
Алматы облысында пойыз бен автобус соқтығысқан өткелге көпір салу үшін 70 жер үйді сүру керек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр айтты.
«Аталмыш теміржол өткелімен бір тәулікте – яғни, күн сайын 65 пойыз өтеді. Ал автокөлік қозғалысының қарқыны – 10 мың автокөлік. Сөзсіз, аталып отырған өткелге көпір, өтпежол салу керек. Әйтсе де, дәл сол аумақта өтпежол салу үшін сол жердегі 70-ке тарта жеке үйді, 2 жанар-жағармай бекетін сүру керек. Бұл әлбетте, үлкен бюджеттік шығынды талап етеді. Сол себепті, аталған өткел қосымша күзет сигнализациясымен ғана емес, автокөліктің өтіп кетпеуін қамтамасыз ететін кедергілік құралдарымен жабдықталған болатын», — деді Роман Скляр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Министрдің айтуынша, автокөлік жолдарын қайта жөндеу кезінде міндетті түрде тиісті көпірдің салынуы қарастырылады. «Темір жол және автокөлік магистральдары – автокөлік жолдары бірінші, екінші және үшінші санатта болса ғана түйіседі. Шамалғандағы жағдайда автокөлік жолы – техникалық сипатта екінші санаттағы жол. Біз өткелде көпір салуды келесі жылға жоспарлап отырмыз. Бірақ, көпір дәл осы өткелде емес, жер үйлер азырақ сүрілетін аумақта салынады», — деді Роман Скляр.
ҚазАқпарат