Салғырттық сабағы

17 маусым 2023, 15:35

Көпті көрген, өмірден түйгені одан көп қария жол жүріп келе жатып, қой бағып жүрген балаға кезігеді. Екеуі аз кем әңгімелеседі. Қойшы түскі асын алып шықпаған екен. «Соны алып келейін, малға қарай тұрыңызшы» деп ақсақалға өтініш жасайды. Қарт бір жақсылығым тисін деген ниетпен келісе кетеді. Қой бағып тұрғанда бір қозы ойнақтап жүріп орға түсіп кетеді. Оны құтқармаса, өздігінен шыға алмайтыны белгілі. Балаға берген уәдесі бар, мойнына алған жауапкершілік тағы бар, қария дереу терең шұңқырға түседі. Қозыны құшақтап ордан шығуға тырысады. Аяғы тайып, құлап кетеді. Бір кезде әупірімдеп, әрең дегенде алып шығады. Баланың алдында ұятқа қалмай, абыройлы іс тындырғанына риза болған қария әлгі қозыға мейірлене көз тастапты.

Семей өңіріндегі елді есеңгіреткен өрт көнеден жеткен тәмсілді еске түсірді. Көкейге еріксіз «тәртіп пен жауапкершілік қайда?» дейтін қиын сауалды әкеп тіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратура орны толмас опатқа әкеп соққан себеп пен жауапты басшылардың іс-әрекеті жіті тексерілетінін мәлімдеді. Әлгі сұраққа жауап тапсақ, тауып қана қоймай, салғырттықтан сабақ алсақ, оңдырмайтын олқылықтан, аяқтан шалар салақтық пен жартыкеш жауапкершіліктен арылар ма едік. Аңызда баяндаған ақсақалдың кішкентай тірліктегі үлкен жауапкершілігі бүгінгі лауазымы қарағайдай атқамінерге өте мөте керек боп тұр. Бұл оларға жауапкершілік жүктелмейді деген сөз емес.

Мәртебелі қызметке келгендер өзіне сенім артылғанын, жүктелген міндетті адал атқаратынын айтып ант береді. Апат жиі қайталанып, айтып келетін сипат алуы алаңдатпай қоймайды. Сорақысы сол, өтірік есеп беру, тәртіпті белден басу, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, қаржының орынды жұмсалуын қадағаламау сияқты кеселдерге етіміз үйреніп бара жатқандай. Содан болар, тілсіз жауға қарсы дайындық жүрдім-бардым, болжам – боркемік. Ал қазынадан бөлінген миллиардтар Семейдегі орманшыға жетпейді. Жүз мың жалақы алатын қатардағы қызметкер жүруінен тұруы көп көлікке мінуге, жалаңаш қолымен қызыл жалынға қойып кетуге мәжбүр. Тағы бір тәмсілге жүгінейік. Шаруасы қожырап, жабылуға аз қалған кәсіпорын қожайыны кеңес сұрап, бизнестің майын ішкен білгірге барады. «Жұмыс жүрмей жатыр. Тәртіп жоқ, бәрі бетімен кетті. Ұрлық-қарлық. Не істеуге болады?» – дейді. Ақылгөй көп ойланбай: «Ертеңнен бастап күнде фабрикадан шықпайтын бол. Нәтижесін сонда көресің» депті. Біраз уақыт өткенде кәсіпкер қайта келеді. Өндіріс ошағының тасы өрге қарай домалап, қол астындағылардың жұмысқа деген шабыты оянғанын, жемқорлық жойылғанын қуана хабарлайды. Сыр-себебін сұрайды. Бизнесмен сонда: «Өзі жоқтың көзі жоқ. Менеджер көрінбейтін жерде менеджмент қайдан болсын?!» – депті.

Бүгінгі министр де, әкім де белгілі бір дәрежеде менеджер. Бизнестен айырмашылығы – мемлекеттік басқару жүйесінде. Өзіне тапсырылған саланың немесе аймақтың түйткілдерін жетік білуге, жұрттың мұң-мұқтажына құлақ асуы тиіс. Төтенше жағдайда ғана емес, үнемі көпшіліктің арасында жүретін басшы ахуалды ушықтырмайды, мәселені дер кезінде шешеді. Сөзі мен ісі қабысатын мұндай басшыға қолдан жасалған қошемет те, медиадағы парықсыз пиар да қажет емес.

Срайыл МАҚАТҰЛЫ

Jas Qazaq электронық газеті

16 маусым 2023 жыл

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде