
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы:
«Бүгін шын мәнінде өте маңызды жиын өтіп жатыр.
ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына жаһандық ғылым жүйесінің көрнекті өкілдері, әлемге әйгілі ғалымдар мен білім саласының білікті мамандары және сарапшылар қатысып отыр.
Осы алқалы жиында халықаралық ғылыми ықпалдастық мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Бұл – өте өзекті тақырып.
Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек.
Сіздердің, яғни, ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды.
Осыған орай, бүгін ғылымның даму жолына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты құнды пікірлер, тиімді ұсыныстар айтылып жатыр.
Мұның бәрі де отандық және шетелдік жоғары білім саласының әлеуетін нығайтуға септігін тигізері сөзсіз», — деді.
Президент өз сөзінде еліміздің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды:
«Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард доллар болады. Ал осыдан жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш 181 миллиард доллардың шамасында болды.
2019 жылдан бері экономикамызға 155 миллиард доллар шетел инвестициясы тартылды. Еліміздің сыртқы сауда көлемі 150 миллиард долларға жуықтады.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 44 пайызға ұлғайып, 129 миллиард доллардан асты.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды.
Бұл қазіргі буын өкілдерінің өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағына қосып жатқан баға жетпес үлесі десек, шындық боларына күмән жоқ.
Қазақстанда ақысыз медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі нақты бекітілген. Соған сәйкес азаматтарымызға 1 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетіледі.
Елімізде әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарға берілетін жәрдемақының 39 түрі бар».
Мемлекет басшысы соңғы жеті жылда елімізде 625 орта және ірі өндіріс орны ашылып, 3,6 миллион адам жұмыспен қамтылғанын атап өтті.
«118 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. 36 мың шақырым автокөлік жолы және 5 мың шақырым теміржол салынып, жөнделді.
Қазақстан табиғи ресурстар мен сирек кездесетін металдар, яғни уран, мұнай, көмір, титан, алтын, хром, мыс, вольфрам, кобальт, ванадий және тағы басқа аса маңызды минералдар қоры бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы елдердің бірі саналады.
Өздеріңіз білесіздер, аталған құнды ресурстарға әлемдік сұраныс өте жоғары».
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi