
Атырауда көпқабатты үйдегі пәтер өртеніп, оқиға орнынан 35 адам эвакуацияланды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады. 4 қаңтар күні сағат 10:43-те құтқару қызметіне Датұлы көшесіндегі бес қабатты үй жанып жатыр деген хабар келіп түсті. «Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер жалынның 5-ші қабаттағы пәтерде тұтанғанын көрген. Ең алдымен осы үйде тұратын 35 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оның ішінде сегізі – балалар. Сонымен бірге бесінші қабаттағы 1981 жылы туған ер адам автосаты арқылы құтқарылды. Қолданылған шаралардың арқасында 5 шаршы метр аумақтағы өрт сағат 11:03-те сөндірілді» делінген хабарламада. Тілсіз жаудың себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 10 адам және 3 техника жұмылдырылды.