Орман өрті: біз одан сабақ алдық па?

09 қыркүйек 2022, 11:49

Өрт – тілсіз жау. Сол тілсіз жаумен арпалысқа да бір аптаға ауды. Айтып келмейтін апат Қостанай облысындағы 45 мың гектар орман алқабын күлге айналдырды. Бұл осы өңірдегі орман шаруашылығының жартысына жуығы отқа оранды деген сөз.

Тілсіз жау 2 қыркүйек күні Қазанбасы ауылынан 20 шақырымдай шалғай жатқан орманды алқаптан тұтанған болатын. Жынды жел одан бетер құтыртып, аптап ыстық жалынын күшейтіп, өрт әп-сәтте сол маңдағы бір емес, бірнеше ауылды «жұта бастады». Озерное ауылынан – 250 адам, Аманқарағай ауылынан – 1000 адам, Калининодан – 228 адам, Лесноеден – 363 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдігі өршеленген өртті басуға 36 градустан жоғары аптап пен «жығылғанға жұдырық» болған өкпек желдің орасан кесірін тигізіп жатқанын өкінішпен жеткізді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Қостанай облысында құрған жедел штабының мәліметіне сүйенсек, Басаман және Семиозер орман шаруашылықтарында алдымен жалмаған өрт 43 мың гектар жерді жайпап кетті. Жедел штаб 6 қыркүйекте елді мекендерде өрт қатері сейілді деп мәлімдеді. Бірнеше күн бойы қызыл тілін сумаңдатып, дес бермеген жалын Аманқарағай ауылындағы 85 тұрғын үйді, Озерный ауылындағы 6 үйді отқа орады. Өрт сөндіру ісі қолға алынғалы тікұшақтар қою түтін мен ыстың үстінде 137 мәрте су шашу операциясын жүзеге асырған.

Кеше ғана Қостанай даласына сіркірей жауған жаңбырдың да септігі тиді. ТЖМ жедел штабының мәліметінше, өрт сөндіру ісіне 2193 адам жұмыла қимылдап, 224 техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы тартылған.

Қауіпсіз жерге қоныс аударған ауыл тұрғындары уақытша Әулиекөл орта мектеп-интернатын паналады. Көпшілігі қауіп бұлты сейіліп, ауыл от пен ыстан тазарған соң үйлеріне оралған. Өрт тұтанғалы 11 адамның денсаулығына залал тисе, Аманқарағай ауылының 87 жастағы тұрғыны М.Бабенко ажал құшты. Құтқарушылар қарияның сүйегін күлге айналған үйінің үйіндісі астынан тапты.

Жедел штаб «Орман өрті дерегі бойынша, ішкі істер органдары Қылмыстық кодексінің 341-бабы (Орманды жою немесе оған нұқсан келтіру), 204-баптың 2-бөлігі (өзгенің мүлкін абайсыз жою немесе бүлдіру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын» жеткізді. Облыста 5 қыркүйектен бастап Әулиекөл мен Қарасу аудандарында өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды. Бірақ бұл сапардың бастапқыдағы жайы басқа еді. Жоспар бойынша, Мемлекет басшысы 5 қыркүйекте ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өтетін іс-шараның бел ортасында болуы тиіс еді. Дәл сол күні Президент мінген лайнер Қостанай жазығына қонды. Іле Қасым-Жомарт Тоқаев тікұшақпен Әулиекөл ауданының өрт шарпыған аймағын аралап, тілсіз жаумен шарпысқан өрт сөндірушілердің қолдан келер нендей қарекет жасап жатқанын көрді.

Президент өрт жалмаған ауылдардың тұрғындарымен тілдесіп, уақытша қауіпсіз ғимараттарды паналаған жансауға жұрттың өрекпіген көңілін басты. Баспанасы отқа оранған тұрғындарға екі жарым айдың ішінде ел үкіметі жаңа үй салып береді деп сендірді. Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген соң өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, төтенше жағдайлар министрі Илья Ильин мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің есебін тыңдады. Өкілетті орындардың басшылары Президентке өртті сөндіру, қауіп төнген ауылдардың тұрғындарын эвакуациялау, зардап шеккен, дүние-мүлкіне залал келген адамдарға қолдау жайында есеп берді. Мемлекет басшысы күрделі ахуал қатаң бақылауға алынатынын, қажетті шараның барлығы да қабылданатынын айтты. Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне Президент зардап шеккен тұрғындарға өтемақы беру мәселесін оңынан шешуді қадап тапсырды. «Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетініне ешқандай күмән болмауы тиіс», – деді Президент.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрттің тұтанғаны туралы хабарды тиісті мекемелерге кеш жетуін техникалық ақаудан деген мәселеге қатысты бүй деді: «Мұны техникалық проблема деп отырмыз. Үкіметке осы мәселені шешу тапсырылады. Қажетті құрал-жабдықтарды орнату керек. Сонда кез келген төтенше, оқыс оқиғаның жай-жапсары туралы нақты ақпаратты таратуда кешікпейміз». Цифрлы Қазақстан деп жалаң ұранды жамылып келе жатқанымызға бірнеше жыл өткенімен де, басы дардай басталатын мемлекеттік жобалардың жол ортада тусырап қалатынына ормандағы өрт туралы тосын хабардың кешігіп жетуі тағы да мысал болып отыр.
Айтып келмейтін апаттардың зардабын жоюда, тілсіз жауды тойтаруда орасан еңбек сіңірген төтеншеліктер, оның ішінде өрт сөндірушілердің жалақысы тым мардымсыз екені осындайда ғана еске түседі!

Мемлекет басшысы өрт сөндірушілерді тілсіз жаумен арпалысып, сөндіру шарасына белсене қатысқандардың ішінде батыл әрекетімен дараланғандар мемлекеттік марапатқа ұсынылып, сыйақы алатынын да айтты. Сондай-ақ материалдық жағдайды көтеру, баспанамен қамту, кадрларды дайындау жөнінде ауқымды шаралар қолға алынатынын да атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 4 қыркүйекке дейінгі мәліметті таратып, өрттен бірнеше ауылдың 12 бас ірі қара, 118 бас шошқа, 261 бас құс қырылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Қарабалық ауданында 17 гектар егістік, Меңдіқара ауданында 1 гектар дәнді дақылды өрт шарпыған. Жерінің түгін тартса, майы шығатын, топырағы құнарлы Қостанай даласының егіс алқабының жалпы көлемі – 5,3 миллион гектар. Еліміз бойынша астық өндіруде, дәнді-бұршақты, майлы дақылдарды өсіруде жетекші облыс саналатын өлкенің өңірін өрт шалып отыр.

Редакциядан:

Қазір еліміздің басқа аймақтарында да өрт шығып жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы орманды, Ақтөбе қаласының маңайын өрт шалды. Күні кеше Алатаудың бөктері, Алматы қаласының аумағында да өрт шықты. Абырой болғанда, оның кеулеуіне жол берілген жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай сапарында тосын оқиғадан сабақ алып, қамсыз болмау қажеттігін қаперге салды. Бұл – ең алдымен құзырлы мекемелерге айтылған сөз. Төтенше жағдайлар министрлігі, орман шаруашылығы комитеті жыл сайын құрғақ есеп бергенше, нақты қандай шаруаларды атқарып жатқанын жиі жариялауы тиіс.

Ал орманшы мен күн сайын басын қатерге тігетін өрт сөндірушілердің жалақысы мардымсыз екені – өз алдына бөлек әңгіме. Алапат өрт кезінде жұмыс күшінің аздығы да қолбайлау болады. Ескірген техника да алапат өртті сөндіруге қауқарсыз болып шықты.

Техникалық базаның әлеуетін нығайтып, орман шаруашылығы мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту, төтенше жағдай қызметкерлерінің де тұрмысын түзеу мәселесінің уақыты әлдеқашан жеткенін Аманқарағай сынды ауылдарды аман алып қала алмағанымыз айғақтап берді.

Жедел сұхбат

Тұрғынбек Әбдібеков, ауыл әкімі: «Тілсіз жауды Бағаналыға жеткізбей өшірдік»

«Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты бес ауылдың аумағында өрт сөндірушілер әлі де білек түріне жұмыс істеп жатыр». Облыс әкімдігі жанына құрылған ақпараттық штаб осылай дейді. Осы бес ауылдың бірі – Қазанбасы ауылдық округіне қарасты Бағаналы елді мекені. Ауылдық округ әкімі Тұрғынбек Әбдібековтен төтенше жағдайға қатысты жедел сұхбат алдық.

Jas qazaq: Тұрғынбек мырза, ахуал қалай, өрт толықтай сөндірілді ме?

Т.Әбдібеков: Орман алқаптарындағы ағаштар әлі де бықсып жатыр, өрт сөндіру қызметінің адамдары әлі де тілсіз жауды тойтаруға күш салып жатыр. Біздің Бағаналы ауылына өртті жеткізбей, өшіріп үлгердік. Бас қаладан келген төтенше жағдай министрлігінің көліктері үлкен күш қосты. Ауыл халқына Қостанай, Арқалық қаласынан да еріктілер көптеп келіп, үлкен қолдау білдіріп, өрт сөндіруде орасан күш қосты.

Jas qazaq: Өзіңіз басқаратын ауылдық округте мал шығыны жоқ па?

Т.Әбдібеков: Шүкіршілік, мал шығыны да жоқ. Орман алқабымыз өртенді, қанша гектар аумақ екені нақты анықталған жоқ. Ауылдағы тұрғындардың барлығын да эвакуациялап, қауіпсіз жерге орналастырдық.

Jas qazaq: Өрт сөндірілсе, ауыл халқы үйлеріне оралып жатқан шығар?

Т.Әбдібеков: Жоқ, көрші ауылдардағы қауіпсіз жерлерге орналастырғанбыз, әлі қозғалған жоқ, себебі облыс әкімінің шешімі бойынша, ауданымызда төтенше жағдай жарияланды. Өрт толық өшіріліп, жағдай тұрақталғанда ғана оралады.

Қуаныш Рахмет

 

Бүгін, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді