
«Самұрық-Қазына» компаниялар тобының таза табысы 2019 жылдың алғашқы тоқсанында 17,1 пайызға өсіп, 343 млрд теңгені құрады. Ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша, қордың сыртқы қарызы 4 млрд долларға азайды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» Қорының қаржы және экономика жөніндегі басқарушы директоры Ернар Жанәділ zakon. кz сайтына берген сұхбатында хабарлады.
Қор табысының екінші жыл қатарынан өсуіне холдинг ішіндегі синергияның дамып, қаржы және инвестициялық айқын саясатты қалыптастыруы, корпоративтік басқару қағидаларының күшеюі әсер етті,-дейді Ернар Жанәділ.
2018 жылы ұлттық әл-ауқат қоры қарызды, әсіресе, сыртқы берешекті азайтуға бағытталған ауқымды жұмыс атқарды. Сондай-ақ, қазіргі қарызды арзандату, яғни валюталық қарызды теңгеге конвертациялау және қайта қаржыландыру қолға алынды. Айталық, «ҚазМұнайГаз» компаниясы өткен жылы 1,6 млрд АҚШ долларын құрайтын еурооблигацияны төледі. Ал «Қазақстан теміржолы» (ҚТЖ) Қордың көмегімен 75 млрд теңгені төмен мөлшерлемемен тартты. Бұл анағұрлым қымбат валюталық міндеттемені теңгеге ауыстыру үшін қайта қаржыландыруға мүмкіндік берді. «Самұрық-Энерго» қарызды азайту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізді. Сөйтіп өз міндеттемесін бір жылда 52,8 млрд теңгеге азайтты. Ал Қордың өзі халықаралық банктер синдикаты алдындағы 900 млн АҚШ долларын, сондай-ақ жергілікті банктерге 100 млрд теңгелік берешегін төледі.
Осындай шараның арқасында ҚМГ мен «Самұрық-Энерго» 2018 жылдың қорытындысы бойынша несие тәуекелінің «қызыл аймағынан» шығып қана қоймай, қарыз көлемі табысынан асып кетпейтіндей дәрежеге жетті. 2018 жылы қабылданған жаңа стратегияға сәйкес, артық ақша қарызды өтеуге жұмсалып жатыр. Қор тобындағы 1 трлн теңгелік ақшалай қаржы мен банк салымдарының көлемі қысқарды. Соның ішінде, холдингтің сыртқы қарызы 4 млрд долларға, яғни 18,5 миллиардтан 14,5 миллиардқа дейін азайды.