
Оралда жеті жасар бала үшінші қабаттан құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 7 маусым күні сағат 21.06-да Зачаган кентінде болды. Бірлік көшесі, 13-үйде пәтерлердің бірінде ата-анасының қарауынсыз қалған 2014 жылы туған бала үшінші қабаттың терезесінен құлап кеткен. Бұл туралы хабар сағат 22.30-да түскен. «Алдын ала мәлімет бойынша, жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған, оған қоса бұғанасы сынып, кеуде тұсы көгерген бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Қазір травматология бөлімшесінде жатыр, жағдайы орташа», — деп хабарлады ведомстводан. Жыл басынан бері өңірде көпқабатты үйлердің терезесінен 5 бала құлап, біреуі көз жұмды. БҚО ТЖ департаменті балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ата-аналардың есіне салады.