
Биыл еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша Қостанай облысына еліміздің оңтүстік өңірлерінен 156 отбасы қоныс аударды. Көшіп келгендердің барлығы жаңа мекенде тұрақты жұмыс тауып, жайлы баспанаға ие болды.
Ең бастысы, олар тапшы мамандардың орнын толтырды. Қарасу ауданы орталығындағы орта мектеп жаңа оқу жылында төрт маманмен толықты. Олардың барлығы – Түркістан облысының тумалары. Көшіп келгендердің қатарында жас отбасы Бекжан мен Назгүл Кенжебаевтар да бар. Бірі бейнелеу және сызу пәнінің, екіншісі – бастауыш сынып мұғалімі. Үш баланың ата-анасы жаңа қоныстағы тұрмыстарына разы. Бекжан Кенжебаев, Қарасу кентінің тұрғыны: – Бізге мұндағы жағдайды басында айтты. Жұбайымыз екеумізді жұмысқа орналастырды. Қазір жағдайымыз жақсы. Қоныс аударушыларға көші-қон шығыны үшін 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік демеуқаржы бөлінеді. Одан бөлек, жан санына байланысты үй сатып алуға немесе жалдауға жәрдем жасалады. Бақыт Әбілқайырқызы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламаларды басқармасының бас маманы: – Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы болғаннан кейін әрине, міндетті түрде көшіп келіп жатқан адамдардың мамандығы болуы керек. Мамандығы жоқ болса, оларды қысқа курстар бар, әрбір курстан оқытып, содан кейін де жұмысқа орналастыруға болады. Биылғы жылдың 8 айында облыста жұмыссыздық денгейі өткен кезеңмен салыстырғанда, 0,1 пайызға төмендеген. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына бөлінген 7,8 миллиард теңгенің 6 миллиардқа жуығы игерілген. Аида Құсайынова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары: – Әлеуметтік жұмыс орындарымен, жастар практикасы және қоғамдық жұмыстармен 5 мыңға жуық адам қамтылды. Сегіз айдың ішінде Еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша 21 мыңнан астам адам екі қолға бір күрек тапты. Қостанай облысында қай саланы алсаң да, мамандар тапшы. Келгендерге көмек, қолдау көрсетуге әзір. Биыл болжам бойынша оңтүстіктен Тобыл өңіріне 300-ге жуық отбасы қоныс аударуға тиіс.