Сәния Өскенбайқызы: Педагог кемел ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылуы тиіс

29 маусым 2023, 11:29

Алматы қаласында Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназия шахардың үздік мектеп аталымын бір емес екі мәрте иеленген білім ошағы. Білікті педагог, білгір басшы, осы мектеп-гимназияның директоры Сәния Өскенбайқызымен педагог мәртебесіне қатысты сауалымызды жолдадық.

–Педагог мамандығының беделін арттыру үшін қандай қарекет жасауымыз керек?

–Еліміз егемендігін жариялаған сәттен бастап білім беру саласында көптеген ауқымды өзгерістердің жүзеге асқандығы белгілі. Сол өзгерістердің көшінен қалмай озат тәжірибені қолдана отырып, біз де жаңа заманға сай педагогикалық қызмет көрсетудеміз.
Бүгінгі білім беру саласы педагогтің кемел білім иесі болуымен қатар шеберлігін шыңдап, ақпараттық технологияны жете меңгеріп, көшбасшылық қырымен танылуды қажет етеді. Педагогтің беделі қашанда өз кәсібіне деген сүйіспеншілікпен, шәкіртіне дарытқан терең біліммен өлшенетіндігі белгілі. Ата-ана, шәкірт, әріптес тарапынан зор құрметке ие болу үшін де мұғалім жаңашылдықтың жаршысы атанып, қоғамдық өмірдегі өзгерістерге тиісті дәрежеде үн қатып, өз білімін көтерумен тұрақты түрде айналысып, зиялы тұлға ретінде өз бойына адамзат мәдениетіндегі ең жақсы үлгілерді жинақтауы тиіс.
Педагог мамандығының беделі әр уақытта құндылық ретінде қарастырылуы тиіс. Білім саласында әлемнің қай дамыған елінде болмасын педагог мамандығы әуелгі кезекте жоғары мәдениет адамы, рухани тұрғыдан кемелденген, шәкірттеріне моральдық тұрғыдан үлгі бола алатын маман ретінде қарастырылады. Менің көзқарасымда Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерін», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын», Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеші жетекші» атты еңбектерін бойына сіңірген зиялы мұғалімдердің шоғыры қалыптасқанда ғана төл педагогикамыздағы мұғалімнің беделі тіптен арта түсер еді.
Иә, сөз жоқ, мемлекет тарапынан мұғалім беделін арттыру жолында жағдай жасалып-ақ жатыр. Ендігі мақсат сол бедел иесі болуы керек деп мемлекетіміз үміт артқан ұстаздар қауымы шет мемлекеттердің тәжірибесіне еліктеумен шектелмей, өзінің тәрбиеші екендігін де ұғына отырып рухани тұрғыдан бай, білімі кемел ұрпақты тәрбиелеуге ұмтылуы қажет-ақ.

–«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының артықшылықтары туралы айтсаңыз.

–Ұлттық жоба баршамыз білетіндей, жалпы 4 негізгі бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш, 26 іс-шараны қамтиды. Осы ұлттық жоба шеңберінде білім ошақтарында жан басына қаржыландыруды одан әрі дамытып, педагогтердің еңбекақысын ұдайы арттыру көзделген.
«Ұлттық жобаның» ұтымдылығы – еліміздегі қалалық және ауылдық мектептерде тәрбие мен оқыту саласын бір жүйеге келтіру, оқушыларға орын жетіспеушілігін оңтайлы шешу, мектептер салу, қауіпсіз және жайлы білім беретін орталық құруды басты назарда ұстауында. Орта білім беру стандартының сапасын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін нығайтумен қатар,
мектеп жасына жеткенге дейінгі бүлдіршіндерге білім беру мен тәрбиелеудің қолжетімді болуын қамтамасыз ету болып табылады.

Жоба маңыздылығы – тапшылық пен жетіспеушіліктің тізгінделуінде. 2025 жылға қарай елімізде 1000-нан астам жаңа мектеп салу жоспарланып отырғанын білесіздер. Расында да, біз үш жыл ішінде сол мектептерді салатын болсақ, үш ауысымды жойып, апатты жағдайда тұрған білім ошақтарының санын айтарлықтай азайтар едік. Яғни, 2025 жылға дейін шалғай ауылдардағы мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, балалардың білім алуына қауіпсіз орта қалыптасып, оқу сапасы арта түсері анық.
Бір сөзбен айтқанда, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы өзінің жүйесімен іске асырылатын болса, оқу-ағарту саласындағы өзекті мәселелер рет-ретімен шешілері хақ.

–Алматы қаласының әкімдігі білім саласына айтарлықтай көңіл бөліп келеді. Сол жөнінде тарқатып айтсаңыз.

–Қазіргі таңда «Кәсіби өсемін, өрлеймін, өз мамандығымның нағыз шебері боламын!» деген ұстаздарға бар жағдай жасалуда. Талантты жас мамандарды қолдау, шығармашыл ұстаздар арасында түрлі кәсіби байқаулар ұйымдастыру, үздік білім беру ұйымдарын анықтау бағытында конкурстар ұйымдастыру шаһарымызда жүйелі жолға қойылған. Алматы қаласы Әкімдігі мен Алматы қаласы Білім басқармасы бірлесе ұйымдастырып келетін «Алматының жыл мұғалімі», «Алматы ұстазы», «Үздік орта білім беру ұйымы», «Үздік педагогикалық ұжым» сынды конкурстарда қомақты сыйақы, бағалы сыйлықтардың берілуі де ұстаздарды шабыттандырып, олардың есімдері мен тәжірибелерін көпшілікке насихаттауға ерекше ықпал етуде.
Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларға жасалып жатқан жағдай да айрықша. Бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту, дарынды оқушылар арасында түрлі байқаулар ұйымдастыруға ұйытқы болу, белсенді оқушыларды демалыс лагерлеріне, қала Әкімінің, ҚР Президентінің шыршасына жіберу секілді түрлі ауқымды шаралар күн тәртібінен түскен емес.


Қаламыздағы жарыса бой көтерген, заманауи технологиялармен жабдықталған, жаңа мектеп ғимараттары да білім саласы мен сапасын арттыруға бағытталып, жасалып жатқан игі бастама деп санаймын.

–Биылғы оқу жылын қалай аяқтадыңыздар, қандай жетістікке қол жеткізді оқушыларыңыз?

–2022-2023 оқу жылын ойдағыдай тәмамдадық. 9-сыныпты аяқтаған 222 оқушының, 202-сі негізгі мектепті бітіру туралы куәлік алса, 20-сы негізгі мектепті «Үздік аттестатқа» аяқтады.

11-сыныпты 104 оқушы аяқтап, 79-ы орта мектепті бітіру туралы куәлік алса, 19-ы орта мектепті «Үздік аттестатқа», 6 түлек «Алтын белгіге» тәмамдады.
Шәкірттеріміз осы оқу жылында түрлі спорттық, ән-би байқауларына қатысып, республикалық, халықаралық деңгейде жүлделі орындарға ие болды. Атап айтар болсақ, гимназия оқушыларынан құралған «CYBER ALLIANCE» робототехника клубы Орта Азия елдері бойынша өткен Робототехника сайысында «Күміс» медальді, «Мұзбалақ» дебат клубы қалалық турнирде І орын, «Еркеназ» би ансамблі «BalaFest» байқауында І орын иеленді.
10-сынып оқушысы Нұркенқызы Алтынай Франицяда өткен Халықаралық байқауында ІІ орын алып, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын иеленсе, Таэквондодан қара белбеу иегері, 6-сынып оқушысы Дүйсебай Нуриман республикалық сайыста топ жарып, Мексикада өтетін чемпионатқа жолдама ұтып алды. 5-сынып оқушысы Жұмақанов Қуаныш Грецияның Родос аралында шахматтан өткен әлем чемпионатында өзінің жас санаты бойынша үздік ондықтан көрінді.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада Құқық негіздері пәнінен 10-сынып оқушысы Ермекова Меруерт ең жоғары нәтиже көрсетіп І орынды (пән мұғалімі – Сағынғалиев Д.Н.) жеңіп алса, Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 10-сынып оқушысы Нүсіпбек Тоғжан (пән мұғалімі – Темурбаева С.С.) І орын иеленді.

Гимназия оқушыларынан құралған «Мұқағали» театры мен ата-аналардан құралған «Әжелер» ансамблі Республика сарайында Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы бойынша өткен концертке белсене қатысты.

Гимназиямыздағы педагог қызметкерлердің саны – 150, оның ішінде 46-сының академиялық дәрежесі бар. Биылғы оқу жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері С.Темурбаева, Б.Исхакова, Г.Дүйсенова 5,6,7-сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» пәні оқулықтарының авторы атанса, Д.Сағынғалиев «Үздік педагог» конкурсының аудандық кезеңінде бас жүлде иегері атанды. Ал бастауыш сынып мұғалімі Л.Сатымбаева «Педагогика саласының үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері атанды.

Тәлімгер ұстаздар мен кәсіби шебер мұғалімдердің іс-тәжірибесін тарату мақсатында қала көлемінде «Lesson Study» — сабақты зерттеудің тиімді жолы», «ҚМЖ-ны сапалы құрастыру» тақырыбында семинар-конференциялар өткізілді. Тарих және құқықтану пәні мұғалімі Д. Сағынғалиев орта білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыс тобының мүшесі атанып, Австралиялық профессор Фил Ламберттің семинарына қатысты.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді