
Алматы облысында отқа оранған қоқыс алаңы әлі бықсып жанып жатыр. Қызыл жалын 38 гектар жердегі полигонның 3 гектарын шарпып үлгеріпті. Өртті ауыздықтауға тікұшақ шақырылған. Таңнан бері тыным таппаған әуе көлігі 100 тоннадан астам су төксе де, төңіректі тұмшалаған қою түтін басылатын емес. Ал Алматы-Қапшағай тас жолының түтін басқан бөлігінде полицейлер әрі-бері қатынаған көлік иелеріне ара қашықтықты сақтап, ақырын жүруді ескертіп жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Іле ауданына қарасты қоқыс алаңындағы тілсіз жаумен төтеншеліктер екінші күн қатарынан арпалысып жатыр. Алайда өрт сөндірушілер мен түрлі техниканың күндіз-түні өртті ауыздықтауға шамасы жететін емес. Жалынның қайта күш алуынан қорыққандықтан көмекке тікұшақ шақыртылған. Әуе көлігі таңнан бері тынып таппай төбеден су тасып жүр.
Данияр Ысқақов, Алматы облысы ТЖД өрт сөндіру қызметінің бастығы:
— Бүгін сағат тоғыздан бастап тікұшақ жұмылдырылды. МИ-8 тікұшағы. Тікұшақ суды екі шақырым жердегі көлден алып, таң атқалы 100 тоннадан астам су төкті. 35 рет қатынады. Әлі де қатынай береді.
Қатты және тұрмыстық қалдықтар төгілетін қоқыс полигоны 38 гектар аумақта орналасқан. Алапат өрт оның 3 гектарын шарпыған. Төтеншеліктер жалынды толықтай өшіру «ауа райының ыңғайына байланысты» дейді. Егер жел күшейсе, жалынды тұншықтыруға қатты кедергі келтіреді.
Қызыл жалын көзге көрінбесе де, бықсып жатқан қоқыстың қою түтіні әлі төңіректі тұмшалап тұр. Әсіресе Алматы-Қапшағай тас жолының бір бөлігін ауық-ауық түтін басып, әрі-бері ағылған жолаушыларға қауіп төндіруде. Жол жиегіндегі полицейлер көлік иелеріне ара қашықтықты сақтап, ақырын жүруді ескертуге көшкен.
Кеше өрт басталғанда қою түтіннің кесірінен тас жолдың бойында бірнеше көлік апатқа ұшыраған. Іле-шала қауіпсіздікті күшейткен сақшылар бүгін ешқандай жол-көлік оқиғасы тіркелмегенін айтады. Ал маңайдағы түтінге тұншыққан ауыл тұрғындары қоқыс алаңын жабуды талап етуде.
Ибадат Төлебаева:
— Жалғыз мен емес, елдің бәрі «алып тастаса, жапса» деп айтады. Ешкім тыңдамайды бізді. Үйдің бәрі ыс боп кетті ғой.
Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл қоқыс алаңының ашылғанына 10 жылдан асыпты. Бірақ бұған дейін тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түспеген дейді жергілікті билік өкілдері.
Бақтияр Талғатұлы, Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
— Бұл жерге тек қана Іле ауданының қоқыстары төгіледі. Ол бойынша тек рұқсатпен ғана, сырттан келгеннің ешкімнің төгуге рұқсаты жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, бұл инвестициялық жоба. Оның үстіне өрт соңғы бірнеше жылдықта – бірінші рет. Өйткені бұған дейін болатын болса, дауға ұласып кетер еді.
Десе де, Алматы маңындағы отқа оранған аймақта тексеріс жүргізген «Қазгидромет» өкілдері ауаның әдеттегіден ластанғанын растады. Демек, ашынған тұрғындардың жанайқайы шындыққа жанасатын секілді. Ал мамандар қазір қоқыс алаңындағы өрттің шығу себебін анықтап жатыр.