jasqazaq.kz

Салық жүйесінде сақтық керек  

16 тамыз 2019, 10:47

Мақсат Халық, экономист:

–Биыл еліміздің салық  жүйесіне тағы да өзгерістер енгізілді. Бұл осы саладағы шаруаны жеңілдетудің орнына жүйе бұрынғыдан да күрделене түскен сияқты. Сіздің ойыңыз қалай|?  

–Салық кодексіне толықтырулар мен өзгертулер осымен төртінші рет енгізілді. Байқасақ әр толықтырудан кейін оның көлемі артты. Құрылымы ұлғайғанын байқаймыз. Мысалы 1995 жылғы салық кодексінде 53 775 сөз болса, 2016 жылғы салық кодексінде 280 123 сөз бар екен. Алғашында 179 бап болса, соңғысында 781 бап бар. Маған бұл әрекет салық төлеушілерді шатастыруға бағытталғандай болып көрінеді. Меніңше, кодекс неғұрлым қарапайым, түсінікті болуы керек еді. Қазір кодексті қарасаңыз сапырылысқан дүние.  Оны оқыған адам шатаспауы мүмкін емес. Егер қарапайым жазылса, халық салық маманынан сұрамай-ақ оқып, түсінер еді. Заңгер жалдамас еді. Амал қанша, салықта көрсетілген кейбір баптарға қанша жүгінсең де, ол басқа заңға қайшы келетін тұстар жеткілікті. Сондықтан мықты қаржыгер, тәжірибелі заңгерлердің өзі жиі шатасады.

–Сонда көпшілікке түсінікті тілде жазуға не кедергі болып отыр? Алаңдаушылық неден туындайды?

–Біріншіден, кодексті әзірлейтін адамдар тарапынан жауапкершілік керек. Екіншіден, халықтың сауаттылығын арттыру қажет. Батыс мемлекеттерінде «менің дауысым», «менің салығым» деген қасиетті сөз. Яғни, кез келген азамат «Мен салық төлеп жатырмын» деп қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамауға тырысады. Өздерінің барлық жағынан  мемлекетке көмектесіп жатқанын мақтан етеді. Дамыған елдерде көп балалы аналардың жағдайы, мүгедектердің халі мемлекет тарапынан шешілген. Кәсіпкерлерде «Мен осыған үлес қосып жатырмын» деген іштей қанағаттану бар. Табысының көп бөлігін салыққа аударатынына ренжимейді. Бізде керісінше, мүмкіндігінше мемлекеттен табысын жасыруға тырысады. Себебі, халықта үкіметке деген аз. Яғни олардың көкейінде «менің осы қаражатым біреудің қалтасына немесе талан таражға түсіп кетпей ме?» деген сұрақ тұрады. Бұл – үлкен кемшілік.

Одан кейін бізде сыбайлас-жемқорлық үдеп тұр. Бүгінгі көлеңкелі экономиканың артуы, мемлекеттегі ақша айналымның құпиялылығы, азаматтардың мәселесін шешу үшін біреудің алдына конвертпен баруы санадағы үлкен проблемаға айналды. Менің ойымша, қағазбастылықты көбейтіп, халықты шатастыруды қалайтын топтар бар сияқты. Экономикаға мемлекеттің тым қатты араласуы осыған дәлел. Кейбір шенді азаматтар өз қызметін асыра пайдаланып, экономикаға араласып, нәтижесінде осы саланың тежегіш күшіне айналып отыр. Сөйтіп экономикада даму қарқынды болмай тұр. Мысалы көлеңкелі экониканың өнімі жалпы ішкі өнімді алғанда, оның 26 пайызын құрайды. Бұл  дегеніміз, біздің ішкі өніміміздің көлемі 57 триллион болса, 26 пайызы – шамамен 14 триллион қаражат. Демек, осынша қаражат көлеңкелі секторда жатыр. Егер ол қаражат ашық айналымда болса, халықтан дұрыс салық жиналып мемлекеттік бюджетке түсер болса, мемлекетте таршылық көрмейді.. Сондықтан ақша айналымында тазалық өте қажет.

–Әрине, «салықты жеңілдетеміз» деген әңгіме жиі айтылады. Алайда салықтың басқа түрлері қандалаша қаптап кетеді. Бұл пікір қаншалықты рас?  

–Үкімет салық реформасын жасағалы барынша орта және шағын бизнес өкілдеріне оңтайлы жағдай жасауда. Бұл әлем елдерімен салыстырған әлдеқайда оңай және мемлекеттің кәсіпкерлерге неғұрлым жеңілдік қарастырып отырғаннын көрсетеді. Мысалы «жеңілдетілген декларация» деген бар, яғни жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе жеке кәсіпкер болсаңыз жылдық табысыңыз 70 миллионнан аспаса (30 мың АЕК-тен аспаса) табысыңыздың 3 пайызын ғана төлейсіз, болды. Бұл өте жақсы қадам, соның нәтижесінде кәсіпкерлер көбейеді, іскерлік орта қалыптасады. Одан кейін қоғамда ілгерілеу мен даму болады. Бірақ соңғы жылдары осы салықтың шегі қысқартылсын деген ұсыныс жасалды. Қазір жылдық табыс 30 мың АЕК-тен асып кетсе, олар салықтың басқа түрлерін де төлеуге міндетті. Ал 2020 жылы 15 мың АЕК-тен екі есеге азайтылуы керек. Одан кейін тағы да азайтылады деген еді. Бұл мәселе дауға айналғандықтан кейінге қалдырылды.

–Бәрі айтуға оғай. Жеңілдікті тиімді пайдалануға отандық  кәсіпкерлер дайын ба?

–Осы жеңілдікті пайдалануға әлі дайын емеспіз. Өйткені бізде наңыз кәсіпкерлік орта  қалыптаспаған. Сондықтан бұндай жеңілдіктер әзірге керек. Егер біз жеңілдіктерді алып тастасақ, кәсіпкерлерді тұралатып тастаймыз. Бірінші кезекте  экономиканың қан тамырына айналған орта және шағын бизнес зардап шегеді. Бұл жүйеге кейін келуге болады, алдымен экономикамызды нықтап алуымыз керек.

Қазір алаңдататын басты мәселе, бізде салық түрі өте көп. Оның санын неғұрлым  азайтса, халыққа да ыңғайлы болар еді. Салықтың атауы да өте көп. Осы тұста экономикадағы Лаффер деген ғалымның мына тұжырымы еске түседі. Ол кісі: «Егер салық жүйесі белгілі бір пайыздан жоғары болып кететін болса, ондай кезде үкімет «біз салықты көбейтейік, сөйтіп бюджетке көп кіріс табамыз деп ойлайды», – дейді. Бірақ соның салдарынан жемқорлық көбеюі мүмкін. Көлеңкелі экономика қатты өсіп кетуіне де ықпал етеді.  Салық мәселесінде үкімет өте әбжіл қимылдауы керек. Әйтпесе, бюджет кірістері өте азайып кететіні анық.

–2019 жылдың соңына қарай салық төлеу жүйесі Бірыңғай электрондық әмиян арқылы жүргізілетін болды. Осының артықшылықтары мен кемшіл тұстарына тоқталып кетсеңіз? 

–Ақша айналымның электронды форматқа көшуі дұрыс қадам. Себебі ол ақша айналымының тазалығын қамтамасыз етеді. Бұл келешекте өте керек дүние, бұл болашақтың алғышарты деп ойлаймын. Өйткені ол жүйеде қай қаражаттың қайда түсіп жатқанын бақылау оңай болады. Мемлекеттік түсімді бақылайтын ұйымдарға да жеңіл. Бұған кейінірек салық төлейтін азаматтардың ақшасы қандай әлеуметтік мәселені шешуге жұмсалғаны туралы ақпарат берілетін функция қосылса деп ойлаймын. Бұл азаматтардағы салық төлеуге деген ықыласты арттырады. Бірақ бұл жүйенің бастапқы кезде қиыншылықтары болуы мүмкін. «Электронды форматқа көшеміз» деп айтқанмен, қарапайым egov-тың өзінде әлі проблема бар. Оның істен шығып, орталық база істемей қалатын кездері бар. Осындай техникалық жағдайларды болдырмаған жөн. Осындайда тезірек «Блокчейн» технологиясына қадам басуды ойлаймын.  Оның айырмашылығы – жазулардың сақталуы, арнайы алгоритмдермен қорғалған блоктардың шабуылдарға төтеп бере алатындығы. Болашақта осы платформаға көшсек қаражаттың қауіпсіздігі сақталады.

–Салық жүйесіндегі соңғы өзгерістерге тоқталсақ. Не айтуға болады?

–Биылғы өзгерістің бірі  – арнайы экөномикалық аймақтарға қатысты. Бұл процесс әлем бойынша тәжірибеден өтіп келеді. Яғни өндіріс пен кәсіпорындар дамитын аймақтар салықтан босатылуы керек. Ондай жерлерде кәсіпкерлер көбейіп, экономиканың дамуы бірден байқалады.  Шетелдерде бұл дамып кеткен. Жақында ғана Беларусияда осындай арнайы аймақ құрылған және оларды салықтан толығымен босатқан. Яғни компанияңыз ақпараттық жүйені дамытуға қызмет етсе, бірден салықтан  босатады. Бізде мұндай жағдай жасалмағандықтан, әлі дамымай отырмыз. Оған қоса, біздегі жеңілдіктерң өз өз деңгейінде емес. Сондықтан әлемдегі тәжірибелерді зерттеу керек деп ойлаймын. Ал бізде «ақпараттық технологиялық аймақ» деп жар салған жерлер әлі де дамымай тұр.

–Сарапшы ретінде үкіметтен қандай өзгеріс күтесіз?

–Әрине, ең бірінші біздің экономиканың көлеңкелі жақтарын жою керек. Сыбайлас жемқорлықты тыймай, экономиканы дамыта алмаймыз. Егер үкімет осыған мән бермесе, экономикамыз жедел дамиды деп айта алмаймын.  Тағы бір мәселе статистиканы дұрыс жүргізу қажет. Жалған деректер тек өзімізді алдап қана қоймай, түбі тығырыққа тірейді. Қазір елімізде көптеген әлеуметтік жағдайлар қолға алына бастады. Осы процестің барлығы экономикада ақша массасын арттыру арқылы қолға алынған. Бұл ертең бәрібір инфляцияға әкеп соқтырады. Ал «көлеңкеде» жатқан ақшаны шығаратын болсақ, керісінше түйінді мәселелер сапалы түрде шешіледі.

Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда