрі Жомарттың қолынан келеді деп ойлаймын. Өйткені, Сингапур дәл осы жолдан өткен. Қазір қандай елге айналды! Оған бүкіл әлем куә болып отыр.
Тағы бір маңызды мәселе – Жомарт Батыстың саяси жүйесін бүге-шігесіне дейін біледі. Өздеріңіз білесіздер, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, ұйымның Женевадағы Бас хатшысы қызметтерін атқарды. Яғни, батыстағы саяси-экономикалық өзгерістерді, ондағы үрдістерді, Батыстың құндылықтарын жақсы біледі. Осындай үлкен тәжірибесі бар Жомартты Қазақ еліне жаңашылдықты қалай енгізудің жолдарын білетін әрі оған қарым-қабілеті толық жететін бірегей тұлға деп ойлаймын.
Оның үстіне, Қасым-Жомарт «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жолын жалғастырамын, сабақтастық қағидасын ұстанамын» деп отыр. Қазақта «Болар елдің баласы, бірін-бірі батыр дер» деген бір керемет сөз бар. Міне, біздің қазақтан шыққан екі тұлға бірін-бірі қалай сыйлайды, бір-біріне деген құрметі қандай?! Бұл да Жомарттың шебер дипломат, өте терең саясаткер екенін көрсетеді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ол кісінің мол тәжірибесін, әлеуетін, халықаралық дәрежедегі абырой-беделін пайдалану керек. Қазақ халқы Жомартты сайлайтын болса, еш ұтылмайды. Бұл – менің тек досы ретінде ғана емес, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілі ретіндегі көзқарасым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Жарас Кемелжан

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда