
Пәкістанда мыңдаған тұрғын Нидерланд елшісінің елден қуылуын талап етіп, көшеге шықты! Жаппай наразылыққа Нидерландтағы ұлтшыл партия басшысысының ұсынысы себеп болған. «Мұхаммед Пайғамбар жасасын, Нидерланды құрысын!» деген ұранмен мыңдаған мұсылман Лахор қаласындағы қозғалысты тоқтатып тастады. Пәкістандықтардың бұлайша дүрлігуіне голландиялық саясаткер, партия басшысы Герт Вилдерстің Пайғамбар карикатурасына байқау жариялауы түрткі болды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Вилдерс ең үздік туындыға өз қалтасынан 10 мың доллар төлейтінін айтып, тіпті ең күлкілі болып шыққандарын Парламент қабырғасына ілуге уәде етті. Саясаткердің сандырағын Пәкістан Сыртқы істер министрі Шах Махмуд Күреси бірден сынға алды. Карикатура байқауын «өшпенділік» деп атаған Күреси Біріккен ұлттыр ұйымы мен адам құқығы жөніндегі халықаралық комиссияға шағым түсірді. Десе де, Герт Вилдерстің кешірім сұрайтын түрі жоқ. Қайта 200-ден астам суреттің келіп түскенін айтып мақтанды. Ал байқаудың қазылар алқасының басшысы болып Техаста Пайғамбар карикатурасын салып, жеңімпаз атанған америкалық Бош Фостиннің өзі отырмақшы.