Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр тұрғындардың пәтерлерін жалға беруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өзінің баспанасын жалға беруге әрбір адамның құқығы бар, бұл өз кезегінде көбісі үшін бизнеске айналған. Ал қоғамдық тәртіп, осы бизнесті пайдалану ережесі ғимарат ішінде міндетті түрде орындалуы керек. Яғни, бұл баспана бір тәулікке немесе бір айға жалға берілсе де, тәртіп болуы қажет», — деді ведомство басшысы. Министр тұрғын үйлердегі тәртіпке жергілікті атқарушы органдар да қосылуы керектігін атап өтті. «Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полицейлер, тұрғындардың өздері үлестерін қосуы керек. Егер жалға берілген пәтерлерде тәртіпсіздік орын алса, тиісті шаралар қабылданғаны дұрыс. Негізі, жұмыс тобындағы талқылау кезінде осындай бизнеспен айналысатын азаматтардың құқықтарын шектемеу шешімін қабылдадық. Олар салық комитетінде тіркеліп, патент алып, өзінің пәтеріндегі тәртіпті бақылауы тиіс», — деді Роман Скляр. Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. «Заң жобасы келесі негізгі мәселелерді шешуге бағытталған, яғни «Бір үй — бір бірлестік — бір шот» қағидасы бойынша «мүлік меншік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымның жаңа формасын құру арқылы басқару органдарының қызметін реттеу. Ұсынылған принцип әр үйді басқарудың жеке тәсілін қарастырады. Әр мүлік меншік иелерінің бірлестігі өзінің ағымдағы және жинақтаушы шоттарын ашатын болады. Аталған шара пәтер иелері кооперативтері және басқарушы компаниялар тарапынан қызметтер мен тарифтердің тұрғындарға жүктелмеуін және қаржыларының ашық жұмсалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тұрғындардың басқару тәсілін таңдау құқығы жеке басқару органдары арқылы немесе шарт негізінде басқарушы компаниялар арқылы беріледі», — деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр.