
Биылғы жарты жылдықта елімізде 28,6 млрд текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3 пайызға артық. Негізгі өсім – Атырау облысында. Мұнда алты айдың ішінде 12,3 млрд текше метр (43 пайыз) газ өндірілді. Одан кейінгі орында Батыс Қазақстан облысы – 10,4 млрд т/м (36,3 пайыз). 3,4 млрд т/м (11,9 пайыз) – Ақтөбе облысының үлесінде. Егер өндіріс қарқыны сақталса, жыл соңында отандық газ саласында жаңа рекордқа қол жеткізуге болады. Сәйкесінше, экспорт көлемі де артады.
Айта кеткен жөн, еліміздегі газ өндірісі 10 жылда шамамен 2-3 млрд текше метрге көбейіп отырды. Әсіресе, соңғы екі жылдың ішінде газ саласында тек өндірісте емес (2015 жылғы 43,2 т/м-ден 2017 жылы 52,9 т/м-ге дейін), басқа да бағыттарда жоғары көрсеткішке қол жеткізілді. Сөйтіп шетелдік сарапшылардың пікірінше, посткеңестік кеңістікте алға суырылып шықты.
Отандық газ саласында қолға алынған шаралар желілерді бірыңғай газ-көлік жүйесіне біріктіруге, газ желісінің қашықтығы мен беріктігіне, экспортты ұлғайтуға, оған қоса аймақтарды газдандыруға ықпалын тигізді. Әлбетте, саланың қарыштап дамуына газбен жабдықтаумен айналысатын ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ қызметінің ықпал еткені түсінікті. Компания жетістіктері оның Орталық Азияда технологиялық мықты оператор, ТМД-да ең қарқынды дамып жатқан газ компаниясы атануына мүмкіндік берді. Тек 2017 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 88 пайызға өсіп, 83,2 млрд теңгеге жетті. Бұл көрші елдердің компанияларымен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Дегенмен ұлттық оператордың бүгінгі басшылығы газ саласындағы зор жетістіктер әлі алда деп санайды.
Бүгінде өнеркәсіп категориясындағы газ қорының 86 пайызы игерілуі тиіс 30 шақты кен орнының үлесінде. Соған қарамастан, көгілдір отын дәстүрлі түрде Теңіз, Қашаған, Королев кен орындарында өндіріледі.
Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз» АҚ еліміздің оңтүстік өңірлерін газбен жабдықтап, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысындағы кеніштердің Амангелді тобына үміт артады. Онда 2031 жылы өнеркәсіп өндірісі басталады. 2017 жылдың басында «Амангелді Газ» ЖШС 7,072 млрд т/м табиғи газ бен 303,5 мың тонна газ конденсатын өндірді. Ал 10 жыл ішінде Амангелді кенішінде газ өндіру 7,03 млрд текше метрге, газ конденсатын өндіру 303,15 мың тоннаға жетті.
Бүгінде «ҚазТрансГаз» АҚ елдегі 18 мың шақырымнан асатын газ желісі магистралін өз бақылауында ұстайды. Ол арқылы жылына 160 млрд текше метр көгілдір отын тасымалдауға болады. 46 мың шақырымға созылып жатқан газ тарату желісі 56 компрессор стансасының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Оларда 342 газ айдайтын құрылғы орнатылған. Сондай-ақ 3 жерасты газ қоймасы бар. Соңғы жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ өзінің газ-көлік инфрақұрылымын мақсатты түрде қайта құрды, кей тұсында толығымен жаңартты. Сөйтіп оны Орталық Азиядағы ең заманауи әрі техникалық жарақтанған инфрақұрылымға айналдырды. Бүгінде елдегі 8 миллионнан астам тұтынушыға тауарлы газ жеткізу жауапкершілігі жүктелген компания аймақтағы ең ірі газ операторы болып отыр. Сауатты да қырағы менеджменттің арқасында «ҚазТрансГаз» АҚ ел ішін жүз пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз ете алады.
2017 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ топ-менеджментінің стратегиясы арқасында газ желісі магистралі арқылы көгілдір отын тасымалдау көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,7 млрд текше метрге көбейді. Сөйтіп 101 млрд текше метрді құрады. Экспортқа газ тасымалдау 34 пайызға, яғни 17,7 текше метрге ұлғайды. Халықаралық транзит 65,8 млрд т/м-ге жетті.
Айта кету керек, ұлттық оператор ішкі нарықтағы сауда операциясында зор шығынға ұшырайды. Себебі отандық тұтынушыға көгілдір отын өзіндік құнынан төмен бағамен сатылады. Компания бұл шығынның орнын өз пайдасы есебінен жабады. Айталық, үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында бұл бөліктегі шығын 27 млрд теңге болды. Сонымен бірге «ҚазТрансГаздың» орасан инвестициялық жүктемесі бар.
Тек былтырғы жылы компания жүзеге асыратын жобалар бойынша игерілген инвестицияның жалпы көлемі 82,3 млрд теңгені құрады. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 27,5 млрд теңгеге көп. Инвестиция өсімі ірі жобалармен байланысты. Мәселен, бір жыл бұрын «ҚазТрансГаз» 10 жылдық айналымға ие, номиналдық құны 750 млн доллар болатын еурооблигацияны ТМД-дағы корпоративтік эмитенттер ішінде ең төменгі 4,4 пайыз табыспен Ирландия қор биржасы (ISE) мен Қазақстан қор биржасында (KASE) орналастырды.
Соңғы жылдары «ҚазТрансГаз» АҚ жүзеге асырған ең маңызды және ең ірі инвестициялық жобалардың бірі «Қазақстан – Қытай» трансұлттық газ желісінің өтімділігін ұлғайту болып табылады. «С» тармағындағы №1 және №3 компрессор стансаларының іске қосылуымен жылына 20 млрд текше метр газ тасымалдау мүмкіндігіне қол жеткізілді. Өткен жылғы күзде отандық газ Қытайға азиялық құбырға қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ желісінің қуатын арттыру есебінен экспорттала бастады. Қарқынды өсіп жатқан Қытай экономикасы жылына 10 млрд текше метр қазақстандық газды тұтынуға бейім. Бұл тек еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қоймай, отандық газ саласындағы жаңа кезеңге аяқ бастырды. Бұған дейін көгілдір отынымыз Еуропаға тек Ресей арқылы жеткізілетін.
Ұлттық оператор қазірдің өзінде еліміздің аумағы арқылы Түрікменстан мен Өзбекстаннан Қытайға өтетін табиғи газ транзитінен қомақты табыс тауып отыр. Тек былтырғы жылы транзит табысы 1 млрд долларды құрады. Осы транзит пен экспорт есебінен газ инфрақұрылымына құйылған қаржыны еселеп қайтаруға мүмкіндік бар.
Аймақтарды газбен жабдықтау – «ҚазТрансГаз» қызметінің маңызды бір бөлігі. Соңғы бір жарым-екі жыл ішінде ел ішіндегі газдандыру деңгейін 47,38 пайызға жеткізді. Бүгінде компания 8 миллионнан астам тұрғынды, 10 өңірдегі 35 мың кәсіпорынды көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.
Былтырғы жылы компания 2200 газ желісін салып, 93 елді мекенді газбен жабдықтау желісіне қосты. Соның нәтижесінде 65 мыңнан астам отбасы көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігін иеленді. Талдықорған, Қапшағай, Есік, Жаркент, Байқоңыр қалалары, сондай-ақ Алматы, Түркістан, Қостанай, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы елді мекендер тұңғыш рет газдандырылды. Ақтөбе облысында автоматты газ тарату стансасы салынды. Ол тек облыс орталығын емес, төрт ауданның елді мекендерін газбен үздіксіз жабдықтай алады. 2020 жылға дейін еліміздің 9 аймағында қашықтығы 7 мың шақырымнан асатын газ желісін қайта жаңғыртуға және газбен қамтуды кеңейтуге арналған инвестициялық жобалар жүзеге асады. Елді мекендерді газдандыру «ҚазТрансГаз» АҚ және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қаржысы есебінен жүргізіледі. Қазірдің өзінде осындай инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың нәтижесінде тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру, жол құрылысы, шағын және орта бизнестің дамуына серпін берілді.
Таяу жылдары еліміздің солтүстік және орталық аймақтары, соның ішінде Астана қаласы өтімділігі 3 млрд т/м деп жоспарланған «Сарыарқа» газ желісі магистралінің есебінен газдандырылады. Жаңадан салынатын газ желісінің трассасы және оның желі құрылғылары Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасады. Жобаның бірінші кезеңі Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана бағытында 171 елді мекенді қамтиды. Қашықтығы 1081 шақырымды құрайтын бұл желінің құрылысы 2019 жылдың желтоқсанында аяқталуы қажет. Сол кезде 2,7 млн адам газбен жабдықталады. Екінші кезеңде газ желісіне Көкшетау мен бүкіл Ақмола облысы қосылады. Үшінші кезеңде газ желісі Петропавловскіге жеткізіледі. Төртінші кезеңге «Жезқазған» және «Теміртау» компрессор стансаларының құрылысы жоспарланған. Бұл газ желісі магистралінің жылдық тасымалын 2 млрд текше метрге жеткізуге мүмкіндік береді.
Отандық газ саласының осылайша тұрақты да қарқынды дамуы еліміздің табиғи газ өндірушілердің алдыңғы қатарына қосылуына мүмкіндік береді. Бұл белесті бағындыруға «ҚазТрансГаздың» жемісті жұмысы мен тиімді менеджменті ықпал ететіні сөзсіз. Бұған компанияның соңғы жылдардағы зор жетістіктері дәлел бола алады.
Талап Тілеген