
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) листинг (құнды қағаздарды биржа тізіміне енгізу) бойынша ынтымақтастықты дамыту және кеңес беру мәселелері жөнінде уағдаласты. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаменті хабарлады.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Аталған құжатқа сәйкес тараптар АХҚО биржасында Қор компаниялары акцияларының листингі бойынша тығыз ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Меморандумның маңыздылығына тоқталған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов: «Жекешелендіру бағдарламасын орындауды аяқтау «Самұрық-Қазына» Қоры үшін басты міндеттердің бірі болып табылады және Қор АХҚО-ның дамуына аса мүдделі. «Қазатомөнеркәсіп» ғаламдық депозитарлық қолхаттарын орналастыру тәжірибесі оның келешекте биржалық алаң ретінде перспективасын көрсетті», — деді.
Ынтымақтастық шеңберінде Қордың компаниялар тобы жасаған шарттар бойынша дауларды шешу институты ретінде АХҚО халықаралық төрелік орталығы мен сот ескертпелерін енгізу арқылы АХҚО юрисдикциясын белсенді түрде қолдану көзделетінін атап өткен жөн.
Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы АХҚО-ның Экспат орталығы және үздіксіз кәсіби даму бюросы мүмкіндіктерін пайдалану және қаржы технологиялары саласында, Big Data, сондай-ақ АХҚО-ның финтех-инновациялар реттеуші жүйесінде ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді.
Қормен ынтымақтастықтың келешегіне тоқталған АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов былай деді:
«Біздің платформаның мүмкіндіктері мен қызметі жеделдетілген цифровизация арқылы сұраныс табады. Бұл краудфандингті де, цифрлық платформа, цифрлық банктер және дәстүрлі университеттер онлайн-платформаны толық дәрежеде игеретін үздіксіз білім алу тренді арқылы түрлі қолдауға ие болу мүмкіндіктерін де қамтиды. Қордың біздің алаңымыз бен ресурстармызды пайдалануына барынша көмек көрсетуге дайынбыз».
Қор мен АХҚО 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары аясында ынтымақтастық орнатқан. AIX алаңында «Казатомөнеркәсіп» IPO акцияларының шығарылымы сәтті жүзеге асты. Атап айтқанда, 2018 жылы акциялардың 15%, 2019 жылы 3,8% және 2020 жылы 6,28% қосымша (SPO) орналастырылды.
Осылайша, халықаралық инвесторлар активтерге деген үлкен қызығушылық танытты: AIX-та орналасқан «Қазатомөнеркәсіптің» 4,3 млн ғаламдық депозитарлық қолхаттарының (GDR) 2,5 миллионын шетелдік институционалды инвесторлар сатып алды.
Талап Тілеген