
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 30 тамызда ғарыш қызметін дамыту үшін «Өзбекғарыш» ғарыштық зерттеулер және технология агенттігін құру жөнінде жарлыққа қол қойды.
Бұл туралы хабарламада «Республикада ғылыми-техникалық, тәжірибе-зерттеу, машина құрылысы саласында тәжірибе-өндірістік, интеллектуальдық және кәсіби ресурстар, базалық құрылым, ғарышты зерттеуге толық мүмкіндік бар. Сонымен бірге елде ғарыш саласында зерттеулер мен технологиялар, ғарыштық байланыс, навигациялық жүйелер бұрын болмағанын атап өткен жөн. Өз кезегінде бұл ауыл шаруашылығын көтеруге, су шаруашылығы мен экологияны зерттеуге, телекоммуникация, геологиялық барлау, картография, метеорология, сейсмология мен қала құрылысына көмектесе алады», – делінген.
«Өзбекғарыш»-тың мақсаты – ғарыш саласын дамыту бағдарламасын іске асыруға бағытталған. Бұл бағытта мемлекет шетелдік инвесторларды тартып, озық технологияларды пайдаланбақшы. Сондықтан 1 қарашаға дейін «Ғарыш қызметі туралы» заң қабылданып, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап ғарышты дамытудың 2020-2030 жылдарға дейінгі бағдарламасы қабылданбақшы.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ