
Петропавлда кәсіпкерге оқ атылды. Қаскөйлер оны үйінің алдында атып кеткен. Аяғынан қатты жараланған ол жансақтау бөлімінде жатыр. Алайда полицейлер бизнесменнің аты-жөнін атамай отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Белгілі болғаны, оқиға қаланың қақ ортасында таңғы төрт шамасында болған. Қаскөйлер жәбірленушіні үйіне қайтқан бетінде балалар ойнайтын алаңқайда күтіп тұрған көрінеді. Артынша тұрғындардың бірі полицияға хабарласып, көпқабатты үйдің ауласында ер адамның жатқанын және мылтықтың атылғанын естігенін айтыпты. Тәртіп сақшылары тасадан қару кезенгендер екі адам болғанын анықтады. Қазір күдіктілерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Ал полицейлер бұдан басқа мардымды ақпарат бермесе де, жараланған жігіттің көршілері оның бизнесі қаладағы белгілі ойын-сауық орталығымен байланысты дейді.