
Орталық Азия өңіріндегі интеграциялық үдеріс қарқын алып, аймақ елдерінің бірлігі нығая түсуде. Жуырда өңір мемлекеттері басшыларының Түркіменстандағы Аваза кентінде өткен дәстүрлі консультативтік кездесуі түрлі саладағы ынтымақтастықтың жаңа белеске көтерілгенін паш етті. Маңызды жүздесудің тағы бір ерекшелігі – басқосуға бауырлас Әзірбайжанның да қатысуы. Еуразия құрлығында ықпалды, экономикалық әлеуеті мықты интеграциялық орталықтың қалыптасуында, сөз жоқ, Қазақ елінің рөлі зор. Мұны беделді халықаралық ұйымдардың өкілдері жоғары бағалайды. Jasqazaq.kz порталының тілшісі осы жиын барысында БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі, БҰҰ Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (UNRCCA) басшысы Каха Имнадземен сұхбаттасты. Тәжірибелі дипломат Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістерді нығайтудағы Қазақстанның рөлі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық бастамалары мен өңірдегі келешегі төңірегінде ой бөлісті.
– Каха мырза, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономикасымен, өңірдегі жалпы ішкі өнімнің жартысынан астамын қамтитын әлеуетімен, сондай-ақ Шығыс пен Батысты бір-бірімен байланыстыратын транзиттік күретамыр екені мәлім. БҰҰ тұрғысынан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді дипломатиялық бастамалары Орталық Азияны одан әрі біріктіруге және дамыған әрі тұрақты өңірге айналдыруға қаншалықты ықпал етуде?
— Менің мандатым өңірлік әрі саяси сипатқа ие. Орталық Азия елдерінің бір-біріне жақындай түскенін зор қуанышпен атап өтемін. Осы «бірлік пен ынтымақтастық» атты асыл ұғым бүгінде өңірлік барлық жиындарда, өмірдің барлық саласында анық байқалады. Бұл үрдісте Қазақстанның рөлі өте ерекше. Тек аймақтағы ең ірі экономика болғаны үшін емес, Қазақ елінің белсенді дипломатиялық тәжірибесі тереңде жатыр. Мен Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған кезін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына «ЕҚЫҰ) төрағалық еткен жылдарын жақсы білемін. Ол кезде де Астана тек өз аймағына емес, Сирия дағдарысы, Таяу Шығыс сияқты жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды бастамалар көтерген еді. Сондықтан Қазақстанның бүгінгі таңда өңірлік интеграцияны алға сүйреп, нығайтуға күш салуын заңды құбылыс деп білемін. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінің алғашқы отырысы 2018 жылы Астанада өткенін еске түсірейік. Ал 2024 жылы Қазақстанда өткен саммитте бетбұрысты бастамалар көтерілді. «Орталық Азия – 2040» даму тұжырымдамасы, өнеркәсіпті дамытудың Жол картасы, Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит және Алматыда Ауғанстан мен Орталық Азияға арналған ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) орталығын құру бастамалары. Осының бәрі өңірді біріктіретін, Орталық Азияның болашақ үлкен шаңырағын көтеретін алтын арқау болса керек.

— Аймақ елдері арасындағы диалог пен сенім деңгейінің артуын қалай бағалайсыз? Елдердің ұлттық мүдделері мен өңірлік интеграциясы бір-біріне қайшы келмей ме?
— Мен мұндай жоғары деңгейдегі саммиттердің бірнешеуіне қатыстым. Душанбеде, Астанада, Ташкентте өтті. Кездесу сайын оң динамика мен нақты нәтижелердің артып келе жатқанына көз жеткіземін. Мұндай бірегей механизмнің ерекшелігі мынада: өңір елдері бірлікті нығайта отырып, өздерінің ұлттық басымдықтарын да берік сақтайды. Кез келген диалог – сенімді қалыптастырудың басты шарты. Өзара сенім жоқ жерде тату көршілік те, даму да, тұрақтылық та болмайды. Сонымен қатар, бұл форматқа Әзербайжанның қосылуы Орталық Азияның географиялық және экономикалық тұрғыдан ауқымы кеңейіп, динамикасы артып келе жатқанын көрсетеді.
— Сіз Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірнеше рет жүздестіңіз. Қазақстан Президентінің халықаралық аренадағы саяси ықпалы мен сыртқы саясаттағы ұстанымы туралы не айтар едіңіз?
— Кез келген мемлекеттің сыртқы саясаты ең әуелі оның көшбасшысына байланысты. Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев – дипломатияның ең төменгі сатысынан бастап шыңдалған, орасан зор тәжірибесі бар саясаткер. Оның мемлекет қайраткері ретіндегі пайымы мен көзқарасы Қазақстанның барлық бастамаларынан көрініс тауып отыр. Геосаяси текетірестер өршіп тұрған бүгінгі әлемде Қазақстанның ұсатынымы айрықша мәнге ие. Қазақстан халықаралық аренада Орта державаға (middle power) айналып келеді. Ал Орта держава болу тек жер көлемімен немесе экономикамен өлшенбейді, ол сол елдің басшысының саяси тапқырлығы мен көрегендігіне де байланысты.
— БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі ретінде Орталық Азияның келешегін қалай елестетесіз? Регионализация үдерісі халыққа не береді?
— Біз жылдан-жылға өңірлік ынтымақтастықтың оң сипат алып жатқанын көріп отырмыз. Бастамалар мен қол жеткізілген келісімнің барлығы – ең алдымен өңірдің келешегіне бағытталған. Сауда-саттықтың өркендеуі, өнеркәсіптік кооперация, Тұрақты даму мақсаттарының аясындағы экологиялық және әлеуметтік жобалар Орталық Азияның әрбір азаматының турмыс сапасын жақсартуға қызмет етеді. Аймақ елдерінің бір үйдің баласындай ортақ іске жұмылуы – Орталық Азияны болашақта тұрақты, экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ете алатын және сыртқы сын-қатерлерге төтеп беретін қуатты өңірге айналдыратынына кәміл сенімдімін.
Әбдіманап Кеңес
Суретті ұсынған автор