Осы жұрт Жұмағалиді біле ме?

12 маусым 2020, 15:18

Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ дәрігері

Көкшетау қаласының бұрынғы Левон Мирзоян көшесіне Алаш қайраткері, Жұмағали Тілеулиннің есімі берілгені өте орынды. Тарихтың әділдігі де осы. Жұмағали Тілеулиннің ұрпақтары «Л.Мирзоянның тұсында атамызды ату жазасына кескен еді, оның атындағы көше қазір біздің атамыздың атына ауыстырылғаны – ақиқаттың жеңгені» дейді. Шынында да солай.

Газетіміздің өткен санында «59-баппен жазаланғандар қашан ақталады?» деген материал бергенбіз. Бүгінгі әңгіме нәубет жылдары жазаланған медицина маманы, дәрігер, Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулин туралы. 2018 жылдың соңына таман Көкшетау қаласының Левон Мирзоян көшесіне Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулиннің есімі берілді. Бұл тарихи тұлға туралы көпшілік біле бермейді. Жазықсыз құрбан болған аяулы жанның қилы да қиын тағдырын жас ұрпақтың білгені абзал. Алаш қайраткерінің аумалы-төкпелі тағдырын немере інісі Бекет Тілеулиннің аузынан жазып алдық.

Менің атам Тілеулі мен әжем Ерке екеуі Шаймерден, Мұқаш, Есім, Сапи (менің әкем) және кенжесі Жұмағали есімді бес ұл тәрбиелеп өсіреді. Жұмағали бала кезінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов ауданының Жаманшұбар ауылында молдадан сауат ашып, білім алды. Жасынан білімге құштар баланың алғырлығы мен зеректігін көрген ағасы Шаймерден оны Қаратал ауылындағы өзінің досы Құсайын Темірбековке орыс-қазақ мектебіне білім алуға береді. Арабша, орысша білімді Жұмағали дәрігер Құсайынның (халық арасында оны солай атаған) ақыл-кеңесімен Омбыдағы әскери-фельдшерлік мектепке оқуға түседі. Оны 1913 жылы тәмамдайды. Мектеп бітірген соң ауылда жұмыс істеп, кейін Құсайын Темірбековтің рұқсатымен оның қызы Райханға үйленіп, Петропавл қаласына кетеді. Сол жерде жары екеуі үш ұл тәрбиелеп өсіріп, қиын тағдырды бастарынан кешіреді. 1938 жылдың 17 ақпанында ішкі істер халық комитеті басқармасы үштігінің қаулысымен «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілді. Атамыздың өмір жолы шынында да, қилы да ауыр болды. Ол ағарту ісіне, денсаулық сақтау саласына, сонымен бірге мемлекеттік және қоғамдық орындарда қызмет еткен қайраткер. Ол «Алаш Орда» қозғалысының белді өкілі болды. Тарихтан белгілі, бұл қозғалыстың көздеген мақсаты – қазақ мәдениетін, қазақ тілін дамытып, қазақ жастарының білім алуын алға қою еді. Ең бастысы, олар Алаш автономиясын құруды қажет деп санады. Бұл партияның қайраткерлері қазақ халқына қызмет ету бағытында көп еңбек сіңірсе де, соңы қайғылы аяқталды. Саяси партияның белді өкілдерінің ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірге Жұмағали Тілеулин болды.

Петропавлда уездік дәрігер болып жүргенде «Алаш» партиясының болашақ көшбасшылары М.Дулатовпен, М.Жұмабаевпен танысады. Бұл достық олардың өмірінің соңына дейін жалғасады. М.Дулатов 1909 жылы «Оян, қазақ!» атты кітап жазады. Тарихқа үңілетін болсақ, мұндай кітапты патша үкіметі тұсында жазуға болмайтын. М.Дулатовтың сұрауымен бұл кітаптың бір мың данасын Ж.Тілеулин ешқандай қауіпке қарамастан, өз үйінде тығып ұстайды. 1918 жылы Алаш орда мүшесі ретінде тұтқындалып, Петропавл түрмесіне қамауға алынады. Мағжан Жұмабаев оған жасырын түрде «… ға», яғни «Жұмағалиға» өлеңін шығарады. Біраз уақыттан кейін бостандыққа шығады.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары елімізде мұғалім кадрлары өте тапшы еді. Жұмағали уездік фельдшерлік ауруханада негізгі жұмысын атқарып жүрсе де, қысқа мерзімде мұғалімдер даярлау курстарында сабақ беріп жүрді. 1922 жылдың қазанында Ақмола губерниясының қазақ мектептері үшін мұғалімдер дайындайтын үш жылдық педкурс ашу туралы шешім қабылданып, Ж.Тілеулин осы курстың меңгерушісі болып тағайындалады. Кейін бұл курстар педагогикалық техникум болып қайта құрылады.

Жұмағали Тілеулин Петропавл қаласындағы сол қазақ педагогикалық техникумының алғашқы директоры болған. Қазір ол оқу орны М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі деп аталады. Ондағы мұражайда Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулин жайында көп тарихи материал сақталған. Ол кезде мұғалімдерді оқытатын мекеме, жатақхана, жиһаз жетіспеушілігі, қаржы тапшылығы, оқытушы кадрлардың тапшылығы секілді түйін шаш етектен еді. Оқытушылыққа кеңес мекемелерінің жұмысшылары шақырылған. Ал Тілеулин өзі тарих, жаратылыстану және педагогика пәндерінен сабақ беріпті. Курсқа қатысушылар Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Атбасар және Шарлық уездерінен болған. Ол техникум директоры қызметін атқарып жүрген кезінде де оқу-материалдық базасын нығайту үшін біраз жұмыстың басын қайырды. Оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесін енгізді, алқалық шешімдер қабылдау үшін шаруашылық-санитарлық комиссия құрды.

1924 жылы Жұмағали Тілеулин техникумға танымал композитор Иван Копыхты музыка және ән сабағынан оқытушы етіп жұмысқа алады. Ол 50-ден астам оқушы мұғалімдердің қатысуымен төрт дауысты қазақ ұлттық хорын құрады. Олардың ішінде есімдері халыққа танылған Шахмет Құсайынов пен Жұмағали Саин болады. Бұл хор облыстық, аудандық сайыстарда үлкен жетістікті бағындырады. 1928 жылы хор бүкілресейлік орталық атқару комитетінің қазақ өкілдігінің шақыртуымен Мәскеуге барады. Хорды БОАК-ның жанындағы ҚазКСР-нің тұрақты өкілі және президиум мүшесі болып жұмыс істеген мемлекет қайраткері А.Досов шақырған екен.
Техникумда қазақ тіліндегі оқулық пен оқу құралдарын дайындап шығаруға барлық мұғалім жұмылдырылады. Ж.Тілеулиннің өзі 1922-1927 жылдары оқулықты орыс тілінен қазақ тіліне аударып, жариялады және медицина жөнінде де кітап шығарды. Негізгі мамандығы фельдшер болғандықтан, Орынборда «Гигиена», «Денсаулық», Мәскеуде «Жұқпалы аурулар», «Қышыма» атты кітап шығарады. 1927 жылы Қызылордада «Гигиена» кітабын екінші рет қайта басып шығарады. Халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, денсаулық саласы бойынша ағарту жұмысын жүргізу мақсатында медициналық мазмұндағы кітаптарды аударды. Жалпы ағарту ісіне қатысты көптеген мақала жазып, жариялады. Жоғары органдарда жұмыс істеген жолдастарының айтуынша, ол қабілетті ұйымдастырушы болып, техникумды Қазақстанның үздік мәдени мекемелерінің біріне айналдырған.

1927 жылдың тамызында медициналық кадр жетіспеушілігі салдарынан ол қайтадан денсаулық сақтау саласына оралып, Ақмола губерниясы бойынша казмедторгтың уәкілі болып тағайындалады. Кейін губерниялық денсаулық сақтау саласы емдеу бөлімшесінің меңгерушісі болады. Жұқпалы аурулар белең алып кеткен кезде аудандарға барып, тексеру жүргізіп, халықты емдеген, Ақмола губерниялық, Петропавл аймақтық атқару комитеттері отырыстарының президиумдарында денсаулық сақтау мәселелері бойынша сөз сөйлеп отырған. Қауырт жұмысына қарамастан, ол ғылыммен, қоғамдық-саяси және журналистік жұмыспен де айналысты, туған өлкені зерттеу және тарихи анықтамалық жинақ шығаруға арналған ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі болды. Бұл кеңес мүшелері тарихи құнды дерек жинаған. Осындай зерттеудің бірінде арнайы құрылған комиссия құрамында жүріп, Тілеулиннің тобы Кенесары ханның ұлт-азаттық қозғалысы, 1916, 1921 жылдардағы көтеріліс туралы құнды мәліметтерге кезігеді.

1911 жылы өзінің жазғандарын Қазақстанның ең алғашқы баспа – «Айқап» журналында шығарып жүрді. 1913 жылдан бастап Орынборда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов шығарған «Қазақ» газетінің де белсенді тілшісі болды. Өзінің мақалаларын «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында да басқан. Оның өзі де, сол уақытта оның замандастары да көптеген мақала жазыпты.

1917 жылдың 1-12 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне 800-ден астам делегат қатысып, оған Ақмола губерниясынан Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулин барады. Осы съезде және Орынборда 1917 жылдың 21-26 маусым аралығында өткен бүкілқазақстандық съезде ұлттық автономия туралы мәселе қозғалып, ұлттық-аумақтық-федеративтік бастауы бар демократиялық республика құру мәселесі көтеріледі.

Съезде Ақмола облысында 10 адамнан тұратын депутаттардың, оның ішінде Ж.Тілеулин бар, құрылтай жиналысын өткізіп тұру айтылады. Осы жиналыста «Алаш» атты қазақтың жаңа саяси партиясы құрылады. Оны қазақ либералды-демократиялық зиялы қауым жетекшілері басқарып, құрамына М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, М.Жұмабаев, Ж.Тілеулин және тағы басқалары кірді. «Алаш» партиясының уездік комитеттері құрыла бастады. Петропавл уездік комитетінің жетекшілері болып Ж.Тілеулин мен С.Күсемісов сайланды. «Алаш» партиясы құрылтай жиналысын ұйымдастырып отыру керек болды. Бірақ 1918 жылғы 6 қаңтарда большевиктер жиынды болғызбай, барлығын тарқатып жіберді. Дәл осы уақытта Ж.Тілеулин тұтқындалып, абақтыға қамауға алынды.

1920 жылдың 5 наурызында қырғыз аймағын басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет «Алаш-Орда» үкіметінің жойылғандығы туралы хабарлады. 1925 жылдан бастап ресми үкімет қазақтың зиялы қауымының өкілдерін қоғамдық-саяси жұмысқа араластырмай, мерзімді басылым беттерінде саяси тақырыпта мақала жариялауға тыйым салды. Оларды басшылық ететін орындарынан алып, оқытушылық, мәдениет жұмысына ауыстырды. Қазақ КСР-ын Голощекин мен Мирзоян басқарған 20-ыншы жылдардың соңы мен 30-ыншы жылдардың орта тұсында зиялы қауым өкілін қудалау басталды. Жазықсыз жандарды жалған айыптаумен кінәлап, тұтқындай бастады. 1930 жылдың 5-ші маусымында Ж.Тілеулин де тұтқындалып, Петропавлдағы түрмеге қамалды, сол жылдың 2 тамызында босатылды. Алайда 1931 жылдың қаңтарында қайта тұтқындалып, Алматыға жіберіледі. 1932 жылдың 20 сәуірінде Ж.Тілеулин және «Алаш Орда» қозғалысының басқа да белсенді мүшелері 5 жылға сотталып, Воронеж облысына айдалып кете барады.

Сол жақта жүріп ол Белозер аудандық ауруханасында жұмыс істейді, медицина тақырыбында мақала жазып тұрады. Ал оның отбасы қудалаудан қауіптеніп, Ташкент қаласына көшіп кетеді. Жер аудару мерзімі аяқталған соң, оны Қырғызстанға жібереді. Онда ол Фрунзе қаласындағы аудандық ауруханаға жұмысқа орналасады. 1936 жылдан Новотроицк аудандық ауруханасында меңгеруші болып жұмыс істейді. Көп өтпей қаһарынан қан тамған 1938 жыл келеді. Сол жылдың 17 қаңтарында Ж.Тілеулин қайтадан тұтқындалады. Бұл жайлы оның кіші ұлы Серік еске алады. Өзін тұтқындап әкетіп бара жатқанын көрген әкесі баласына бұл хабарды әйеліне жеткізуді тапсырыпты. Сол жылдың ақпанында Алматы облысындағы ішкі істер халық комиссариаты үштігінің қаулысымен «халық жауы» ретінде сотталып, ату жазасына кесіледі. Сонымен бірге, оны «фашистік шпион» деп айыптайды. 1938 жылдың 17 ақпанында сот үкімі орындалып, Ж.Тілеулин атылады. Бұл жайлы оның ұлы тек 20 жыл уақыт өткеннен кейін 1958 жылы ғана әкесінің қайтыс болғаны туралы куәлік пен Түркістан әскери округі трибуналынан қылмыс бөлігі анықталмағанына байланысты ақталды деген шешім келгенде бір-ақ біледі.

Осындай аяулы тұлғаның, Алаш қайраткерінің Ерік, Әзиз, Серік есімді үш баласы болған. Ерік соғысқа аттанып, майдан даласында жүргенде сырқаттанып, қаза болады. Ортаншы ұлы Әзиз да соғысқа аттанып, 1943 жылы хабар-ошарсыз кетеді. Кіші ұлы Серік соғыстан кейін Алматыдағы медициналық институтын үздік тәмамдап, аспирантураға түскісі келеді. Бірақ әкесінің «халық жауы» болғандығы үшін түсе алмай қалады. Жұмағали атамыздың әйелі Райхан апа күйеуінің қиын да қилы тағдыры мен ұлдарының қазасынан кейін қатты қиналып, денсаулығы сыр бере бастайды. Баласы Серік оны Ленинградқа апарып емдетеді. Бірақ ота жасалғаннан кейін көп ұзамай 1955 жылы қайтыс болады. Сөйтіп күйеуінің ақталғанын көре алмай кетеді. Серік кейін кандитаттық, одан соң докторлық диссертациясын қорғап, медицина саласына біраз үлесін қосты. 2017 жылы 80 жасқа толған шағында көз жұмды. Алматы қаласында екі ұлы мен екі қызы бар.
Жоғарыда сөзіміздің басында айтқанымыздай, Көкшетау қаласының бұрынғы Левон Мирзоян көшесіне Алаш қайраткері, Жұмағали Тілеулиннің есімі берілгені өте орынды. Тарихтың әділдігі де осы. Жұмағали Тілеулиннің ұрпақтары «Л.Мирзоянның тұсында атамызды ату жазасына кескен еді, оның атындағы көше қазір біздің атамыздың атына ауыстырылғаны – ақиқаттың жеңгені» дейді. Шынында да солай.

Жазып алған Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы

Бүгін, 11:30
Әлішер Сатыбалдиев: Индустриалды аймақ Алматы экономикасына серпін береді
27 наурыз, 16:38
Ұсақ-түйек емес: шұлық өндірісіне де қолдау қажет!
27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр