
«Самұрық-Қазына» шетелдік нарықта елімізге инвестиция тарту бағытындағы белсенді қызметін жандандыра түсті. Бұл туралы Бейжіңде «Бір белдеу — бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде жан-жақты айтылды. Жекешелендіру мәселелері және Қордың инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған осы іс-шараға Қытайдың іскерлік қауымдастығы зор қызығушылық танытты.
Жиынға еліміздің ұлттық және жекеменшік компанияларының топ-менеджерлері, Қытайдағы ірі мемлекеттік корпорациялардың жетекшілері және осы елдің бизнес өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің салтанатты ашылуында сөз алған Қордың Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруға шақырды.
Ахметжан Есімов «Қордың жаңа даму стратегиясы аясында біз Қазақстандағы жобаларға белсенді түрде инвестиция құямыз. Қор портфелін әртараптандыру мақсатында «Самұрық-Қазына» өзге тәуелсіз қорлармен және инвесторлар консоциумымен стратегиялық серіктестікке кіру мүмкіндігін қарастырып жатыр»,- деп атап өтті.
Жиын барысында Қор және Компаниялар тобы қытайлық серіктестерімен бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Қытай Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық қоры арасында инвестициялар саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Осы уағдаластық түрлі жобаларға инвестиция тарту мүмкіндігін бірлесіп қарастыруға жағдай туғызады.
Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының «Eurasian Nurly Investment Fund» қорына потенциалды инвестор ретінде қатысу ниетіне байланысты меморандумға қол қойылды. Жаңа қордың серіктестері — «СITIC Group», Baiterek Holding, Asian Investment Finance Group және «Самұрық-Қазына» АҚ. «Eurasian Nurly Investment Fund» 500 млн АҚШ долларын тартуды жоспарлап отыр. Шетелдік инвестициялардың үлес салмағы 1:8-ді құрайды, яғни Қазақстан тарапынан құйылған 1 долларға 8 доллардан астам шетелдік инвестиция тартылады.
Бұған қоса, «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «Huajin Group» арасында минералдық тыңайтқыштарды өндіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін бірлесіп дайындау туралы келісімге қол қойылды. Жобада Қытайдың стратегиялық инвесторы Huajin Group
(NORINCO) қатысуымен елімізде қуаты 800 мың тонна болатын зауыттың құрылысы қарастырылған. Алдын-ала есеп бойынша жобаның құны 600 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жоба Қытайдың және Еуропалық Одақ нарығындағы Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтеді. Жоба 2020 жылдан 2023 жылға дейін іске асырылады деп жоспарланды.
Кездесу соңында Ахметжан Есімов жекешелендіру бағдарламасы бойынша Қор бастамаларын ұсынды. Сондай-ақ портфельді әртараптандыру және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау мақсатында елдегі белсенді инвестициялық іс-қимыл жоспарын жария етті.