
Ядролық технологиялар қауіпсіздігі ғылыми-техникалық орталығы атқарушы директорының орынбасары Александр Хайдарович Клепиков АЭС салу тәжірибесі және Түркия, Өзбекстан және Венгрия елдерін мысалға келтіре отырып, ядролық энергияны пайдалану туралы айтып берді.
Александр Клепиков Өзбекстан, Түркия және Венгрия атом саласын дамытудың әртүрлі сатыларында болғанына қарамастан, Қазақстан олардың әрқайсысынан бейбіт атомды игеру бойынша пайдалы тәжірибені қабылдай алатынын атап өтті.
— Венгрия Пакш қаласындағы АЭС-ті көптен бері пайдаланып келеді. Негізінде, АЭС-ті пайдалануда да, атом саласын реттеу бойынша да олардың тәжірибесі мол. Қайталап айтамын, Венгрияның тәжірибесі өте бай, сауатты, даярланған мамандар өте көп, олардың көбі МАГАТЭ-де жұмыс істеген немесе қазір жұмыс істеп жүр. Яғни, бұл біліктілік жаңа АЭС салуға және жоспарлауға септігін тигізуде. Венгрия — бұл атом тарихы бар және жақсы мамандары көп ел, — дейді сарапшы.
Қазіргі кезде Түркияның оңтүстік жағалауында «Аккую» АЭС салынуда. Бұл осы елдегі алғашқы атом электр станциясы және оның құрылысы ресейлік жоба бойынша жүргізілуде. Дегенмен, түрік сарапшылары да жобаны әзірлеуге және құрылыс процесіне белсенді қатысуда.
— Түрік тарапы МАГАТЭ-ге жүгініп, Ресейде, басқа елдерде мамандарды оқытып, оларды бүкіл әлем бойынша тағылымдамаға жіберді, көбісі МАГАТЭ-де, түрлі миссияларда жұмыс істеді және жақсы тәжірибе жинады. Қазір «Аккуюда» жұмыс істеп жүрген қазақстандық мамандардың ішіндегі бір танысым, АЭС жобасы қаралған кезде түрік мамандары техникалық және логистикалық мәселелерге баса назар аударғанын айтады. Құрылыс басталғанға дейін бірнеше жыл ішінде алған тәжірибенің арқасында олар Түркияда АЭС салу туралы шешім қабылдаған. Бірақ Түркия — бұл атом энергетикасына енді ғана көшіп жатқан ел, біз енді оның нәтижелерін бақылайтын боламыз», — дейді Александр Клепиков.
Өзбекстанда АЭС құрылысы әзірге жоспарлау сатысында. Дегенмен, олар да мамандар даярлай бастады.
— МИФИ ҰЗЯУ (МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университеті) Өзбекстанда АЭС-те жұмыс істейтін болашақ мамандарды дайындайтын филиалын ашты. Яғни, аталған елдерде атом энергетикасының даму деңгейі әртүрлі, бірақ оларды біріктіретін нәрсе – кадрлар даярлауға жауаппен қарау. Бұл көп жағдайға әсерін тигізеді: болашақ АЭС-тегі қауіпсіздікке, оның құрылысына және пайдалануға беру мерзіміне, — дейді Клепиков.
Ол сондай-ақ атом электр станциясын салу сияқты маңызды шешім қабылдаған кезде кадрлар даярлау маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Жобаға әртүрлі мамандардың қатысуы маңызды, олардың пікірлері жобаны сараптау және құрылыс кезінде ескерілетін болады.
— Баламалы мамандардың пікірі, баламалы дайындық әрқашан маңызды, сондықтан атом энергиясын жақтаушылар да, оған қарсы адамдар да болуы мүмкін. Олар қойған ыңғайсыз сұрақтар жобада шешімін тауып, болашақ атом станцияларының қауіпсіздік деңгейін арттыруға әсер етуі үшін, — дейді сарапшы.
Александр Клепиковтың пікірінше, Қазақстан атом энергетикасына қатысты жалған сенімне қарсы күресте осы елдердің, соның ішінде Түркия мен Өзбекстанның тәжірибесін қабылдай алады. Сондай-ақ, адамдарға АЭС құрылысының экономикалық пайдасын жеткізу маңызды.
— Адамдар бұл экономикалық тұрғыдан ел үшін де, халық үшін де, АЭС жанында тұратын халық үшін де тиімді болатынын түсінген кезде, олар қауіпсіздік пен экологиялық тазалық туралы пікірлерге оң көзқарас таныта бастайды. Егер адамдар Үкіметтің де, қауіпсіздік мамандарының да байыпты қатынасын байқаса, көңіл-күй мен көзқарас өзгереді деп ойлаймын, сонымен қатар басқа елдердегі қауіпсіз пайдалану тәжірибесі де жарқын мысал бола алады», — деді ол.
Бұған дейін ҚР Президенті Үкіметке және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына жыл ішінде республикада атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясы тапшылығы болатынын жеткізді.