
Елімізде ірі компанияларға тиесілі акцияларды нарыққа шығару арқылы Ұлттық қордың қаржысын еселеу міндеті сәтті түрде іске асырылып жатыр.
Бұған дәлел ретінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның SPO-дан түскен 50 миллиард теңгені Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорына аударғанын айтқан жөн.
Қазақстанның қаржы секторындағы аса маңызды жаңалық жөнінде jasqaszaq.kz сайтына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаменті хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 3 маусымында өткен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқару Кеңесінің отырысында аталған холдинг 2020 жылдың соңына дейін Ұлттық қорға 100 миллиард теңге жіберуге дайын екендігі хабарланды. Кеңес төрағасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдап, мұның дағдарыс кезіндегі айрықша маңызы бар екенін атап өтті. Н. Назарбаев аталған отырыста «Қор басшылығының уақытылы қабылдаған шешімдерін оң бағалаймын әрі қолдаймын. Олар өздерінің тиімділігін көрсетті.
Дағдарыс кезінде мемлекет экономиканы қолдауға Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлді. Алайда бұл жағдайда «Самұрық-Қазына», керісінше, Ұлттық қорға 100 миллиард теңге жібереді», деді.
Елдегі экономикалық ахуалды ескерген «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы қаражаттың бірінші бөлігін Ұлттық қорға мерзімінен бұрын аударуды ұйғарды. Тиісті соманың қалған бөлігі (50 млрд теңге) биылғы жылдың соңына дейін аудару жоспарланып отыр.
Айнұр Жұмаділова