
Тентек суға тойып алып көлігімен бағдаршамды қиратқан елордалық жүргізуші, полициядан қашуға әрекет жасады.
Бейсекова мен Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында, қаңтардың 11-і, сағат 22:35, жол ережелерін өрескел бұзған көлікті байқап жол сақшылары соңына түседі. Ол полициядан қашамын деп бағдаршамды соғып қаша жөнеледі.
Полиция депортаментінің Tengrinews.kz-ке берген жауабында:
«Полицейлер көліктің соңынан қуып, дыбыс күшейткішпен тоқтауын талап еткен. Бірақ полицияға бағынбай тығылуға әрекеттенеді. Басқаларға айтарлықтай қауіп төндірген жүргізушіні, патрульдік полиция полкінің инспекторы Мадияр Солтанов бағдаршамға тоқтағанын пайдаланып, көліктің терезесін сындырады. Құқық бұзушы сол жерде тұтқындалды».
Кіші сержант Мадияр Солтановтың айтуынша, көліккке жүгіріп барғанында, жүргізушінің мас екенін аңғарған. «Ол есікті ашпай қойды, сосын мен терезені шағуды жөн көрдім.Меніңше бұл сол кездегі ең дұрыс шешім болды, себебі ол ары қарай қашып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Жүргізуші қарсылық білдірді, алайда мен кілтті жұлып үлгердім», — дейді полицей.
Медициналық куәландыру барысында елордалық 35 жастағы ер адамның орта деңгейде мас болғаны анықталған. «Жүргізуші ұсталды, көлік коммуналдық тұраққа жеткізілді. Осы дерекке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі («Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Полицейдің кәсіби және жедел шараларының арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды. Егер полиция қызметкері тәртіп бұзушыны уақытында тоқтатпаса, бұл жағдай қалай аяқталатыны белгісіз», — деді ПД өкілдері. 11 қаңтарда, тәртіп бұзушылық жасалған күні мас күйінде көлік құралдарын басқару жауапкершілігін қатаңдатылған түзетулер күшіне енді. «Қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері жоқ немесе материалдық залал келтірілмеген мас күйінде жол апатын жасағаны үшін көлік құралын басқару құқығынан айыру мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды және 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.