
Шымкентте медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл қала денсаулық сақтау мекемелеріне жаңа құрал-жабдықтар енгізіліп, жедел жәрдем қызметінің автопаркі жаңартылды. Сонымен қатар жоғары технологиялық оталар саны артып, жасанды интеллектке негізделген жүйелер қолданысқа енгізіліп жатыр.
Осы және өзге де атқарылған жұмыстар туралы Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айман Оспанова Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.
– Айман Қожанқызы, алдымен медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Халыққа сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсету мақсатында биыл жедел жәрдем қызметіне 25 арнайы автокөлік сатып алынды. Нәтижесінде жедел жәрдем автопаркі 54,2%-ға жаңарды.
Сонымен қатар медициналық ұйымдар заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен толықты. Қалалық №1, №5 және №8 емханаларға бір-бірден, сондай-ақ қалалық №1 және №2 ауруханаларға және Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға жалпы 12 аппарат берілді.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен екі медициналық ұйымға заманауи компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография аппараттары сатып алынып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Қалалық балалар клиникалық ауруханасына бір КТ аппараты, Онкологиялық орталығы бар көпбейінді ауруханаға бір КТ және бір МРТ аппараты орнатылды.
Қазіргі таңда №3 қалалық аурухананың бас ғимаратында күрделі жөндеу, ал Қалалық диагностикалық орталықта реконструкция жұмыстары жүргізілуде.
– Қала медицинасына жоғары технологиялар мен жасанды интеллект те белсенді енгізіліп жатыр. Бұл бағытта қандай нәтижелер бар?
– Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылдың сегіз айында қалада барлығы 378 жоғары технологиялық ота жасалды.
Бүгінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру да басым бағыттардың бірі. Медициналық ұйымдарға бірқатар цифрлық жобалар енгізіліп, олардың нақты нәтижелері көрініп келеді.
Мәселен, CEREBRA AI жүйесі компьютерлік томография арқылы инсультті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Жоба пилоттық режимде №2 қалалық ауруханада енгізілді. Қазіргі таңда жүйе арқылы 4 мыңнан астам қызмет өңделді.
Ал PACS жүйесі ишемиялық инсульт кезінде мидың зақымдалған бөлігін ерте анықтап, хирургиялық араласу туралы уақытылы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл жүйе Шымкенттегі 21 медициналық ұйымға енгізілген.
Сондай-ақ PULS AI интеллектуалды ассистенті дәрігерлерге диагнозды нақтылауға және тиімді ем тағайындауға көмектеседі. Жүйе клиникалық шешім қабылдау кезінде қателіктерді азайтып, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.
Жедел жәрдем қызметінде де цифрлық шешімдер қолданылуда. 103 YANDEX жобасы жедел жәрдем көлігінің қозғалысын Yandex Go және Yandex Карталар сервистерінде көрсетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйе 1-санаттағы шақыртуларға қосылып, өңделуде. Алдағы уақытта 2 және 3-санаттағы шақыртуларды да қамту жоспарланып отыр.
– Цифрландыру тек медициналық қызмет көрсетуге емес, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де әсер етіп отыр. Осы бағытта қандай шешімдер енгізілді?
– Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлеріне арналған смарт бейнежетондар іске қосылды. Қазіргі таңда 240 бейнежетон қолданыста. Құрылғы бейне және аудио жазба жүргізіп, деректерді онлайн жүйеге жібереді.
Сонымен қатар дәрілік заттарды тиімді пайдалану мақсатында биыл төрт медициналық ұйымда – Жұқпалы аурулар ауруханасында, Психикалық денсаулық орталығында, ЦГБО-да және «Хадиша» клиникасында «Госпитальдық фармация» бөлімшелері ашылды. Бұған дейін 2024–2025 жылдары сегіз ауруханада осындай бөлімшелер жұмысын бастаған болатын.
Бүгінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау жүйесінде 16 мыңға жуық медицина маманы еңбек етеді. Оның ішінде 5 303-і дәрігер, 11 362-сі орта буын медицина қызметкерлері. Ағымдағы жылы медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары да медициналық ұйымдар есебінен жүргізілді.
Алдағы уақытта да басты назар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталады. Бұл жұмыстар қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық