
Алматының биік таулы аймағында 51 морена көлі, 118 мұздық және сел қаупі бар 195 учаске орналасқан. Әсіресе жауын-шашын кезінде таулы өзендердің деңгейі көтеріліп, сел жүру қаупі артады. Қауіптің алдын алу үшін қалада автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Биыл сел қаупі кезеңінде қандай жұмыстар атқарылды? Қала тұрғындары табиғи апат қаупі туындаған жағдайда нені білуі керек? Осы және өзге де сұрақтарға Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Данияр Жүсіпов Jas Qazaq тілшісіне жауап берді.
– Данияр Меллатұлы, алдымен Алматының сел қаупі бар аймақтарына тоқталсаңыз. Қала үшін қай аумақтарда қауіп жоғары?
– Селдің негізгі көздерінің бірі – мұздық көлдер. Көп жылдық бақылау деректеріне сәйкес, сел қаупі көбіне шілде айында күшейіп, тамыз айының соңына дейін сақталады. Әсіресе, маусымның соңы мен шілденің басында тәулігіне 40–70 миллиметр жауын-шашын түскен кезде қауіп деңгейі артуы мүмкін. Сондықтан сел қаупі кезеңінде жауын-шашын мөлшері, өзендердегі су деңгейі және мореналық көлдердің жағдайы ерекше назарда болады. Бұл мәліметтер қауіптің ықтимал өзгерістерін дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Биыл сел қаупі кезеңінде мореналық көлдер мен сел ошақтарында 10 маусымдық бақылау бекеті ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, өзен арналары бойындағы 23 тұрақты гидрологиялық бекет арқылы мониторинг жүргізілді. Оның 13-і «Қазгидромет» РМК-ға, ал 10-ы «Қазселденқорғау» мекемесіне тиесілі.
Мореналық көлдердің жай-күйіне ерекше назар аударылады. Соңғы үш жылда алты көл тұрақты бақылауда болды. Олар – Кіші Алматы бассейніндегі №6 көл, Ақсай бассейніндегі № 8, № 9 және №10 көлдер, сондай-ақ Үлкен Алматы бассейніндегі №10, 13 көлдер.
Бұл көлдерде жыл сайын су деңгейін төмендету, сифондық құбырлар орнату және судың өздігінен ағуын қамтамасыз ету үшін су өткізу арналарын тереңдету жұмыстары жүргізіледі. Биылғы сел қаупі кезеңінде осы алты көлден сифондық құбырлар арқылы шамамен 1 миллион текше метр су ағызылды.
Мұндай шаралар көлдердегі су көлемін реттеуге және ықтимал қауіптің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар өзен арналары мен сел жүруі мүмкін аумақтардың жағдайы тұрақты бақылауда болды.
– Алматыда сел қаупін ерте анықтауға арналған автоматтандырылған жүйе де бар. Ол қалай жұмыс істейді?
– 2021 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және Smart City тұжырымдамасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен автоматтандырылған сел мониторингі жүйесін енгізу аяқталды. Жүйе Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Қарғалы және Ақсай өзендерінің бассейндерін қамтиды.
Қазір төрт өзен бассейніндегі сел қаупі жоғары учаскелерде орналасқан 31 станция жұмыс істейді. Олардың орналасу орындары сел қаупін бағалау әдістемесіне сәйкес таңдалып, «Қазселденқорғау» мекемесі және «География институтымен» келісілген.
Автоматтандырылған мониторинг жүйесі сел жағдайын нақты уақыт режимінде бақылауға, қауіпті учаскелердегі өзгерістерді жедел қадағалауға және ықтимал қатерлерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Жүйеден алынған деректер сел қаупін бағалау, жағдайдың дамуын болжау және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жедел шешімдер қабылдау үшін пайдаланылады.
Бұл ретте автоматтандырылған жүйе далалық бақылауларды алмастырмайды. Сондықтан қауіпті учаскелер қосымша тексеріліп, гидрологиялық бекеттер мен маусымдық бақылау орындарынан алынған мәліметтер де ескеріледі.
– Биыл қауіпті аймақтарды тексеру жұмыстары қандай көлемде жүргізілді?
– Биылғы сел қаупі кезеңінде бес аэровизуалдық және 40 жер үсті тексеруі өткізілді. Осы жұмыстар кезінде сел қаупі бар учаскелердің, мореналық көлдердің және өзен арналарының жай-күйі бақыланды.
Бұған қоса, тұрақты гидрологиялық және маусымдық бақылау бекеттерінен алынған деректер жүйелі түрде талданып отырды. Осындай кешенді тәсіл қауіпті аумақтардағы жағдайды жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.
Биыл қауіпті учаскелерде тұрғындарға 185 ескерту ұсынымы беріліп, 1 710-нан астам ақпараттық брошюра таратылды. Сонымен қатар 11 ескерту-ақпараттық қалқан орнатылды.
Түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсаты – тұрғындардың табиғи қауіптер туралы хабардарлығын арттыру және төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыру. Адамдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы адам өмірі мен денсаулығына төнетін қатерді азайтуға ықпал етеді.
– Сел қаупі туындаған жағдайда қала тұрғындары қандай қауіпсіздік шараларын сақтауы керек?
– Ең алдымен, тұрғындар ауа райы болжамы мен ресми ескертулерді тұрақты қадағалауы қажет. Әсіресе, таулы аймақтарға барған кезде сақтық танытып, өзен арналарына жақындамау маңызды. Жауын-шашын күшейген немесе сел қаупі туралы ескерту жарияланған жағдайда қауіпті аумақтардан аулақ болған жөн.
Табиғи қауіп кезінде бейресми ақпаратқа сүйенбей, уәкілетті органдардың ресми хабарламаларына назар аудару керек. Қауіпті жағдай байқалса, өз қауіпсіздігіңізді бірінші орынға қойып, жауапты қызметтердің нұсқауларын орындаған дұрыс.
Селдің алдын алу тек арнайы қызметтердің жұмысына ғана байланысты емес. Тұрғындардың сақтығы мен қауіпсіздік ережелерін орындауы да төтенше жағдайлардың салдарын азайтуда маңызды рөл атқарады.
Қазіргі уақытта сел қаупі кезеңінің негізгі бөлігі аяқталды. Маусымдық бақылау бекеттері алынды. Жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша өзен арналарында судың қауіпті шығыны тіркелген жоқ. Ал тұрақты бақылауда болған алты мореналық көлдегі су деңгейі орташа көрсеткіштерден аспады.
Жағдай тұрақты. Мореналық көлдер қысқы режимге көшіп жатыр. Дегенмен табиғи қауіптердің алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңызы сақталады. Қауіпті аумақтарды бақылау, гидрологиялық мәліметтерді талдау және тұрғындарды уақтылы хабардар ету – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттары.
— Әңгімеңізге рахмет!
Олжас Әбдіхалық