jasqazaq.kz

Орталық Азиядан шыққан тұңғыш киномеханик

11 маусым 2021, 15:06

Қазақ қыздарынан ғана емес, Орталық Азия елдерінің нәзік жандылары арасынан алғаш болып киномеханик атанған Рәпия Халықова 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

КСРО кинематография саласының озық қызметкері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қордай, Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы Рәпия Халықова туралы 1985 жылы режиссер Ораз Әбішев деректі фильм түсірді.

1969 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Президиумы кинематографияға қосқан үлесі мен халықты рухани, мәдени өнермен сусындатқан еңбегін ескеріп, Рәпия Халыққызын Құрмет грамотасымен марапаттады. 1974 жылы «Жамбыл облысының құрметті киномеханигі» атанды.
Тек қазақ қыздарының арасынан ғана емес, Орталық Азия елдерінің ішінен алғаш болып киномеханик атанған Рәпия Халыққызының қайсарлығы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық кинематография қызметкерлерінің съезінде айқын аңғарылады. Империяның жүрегі саналатын қаланың төріндегі мінбеде кино саласының өзекті мәселелерін жайып салып, шешу жолдарын да ұсынады.

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарайтын Шиен деген шағын ғана ауылда 1935 жылы өмір есігін ашқан Рәпия Халыққызының балалық шағы «тар жол тайғақ кешумен» өткен. Әкесі Халықты «халық жауы» деп қуғындап, ақыры, аласапыран кезінде өмірін қиған. Халық Жансейітұлы жастайынан білімге сусындап, көзін дүниеге емес, ғылымға ашқан сауатты кісі болғандықтан да, қуғындауға ұшыраса керек. Жарлы-жақыбай мен кедей-кепшіктің балаларына қара танытып, білім үйретемін деген мақсаты іске аспасын, қазақ оқымасын деген пиғылмен қарсылық ретінде қуғындап, ақыры, оққа байлап өлтіреді. Әкесі «халық жауы» атанып, айдалып кеткен соң әпкесі Нұрила екеуін анасы Әсел қиындықтың барлығын қайыспай көтере жүріп жеткізеді. Қызыл империяның қылышынан қан тамып, жан алғыштардың жалаңдаған қылышы қит еткенді шауып түсіретін заманда «халық жауының» әйелдері де аз азап тартқан жоқ. Рәпияның анасы Әсел де екі қызын жер тырнап жүріп жеткізіп, қатарынан кем етпей, көк аттыға жем етпей жеткізді. Ел ішіндегі қуғындаудан құтыла алмасын білген соң амалсыз қырғыз асып, бірер жыл айырқалпақты ағайындарды паналап, жан сауғалайды.

Әкесі Халық пен анасы Әселдің сегіз баласы болған. Бірақ тағдырдың тауқыметін аз тартпаған отбасының алты баласы жастай шетінеп, Нұрила мен Рәпия ғана аман-есен бойжетеді.
Кейін анасы Әселді өзінің қолына алып, өмірден өткенінше мәпелеп күтіп, перзенттік парызын орындады. Рәпияның нағашы атасы Мергенбай жиған дүниесіне Алматының іргесінен, Ақсай өзенінің аңғарынан үй сатып алыпты. Кейін бұл үй қызы Әселге қалған. Бірақ Халық «халық жауы» болып айдалып кеткен соң, ол үйді біреулер меншіктеп алып, екі жетімін жетелеп келген жесір әйелге бермей қояды. Өмірдің азабын арқалап, теперішті көп көрген жанға бұл ауыр соғады. Әрине, өзінің әкесі жиған дүниесін сатып, пұлына алған баспананы біреулер тегіннен-тегін иемденіп, бермей қою да қорлық қой. Олар мұндайды да көрді және салмағы иығына батқан зілмауыр ауыр азапты қайыспай көтеріп шықты.

1951 жылы Иірсу деген ауылға келін болып түсіп, Ордабай Сәдібекұлымен бас құрап, шаңырақ көтереді. Ана бақытына кенелген жан сегіз перзентін өмірге әкеліп өсірді. Рәпияның басына жаулығын тағып, ақ босағаны оң аяғымен аттаған үйде бұған дейін Жетісу ән өнерінің өзіндік соқпағын қалыптастырған Кенен Әзірбайұлы тұрған екен. Міне, осы құт қонып, береке дарыған шаңырақта бас құраған екі жастың жұбы жазылмастан 60 жылдай бірге ғұмыр кешті. Отбасы, ошақ қасының тіршілігінен қолы қалт еткенде өзінің жүрек қалауымен меңгерген киномеханик кәсібіне де адалдық танытып, абыроймен атқарды.

Ордабай Сәдібекұлы Отан алдындағы борышын өтеуге 1939 жылы аттанады. Сол мезгілде екінші дүниежүзілік соғыстың оты бұрқ ете қалсын. Сәдібектің баласы соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті мерекелеп, 1946 жылы жапон соғысына да қатысып, бір-ақ оралады. Жеті жылын соғысқа жалматқан майдангер елге оралған соң да бейбіт өмір майданында алдыңғы шепте жүрді. Сол кездегі Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп, ағарту саласында жемісті еңбек етіп, 40 жыл шәкірт тәрбиеледі. Оқу ісінің үздік қызметкері болды, Қордай ауданының Құрметті азаматы атанды.

Рәпия апаның киномеханик саласына келуіне туысқан жамағайыны Таңатар Оспанов себепкер болған екен. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда үй шаруасында отырған жеңгесіне ұсыныс айтып, колхоздың ескі қоймасын тазалап, әктеп, сырлап, кино қоятын орын жасау үшін қасына шақырады. Ауылға кино клуб ашу ол уақытта аса қиын шаруа еді. Жомарттың қолын жоқтық байлайтын заманда Таңатар қайнысы бастаған топқа еріп, кино көретін орынға айналдырып, киноаппаратты қосуды, айналдыруды, өшіруді біртіндеп үйреніп алады. Аудандағы мәдениет саласына жауаптыларға хат жаза жүріп, КН-16 киноаппаратын алдырады. Таңатар оқыстан келген ажалдан дүние салған соң, киноаппарат тізгінін Рәпия Халыққызы қолына алады. Өзі бел ортасында жүріп құрған кино клубының жұмысын ақсатпай ары қарай жалғап әкетуді ұстазы бола білген қайнысының алдындағы борышы санайды. Кәсіби білім алуды көздеп Алматыдағы кинотехникумға тапсырады. Өктем ұлттың өркеуделігі өкіреңдеп тұрған заман емес пе, «қазақ қызының оқығаны кімге керек» деген арамзалықпен шеттетіп, білімі мен тәжірибесі де жетіп тұрса да қабылдамайды, сыртқа тебеді. Тауы шағылып ауылға оралады. Одан кейін Тараз қаласындағы мәдениет және кино техникумына тапсырып, қабылданады да, кәсіби білім алады.
Қазақ киносының алтын жауһары саналатын «Қыз Жібек» киносы жарыққа шыққанда алғашқылардың бірі болып кенендіктер де көрді. Оған себепкер болған – Рәпия Халыққызы. Алматыға арнайы барып, салмағы 30 кг тартатын кино таспаны сатып алып, арқалап келіп, ауылдастарына қойып берді. Осындай қызығы мен қиындығы қатар өрілген киномеханик мамандығына адалдық танытып, 36 жыл еңбек етіп, 1984 жылы зейнет демалысына шықты.
Ақ жаулықты әже болған шағында немере сүйді, шөбересінің қолынан май асады. Саналы ғұмырын халқының мәдениеті мен руханиятының өсіп-өркендеуіне арнаған абзал жанның есімі ел есінде сақталары сөзсіз.

Қуан Көшек

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия