
Алматы қаласының Әуезов ауданында полицияға шабуыл жасалды. Бірінші шағын аудандағы үйлердің бірінің ауласында сеніп тапсырылған аумақты күзету барысында учаскелік инспекторлар алкоголь ішкен ер адамдар тобын байқайды.
Олар балалар ойын алаңында ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отырған. Тәртіп сақшыларының ескертуін елемей, карантиндік режим ережелеріне пысқырмай, өз әрекеттерін заңға қайшы емес екендігін заң қызметкерлеріне дәлелдегісі келеді.
«Тәртіпке бағынбағандарды полиция бөлімшесіне жеткізуге әрекет жасау кезінде, бес ер адам полицияға шабуыл жасады. Нәтижесінде, бұзақылар қамауға алынды. Қазір олар жауапқа тартылып, міндетті түрде заңға сәйкес жазасын алады», — деп сендірді Әуезов ауданының полиция бөлімінің бастығы Әлішер Тұрсынбетов.
Оның айтуынша, олар Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылады: ҚР ҚК 379-бабы (мемлекеттік қызметкерге бағынбау) және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану).