
Кузницадағы өткізу пункті жабылғаннан кейін Польша-Беларусь шекарасында жүк көліктерінің үлкен кезегі пайда болды. Бұл туралы Польша шекара күзеті Подляск комендатурасының баспасөз хатшысы Катажина Зданович мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін поляк шекарашылары Варшава 9 қарашадан бастап мигранттарға байланысты Беларуспен шекарадағы өткізу пунктін жабатынын хабарлады. Барлық жүк көлігі басқа өткізу пункттеріне жіберілетіні айтылды.
«Менің ақпаратым бойынша, Бобровниктегі шекара өткелінде күту уақыты 39 сағат болады», — деді Зданович.
Оның айтуынша, қазір кезек шамамен 25 шақырымға созылған.
Бұған дейін Польша Ұлттық Ассамблеясының төменгі палатасы заңсыз көші-қоннан сақтану үшін Беларусьпен шекарада қоршау салу туралы шешім шығарғаны хабарланған. Польшаның ішкі істер және әкімшілік министрі Мариуш Каминский Беларусьпен шекарадағы қозғалысты бақылау, анықтау жүйесімен жабдықталған қоршау салынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Польша қорғаныс министрлігі босқындар лагеріне Беларусь қауіпсіздік күштері жақындап келе жатқанын мәлімдеді. Польша Ішкі істер министрлігі мәліметінше, шекарада 12 мың әскери, 4 мың шекарашы, 1,5 мың полиция қызметкері және терроризмге қарсы бөлімшенің 250 қызметкері орналастырылған. Поляк тарапы шекарада естілген атыс көрші жақта екенін айтқан еді.