jasqazaq.kz

Аршат Бақтыгереев: Қаланың жасыл қорын сақтау – басты міндеттердің бірі

Бүгін, 14:18

Алматыда өсіп тұрған 4 миллионнан астам ағаштың әрқайсысы енді қатаң цифрлық және заңнамалық бақылауда. Мегаполистегі қарқынды құрылыс пен инфрақұрылымдық жобалар кезінде аймаққа экологиялық зиян келтірмеу және жасыл желектерді сақтап қалу қала әкімдігі үшін басты басымдыққа айналды. Құрылыс жүріп жатқан аймақтардағы ағаштардың тағдыры не болмақ? Осы және өзге де тақырыптар туралы Jas Qazaq тілшісінің сұрақтарына қаланың Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереев жауап берді.

– Аршат Аманбайұлы, Алматыда құрылыс және инфрақұрылымдық жобалар көбейген сайын жасыл желектерді сақтау мәселесі де маңызды бола түсуде. Құрылыс жұмыстары кезінде ағаштарды қорғау үшін қандай талаптар қойылады?

– Құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде қолданыстағы жасыл желектерді барынша сақтау қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте жобалық құжаттама, жер учаскесінің шекаралары және жоспарланған құрылыс жұмыстарының көлемі ескеріледі.

Құрылыс аймағында орналасқан жасыл желектердің жай-күйін және құрылыс жұмыстарының оларға ықпалын анықтау үшін орман-патологиялық зерттеу жүргізілуі қажет. Зерттеу барысында жер учаскесіне арналған мемлекеттік акт пен жобалық шешімдер негізге алынады. Соның нәтижесінде құрылыс жұмыстары тікелей қамтитын ағаштар мен бұталар, сондай-ақ құрылысқа әсер етпейтін және сақталуға тиіс жасыл желектер айқындалады.

Бұл талаптар Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №211 шешімімен бекітілген Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп-ұстау және қорғау қағидаларында да қарастырылған. Атап айтқанда, қағидалардың 13-тармағына сәйкес, объектілерді жобалау және салу кезінде құрылысқа бөлінген аумақты көгалдандырумен қатар, қолданыстағы жасыл желектерді барынша сақтау көзделуі керек.

– Егер құрылыс жобасын іске асыру барысында ағаштарды кесу қажеттілігі туындаса, оған рұқсат алу тәртібі қандай?

– Жасыл желектерді кесу мәселесі белгіленген тәртіппен қаралады. Ол үшін өтініш беруші электрондық лицензиялау жүйесінің E-License порталы арқылы тиісті өтініш беріп, қажетті құжаттарды қоса ұсынуы қажет.

Олардың қатарында жер учаскесіне арналған мемлекеттік акт, жасыл желектерді орман-патологиялық зерттеу материалдары, көгалдандыру және өтемдік отырғызу жұмыстарын жүзеге асыратын ұйыммен жасалған шарт бар. Сонымен бірге өтемдік отырғызуды он еселік мөлшерде қамтамасыз ету туралы кепілдік хат пен ағаш отырғызылатын орындар көрсетілген арнайы схема ұсынылуы тиіс. Заңнамада көзделген жағдайларда жобалық құжаттама мен сараптама қорытындысы да талап етіледі.

Осы құжаттар мен зерттеу нәтижелері негізінде өтініш қаралып, тиісті шешім қабылданады. Мұндағы басты басымдық – құрылыс жұмыстарының әсер ету аймағына кірмейтін жасыл желектерді сақтау және белгіленген тәртіппен өтемдік көгалдандыруды қамтамасыз ету.

Қолданыстағы тәртіп бойынша өтемдік отырғызу он еселік мөлшерде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл талапты орындау үшін өтініш беруші кепілдік хат ұсынып, ағаш отырғызылатын орындар көрсетілген схеманы қоса тапсырады. Сондай-ақ көгалдандыру және өтемдік отырғызу жұмыстарын атқаратын ұйыммен шарт жасалуы қажет, яғни жасыл желектерді кесуге қатысты мәселе тек ағашты алып тастаумен шектелмейді. Оған қоса, өтемдік көгалдандыруды қамтамасыз ету міндеті де қарастырылады. Бұл – қаланың жасыл қорын сақтауға және дамытуға бағытталған талаптардың бірі.

– Алматының ұзақ мерзімді дамуында экологиялық тұрақтылық пен энергия тиімділігі қағидаттарын ескеру қаншалықты маңызды?

– Алматы қаласын ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, қолайлы қалалық орта қалыптастыруға, инфрақұрылымды дамытуға және әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл ретте «Алматы қаласын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы мегаполисті дамытуға қатысты талдамалық және стратегиялық сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Қаланы дамытудың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, тиісті бастамаларды іске асыруға жәрдемдеседі.

Ал Экология және қоршаған орта басқармасы өз құзыреті шегінде қаланың жасыл қорын сақтау және дамыту, көгалдандыру көлемін ұлғайту, қолданыстағы жасыл желектерді қорғау және қалалық ортаның экологиялық сапасын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

Біздің басқарманың негізгі міндеті – Алматының жасыл қорын сақтау, дамыту, көгалдандыру көлемін арттыру және қоршаған ортаның экологиялық сапасын жақсарту. Бұл бағыттағы жұмыстар белгіленген талаптар мен қолданыстағы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Олжас Әбдіхалық

Бүгін, 14:18
Аршат Бақтыгереев: Қаланың жасыл қорын сақтау – басты міндеттердің бірі
Бүгін, 14:12
Шымкентте ауыл шаруашылығы өндірісі мен қайта өңдеу жобалары кеңейіп келеді
Бүгін, 14:04
Каха Имнадзе: Қазақстанның өңірлік интеграцияға серпін беруі – заңды құбылыс
Бүгін, 12:44
Данияр Жүсіпов: Табиғи қауіптің алдын алу – басты назарда
02 қараша, 14:24
Айман Оспанова: Шымкентте медициналық көмекті цифрландыру мен жаңғырту жұмыстары күшейді
29 қазан, 14:55
Шымкент жастары: жүйелі қолдау және жаңа бастамалар
29 қазан, 13:08
Шымкент: Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары күшейтілуде
28 қазан, 18:31
Шымкент: Шағын өндіріс алаңының шапағаты
28 қазан, 17:22
«JAS QAZAQ» газетінің 10 жылдық мұрағаты зерттелді