
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысына қатысты, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында Король Филипп пен Патшайым Матильдаға ілтипат білдірді.
Президент мәртебелі меймандардың осы іс-шараға қатысуы тату достық пен екіжақты серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға деген ортақ ұмтылысты көрсететінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың қатарына кіретінін айтты. Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар экономикамызға 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған.
«Елімізде агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, фармацевтика, озық технологиялар мен энергетика салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Олардың қатарында Jan De Nul, Sarens және Ahlers сияқты жетекші бельгиялық компаниялар бар. Екіжақты сауда көлемінің өсіп келе жатқаны қуантады. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық шамамен 10 пайызға өсті. Сонымен қатар сауда үдерістерін жеңілдету және тауар айналымы өсімін арттыру үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ғана халықтарымыздың қалауына қол жеткізетінімізге сенімдімін. Қазақстан Бельгияның Орталық Азия аймағындағы ірі сауда серіктесі саналады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге Король Филипптің айрықша үлес қосқанына тоқталды.
«Сіз 16 жыл бұрын Қазақстанға сауда миссиясын бастап келдіңіз. Бұл қадам елдеріміздің іскер топтары арасындағы ұзақ мерзімді ықпалдастыққа берік негіз қалады. Сіздің Бельгия бизнесіне көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз серіктестігімізді ілгерілетуге зор ықпал етті. Дегенмен ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға әлеуетіміз жеткілікті», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көлік-логистика қарым-қатынасты нығайтатын негізгі бағыттардың бірі саналады
Президент Қазақстан теміржол және автокөлік инфрақұрылымын, Орта дәліз бойындағы теңіз порттары мен терминалдарын жаңғыртуға ауқымды инвестиция құйып жатқанын мәлімдеді.
«Осы орайда, Еуропадағы ірі логистикалық орталықтың бірі ретінде Бельгияның бай тәжірибесінен үйренеріміз көп. Антверпен-Брюгге порт кешені мен Каспий теңізіндегі Ақтау, Құрық порттары арасында нәтижелі серіктестік орнайтынына сенімдіміз. Бұл Қазақстанның металл, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін үлкен нарыққа шығаруға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен технологиялық индустрияны дамыту өзара серіктестіктің негізгі басымдығы екенін айтты.
«Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана отырып, AlemAi, Alatau City секілді ірі бастамаларды жедел іске асырамыз. Өнеркәсіптің озық салалары аталған орталықтарда қалыптасады. Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласында позициясы мықты. Осы артықшылықты ескеріп, бірлескен жобаларды іске асыруға және серіктестікті дамытуға болады», – деді Президент.
JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi