Садақа емес, концерт дерсіз…

09 ақпан 2018, 12:20

Осыдан үш-төрт жыл бұрын күллі республикамызға белгілі өнер адамы қайтыс болды. Барлық газет, телеарна ағамыздың қайғылы қазасы туралы жарыса жазып, ол кісінің қазақ өнерін дамытуға қосқан үлесі туралы айтып жатты. Біздің айтпағымыз, сол кісінің жылдық қадесінде орын алған жағдайлар туралы болып отыр.

Біздерді, яғни журналистерді ағамыздың жылдық қадесі туралы ақпарат жазып келу үшін садақа болып жатқан мейрамханаға тапсырмамен жіберді. Сенбі болатын. Қағаз-қаламымызбен бірге орамалымызды сайлап қаралы дастархан жайылған мейрамханаға келдік. Қаде деген аты болмаса, өңкей бір дөкейлердің ресми бас қосуына келгендей әсерде қалдық. Зыр жүгіріп қызмет көрсетіп жүрген мейрамхана даяшылары және менің әріптестерім, яғни екі-үш тілші қыздан басқа орамал тартып отырған ешкімді көрмедік. Марқұм ағамыздың қызы да елге танымал, қазақтың дәстүрлі өнерін киелі сахнада насихаттап жүрген хас таланттың бірі. Басқасын айтпағанда, сол әпкеміздің өзі шашын әжептәуір сәндеп, бес тонна бояумен залда отырды.

Әуелі ағамыз туралы кітаптың тұсауы кесіліп, еңбек таңдаулы адамдарға таратылғаннан кейін, еске алу фильмі көрсетілді. Жөн делік. Мұның барлығы күнделікті кездесіп жүрген дүние. Бірақ жылдық қадеде ән айтылып, күй тартылуын өз басым бірінші рет көрдім. Соңы кәдімгі концертке ұласып бара жатқан сыңайын байқап, шығып кеттік. Тілімді тістедім. Себебі менің ойымды ол кезде ешкім түсінбеген болар еді. «О заман да, бұ заман, қазақ садақада ән айтатын жағдайға да жеткеніміз бе?» деген оймен жүргенімізде арада зуылдап жылдар өте шығыпты.
Осы ойымызды мүфтият оқып қойғандай, өткен жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының сол кездегі бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» деген кітабы жарыққа шықты. Ғажабы сол, аталған кітапта садақа рәсімдеріндегі ысырапшылдықтан бастап, өзгелерге еліктеуден туған дарақы әдеттерге дейінгі мәселе орынды көтерілген. Осы кітап жарық көргеннен кейін, тіпті мүфтияттың садақадағы дастархан мәзіріне дейін ресми түрде бекітіп қойғаны өтірік емес.
Енді атыраулық имамдар марқұмның үш, жеті және қырық күндік қадесін біріктіріп, бір күнде өткізуді ұсынып отыр. Атырау облысының орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров «Саралап қарасақ, үш күнге бір бөлек, жеті күнге бір бөлек, қырық күнге бір бөлек дастархан жая беру, сайып келгенде, ысырапшылдық. Оған қоса, әр қадеде міндетті түрде құрбандыққа мал шалынатыны тағы бар. Әрі осы қаделердің қай-қайсына да шаңырақтың сол баяғы таныс адамдары айналып қатыса береді. Егер қаделерді біріктіріп, бір күнді белгілейтін болсақ, былайғы жұрттың уақытын да үнемдер едік. Әрі бұл шаңыраққа да ыңғайлы болар еді» – дейді.
Бас имамның пікірінше, шариғатымыз қадені мейлінше қаралы шаңырақтың өзінде өткізуге маңыз беруді қолдайды. Рас, көп қабатты, тарлау үйде тұратындарға мейрамхана жалдауға болады. Десе де, мұндай жағдайда ысырапшылдыққа жол бермейтіндей дастархан жаюды қолға алғанымыз абзал. Облыстың бас имамы Батыржан қажы «Мысалы, ет, бауырсақ, мейіз. Ал балықтың түр-түрі, салат, жеміс-жидек сынды тағам түрлері жаназа дастарханы мәзірінен алынып тасталса. Жалпы халыққа ыңғайлы болатын жаназаның ортақ дастархан мәзірін бекітсек. Жобамен алғанда, мәзірдің үлгісін бауырсақ, сары май, қант, халуа немесе жент, өрік немесе мейіз, конфет, печеньеден тұрады деп алып қарастырсақ, қарапайым дастархан қара жамылып отырған үйді соңғы қаражатына дейін садақаға жұмсауына алып келмес еді», – дейді.
Садақада марқұмды еске алып отырмыз деген желеумен ән айту, күй ойнату дегеннен шығады, дін қызметкерлері еліктеушілік, сырттан келген әдет-ғұрыптың соңғы кездері қазақтың тұрмыс-тіршілігіне еніп бара жатқанына да алаңдаулы. Кеңінен тараған бір ғана мысалды алға тартайық. Марқұмды жерлеу рәсімін өткерер алдында дауыс зорайтқышпен митинг өткізу, осы шара кезінде табыттың алдынан гүл шоғын, оған қоса, марқұмның суретін алып жүру сияқты ұлтымызға, дінімізге, ділімізге жат әдеттер бар. Бас имам Б.Мансұров «Асылында, мұндай астамшылық әрекеттер марқұмның әруағына да қиындық туғызады. Сондықтан осындай керексіз әдеттен арылып, қарапайымдылыққа жақындай түссек деген ұсынысымыз бар», – деп түйіндеді бізбен әңгімесін.
Қалай десек те, астамшылық, өзім білемділікке салынып, Құдайды ұмыту ешуақытта жақсылыққа апармаған. Бір кездері күллі Мысырды дүрліктірген перғауындар дәуірін, берісі Ленин мен Сталиннің ақырын еске түсірсек те жеткілікті. Тіпті Лениннің есімі соңғы кездері «жер қабылдамаған адам» ретінде атала бастады. Әңгіме ауанын қайтадан әңгімеміздің бастауына бұрсақ, өнер адамдарын арнайы шығармашылық кеш жасап еске алудың айыбы бола қоймас. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқов ағамызды еске алуға арналған шығармашылық кештер Республика сарайында талай ұйымдастырылып жүр. Бұл дұрыс. Ал қайтыс болған өнер иесіне дұға бағыштауға арналған жылдық дастарханын концертке айналдыру біздіңше, ақылға қонымды іс емес. Мейлі, сіз бай болыңыз, ақсүйек болыңыз. Марқұмның жылдық дастарханын, тіпті жоғарыда отырғандар үшін жайсаңыз да, шариғаттан аттауға ешкім құқық бермесе керек-ті.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау

06 мамыр, 18:18
Дастан Өмірбаев: Алматыда өңдеу өнеркәсібі 21 пайызға артып, еліміздегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетті
06 мамыр, 15:52
Түркістан: Әйелдер мен балалар қауіпсіздігі – күн тәртібінде
06 мамыр, 15:17
Түркістан полициясы оқушылардың қауіпсіздігіне мән береді
06 мамыр, 14:42
Түркістан: Екі ауылда полиция бекеттері ашылды
06 мамыр, 14:25
Түркістан: Арыста кадет сыныбына ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі берілді
02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз