Су тасқыны кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен өзбекстандық сарбаз Мақтарал ауданынан іздестірілуде. Бұл туралы Шымкент қалалық ТЖД мәлімет таратты.
Шымкент қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, көрші елдің сарбазын іздестіруге 20-шы маусым күні жедел-құтқару жасағының мүшелері аттанып кеткен.
«20 маусым күні Шымкент қ. ТЖД-не ҚР ІІМ ТЖ комитетінің басшылығынан Өзбекстан Республикасы Ұлттық гвардиясының 1992 ж. т. әскери қызметшісін іздестіру жұмыстарын жүргізуге көмек көрсету туралы хат келіп түсті. Осы хатқа орай Мақтарал және Жетісай аудандарындағы су басу аймақтарында және су қоймаларында іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қ.ТЖД жедел-құтқару жасағының «Шардара« құтқару бекетінен 5 құтқарушы, 1 техника және 1 қайық шықты. Бұл жұмыстарға Түркістан облыстық ТЖД қызметкерлері де жұмылдырылған. Қосымша Шымкент қаласынан сағат 09.15-те іздеу жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қ. ТЖД «ӨС және АҚЖҚ« ММ жедел-құтқару жасағының 2 кинологиялық есебі шықты. Қазіргі таңда іздестіру жұмыстары жүргізілуде», делінген хабарламада.