Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов Өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн форматта өткізген баспасөз жиынында облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
«Қазіргі уақытта облысымызда КВИ жұқтырған 700-ден астам адам стационарларда емделіп жатыр. Ауруханалардың жүктемесі — 36 пайыз. 1 мыңнан астам адам үйлерінде ем қабылдауда. Өңірімізде жүкті әйелдерден де КВИ анықталуда. Соңғы тәулікте 1 жүкті әйел ауруханаға түсті. Сондай-ақ індетке шалдыққан 90 бала бақылауға алынған. 28 бала ауруханада жатыр. Ал, облысымызда жансақтау бөлімінде 33 адам жатыр. 12 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», — деді Айдар Сейітқазинов.
Басқарма басшысы жансақтау бөлімінде жатқандардың арасында 1 жасқа толмаған нәресте бар екенін айтты.
«КВИ бала дүниеге келгеннен кейін анасынан жұққан. Дем жетіспегендіктен жансақтау бөлімінде екінші күн жатыр. Жағдайы оңалып кетуі тиіс», — деді Айдар Сейітқазинов.