
Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ 2018 жылғы бірінші жарты жылдық қызметін қорытындылады.
АҚ қаржы және экономика жөніндегі директоры Ернар Жаңаділдің мәлімдеуі бойынша қаржылық көрсеткіштер айтарлықтай өскен. «Самұрық-Қазына» холдингінің негізгі қызметінен түскен кіріс 3,339 трлн теңгені құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға артық. Ал, операциялық қызмет бойынша табыс көлемі 428 млрд теңгені құрап, жылдық жоспардың 78 пайызы орындалған.
Сондай-ақ атап өтерлік жайт: 2018 жылдың бірінші жарты жылдығында қор сыртқы қарыз көлемін $900 миллионға азайса, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның $1,6 млдр халықаралық облигациялары өтеліп, «Самұрық-Энерго» АҚ келісім бойынша 2020 жылға дейін өтеуі керек болған 39 млрд теңгеге жуық қарызын мерзімінен бұрын төлеген. «Самұрық-Қазынаның» шетелде ешқандай қаражаты, ешқандай депозиттері жоқ екендігін нақтылап өткен Е. Жаңаділдің айтуынша қор мен оның алдыңғы қатарлы қоржындық компанияларының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағытындағы жұмыс оң нәтиже көрсетуде.
Холдингтің еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқартылып, құны 28,5 млрд теңге болатын 15 актив сатылған. Жекешелендіру бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» қоры тағы 51 активті сатып, 102 стратегиялық маңызы жоқ активтен шығуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде баспасөз мәслихаты барысында «Самұрық-Қазына» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директор Балжит Каур Гревал Джасвант Сингх мәлімдеді. Оның айтуынша «Самұрық-Қазына» үшін Қазақстанның ұлттық экономикасын жаңғыртуға қолдау көрсету басты орында. Осы мақсатта табыстарды әртараптандырудың ұлттық экономика үшін рөлі айрықша.
«Қазақстан-2050» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес компаниялардың табыстылығын арттыруды көздеп отырған «Самұрық-Қазына» АҚ 2018-2028 арналған Даму стратегиясын жариялап, соған сай белсенді жұмыс атқаруда.