Өртенген өлке

16 қыркүйек 2022, 11:41

3-қыркүйек. Күн сенбі. Алабөтен ойсыз демалыс өтіп жатыр. Жоспар бойынша ертеңіне елордаға ұшып, ары қарай көлікпен Торғайға тартуым керек. Өйткені дүйсенбі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларға қатысады. Ал біз ол туралы хабар дайындаймыз.

Кешқұрым жоспардың быт-шыты шықты. Қостанай облысында алапат өрттің бас алғаны жөніндегі ақпарат бірінен соң бірі үздіксіз тарай бастады. Түнгі 10-дар шамасында Торғайдағы тойдың кейінге шегерілгені жөнінде ресми айтылды. Ал менің билетімді Қостанайға ауыстырды. Ойда жоқта төтенше жағдайдың ошағына аттанатын болдым.

Алматыдан Қостанайға дейін 2,5 сағат ұшады. Тілсіз жау ол кезде облыс орталығынан 130-150 шақырым жерде ырық бермей жатқан еді. Күту залында отырып «Телеграмдағы» куәгерлердің түсірген видеосын шолып шықтым. Аспанды басқан қою қара түтін, зәре-құты қашқан адамдар. Құдды экшн-кинолардан көретін қорқынышты көріністі біреу телефонына түсіріп жатса, екіншісі қайтерін білмей жанұшыра көмек сұрап жүр. Орманды тұтас жайпаған жалын жақын маңдағы ауылдарға да «қолтаңбасын» қалдырды. Аманқарағай елді мекенінің өзінде 92 үй түгі қалмай, күлі қалғанша өртенгені жөнінде жаңалық шықты. Осылай көңілсіз ойға шомып отырғанда ұшатын уақыт та келіп жетті.

Алматыдан аттанғанда 28 градус ыстық еді. Қостанайға табан тірегенімізде ауа температурасы 15 градусқа дейін түсіп кетті. Ендігі мәселе – Қостанай қаласынан 100 шақырым қашықтықтағы Новонеженко ауылына жету. Сол жерде бас штаб орналасқан. Бізді күтіп отырған ешкім жоқ. Не де болса соңғы ақпаратты сол жерде алармыз деп, бірінші келіскен таксиге отырып жолға шықтық. Жүргізуші сөзге шорқақ екен. Ананы-мынаны суыртпақтап сұрағанмен, «иә», «жоқ» деген жауаппен ғана шектелді. Жол тақтайдай тегіс. Бір сағаттың айналасында межелі елді мекенге жеттік. Штаб ауылдың шыға берісінде екен. Қаз-қатар шатырлар тігілген. Қарсы бетте түрлі өрт сөндіру техникасы дамылдап тұр. Бас штаб болғандықтан, мұнда министрден бастап, басқарма басшыларына дейін жүр. Жағдайды осы жерден бақылайды. Соңғы мәліметтің бәрі осында жиналып, қорытылады. Сұрастыра жүріп, Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Уақыты тығыз болса да бізге мұндағы ахуалды түсіндіріп бақты. 5 қыркүйекке қараған түні әйтеуір өрттің негізгі ошақтарын ауыздықтай алған. Дей тұрғанмен, әр жерде бықсып, түтіндеп жатыр. Желдің көтерілуі де қиындық туғызған. 250 техника мен екі мыңға жуық құтқарушы қызыл жалынмен күресуге жұмылдырылған екен.

Штабтан 30-40 шақырым жерде жанып жатқан жер барын айтқанмен, қас қарайғандықтан тілшілерді апара алмайтынын жеткізді. Новонеженко ауылының қонақ үйлерінде жататын орын қалмапты. Аудан орталығы Әулиекөлге түнделетіп кетуге тура келді. Мұнда да орын тапшы. Еріктілер орналасқан мектептің интернатына жайғастық. Шыны керек, әлеуметтік желіден көрген қорқынышты кадрлардың бірде-бірі күн ұзаққа көзімізге түспеді. Уақытша екен. Еңсені басар көріністі ертеңіне көрдік.

Таңертенгі 8-де әріптестерімізбен шұғыл бас штабқа келдік. Өйткені түнде Бағаналы ауылының орманына от ауыз салып, жанып кеткен. Төтенше жағдай министрлігі оқиға орнына барып, бізге жағдайды өз көзімізбен көруге рұқсат берді. Қауіптің беті қайтты дегенмен, одан келген зиянды сөзбен жеткізу қиын. Кемі бір ғасырдан бері жайқалып тұрған орманның қарағайлары біреу қара сия төгіп кеткендей аянышты күйде. Санаулы сағатта жалын жапырағынан бастап, тамырына дейін жалмағанмен, жарықтық ағаштар күйген күйі күйремей тік тұр. Орман ортасында даусы қарлықса да тапсырмасын беріп жатқан орта жастағы азамат көзімізге түсті. Ресми органның өкілі дейін десең, аяғында жазғы туфли, бұтында спорттық шалбар, үстінде өзіне ықшам емес куртка. Қостанай облыстық Өрт сөндіру қызметінің басшысы Андрей Ракович болып шықты. Түрден түр жоқ. Қажып, қатты шаршағаны көрініп тұр. Сөйтсе, түндегі тілсіз жаумен айқаста үстіндегі киіміне дейін түгел жанып кеткен. «Ауылды өрттен әрең дегенде аман алып қалдық» дейді.

Тұрғындар да жабылып көмектескен. Түсте бас алған жалынды тек таңға жуық өшіре алған. Ауыл адамдары жанкештілік танытқан бұл азаматқа қолына түскен киімін әкеп беріпті. «Киімді қойшы, бүлінген табиғатты көрсем жүрегім жылайды», – дейді қамығып.

Бағаналыдағы жағдайды бағамдағасын, 92 үй өртеніп кеткен Аманқарағай ауылына бет алдық. «Ә» дегеннен біреу үстімізге мұздай су құйып жібергендей күй кештік. Опырылып ортасына түскен баспана. Өртенген көліктер. Балқыған техника. Айтуға да ауыз бармайды, құдды біреу бұл ауылды бомбалап кеткен бе дерсің. Иесіз үйлерді иттері ғана торуылдап жүр. Үрмейді де. Әр жерде бықсыған түтін әлі басылмаған. Өрт сөндірушілер кезекшілік қойып, кезекпен аумақты бақылауға алыпты. Эвакуацияланған тұрғындардың дені туыстарына кеткенмен, бұл жаққа үйінді астынан қажетке жарар затым табыла ма деп келіп жатқандары да бар. Негізінен, темір-терсекті тиеп жатыр. «Малым – жанымның садағасы» дегендер, «әйтеуір, бас аман» деп өздерін жұбатады. Дей тұрғанмен, қар түсіп, қыс келгенше мемлекет уәде берген баспанамызға жайғаса аламыз ба деген ой да оларға маза бермейді. Айналдырған екі айда 91 отбасыға баспана салуға бола ма? Сапасы сын көтере ме? Аудан орталығынан арнайы құрылысқа бөлінген жер теліміне де бардық. Қаптаған техника әр жерде үйдің іргетасын қазуға қызу кірісіп кеткен. Бұл жердің жалпы аумағы – 12 гектар. Әр отбасыға 10 сотықтан тиеді. Үйден бөлек, бау-бақша егуге де жер қалады. Үкімет үй тұрғызуға бюджеттен 2 миллиард 300 миллион теңге бөлмекші. Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, әрқайсысының құрылысына 25 миллион теңге жұмсалады. Атқамінерлер, әйтеуір, сапасына қатысты сөз болмайды деп қазірден сендіріп отыр.

Келесі біз бас сұққан нысан – гуманитарлық көмек орталығы. «Көп түкірсе, көл» деген осы шығар. Қостанай облысындағы жағдайға бей-жай қарамайтын жандар жан-жақтан қайырымдылық керуенін жөнелтіп жатыр. О баста Әулиекөлде бір ғана гуманитарлық көмек үлестіру орталығы бар еді. Бәрін қабылдап үлгермейтіндіктен, тағы екеуі ашылды. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен еріктілер жиналған. Азық-түлік, киім-кешекті сұрыптайды. Оған мұқтаж тұрғындардың тізімін құрайды. Көлденең көк аттылар қол сұқпас үшін, қажет болса күзетеді.

Бұл жолы да отандастарымыз «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», қостанайлықтарды қолдады. Сындарлы сәтте сүйеу болып, жылы сөз арнаудың өзі қиын жағдайға тап болған ол тұрғындардың көңіліне үлкен демеу. Орнында бар оңалар. Бұйырса, үйсіз қалған аманқарағайлықтар қарашаның ортасына таман жаңа баспаналарына жайғасып, қоныс тойын тойлайды.

Асқарбек Қазанғап, журналист
(арнайы Jas qazaq үшін)
Алматы-Қостанай-Әулиекөл-Алматы

06 мамыр, 18:18
Дастан Өмірбаев: Алматыда өңдеу өнеркәсібі 21 пайызға артып, еліміздегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетті
06 мамыр, 15:52
Түркістан: Әйелдер мен балалар қауіпсіздігі – күн тәртібінде
06 мамыр, 15:17
Түркістан полициясы оқушылардың қауіпсіздігіне мән береді
06 мамыр, 14:42
Түркістан: Екі ауылда полиция бекеттері ашылды
06 мамыр, 14:25
Түркістан: Арыста кадет сыныбына ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі берілді
02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз