
Шымкентте көлік қозғалысын жеңілдету және тұрғындарға қоғамдық көлікті қолжетімді ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Қалада жаңа жолайрықтар мен теміржол өткелдері салынып, бірқатар көшелер кеңейтілуде. Сонымен бірге автобус бағыттары қайта қаралып, қоғамдық көлік паркі жаңартылуда. Ал бағдаршамдардың жұмысын көлік ағынына қарай реттейтін интеллектуалды жүйе қала көшелерінің басым бөлігіне енгізіліп келеді.
Осы жұмыстардың барысы және алдағы жоспарлар туралы Jas Qazaq тілшісіне Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев айтып берді.
– Өмір Сәметұлы, Шымкенттегі көлік кептелісін азайту үшін қазір қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Қаладағы негізгі міндеттердің бірі – көлік қозғалысын жеңілдетіп, қолданыстағы жолдарға балама бағыттар қалыптастыру. Осы мақсатта бірнеше ірі жоба қатар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында жолайрық салу, Момынов және Тіленшин көшелерінде теміржол өткелдерін жасау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қонаев, Ақсүмбе, Қазиев, Шұбаркөл көшелерінің жалғасын салу, А-2 айналма жолын және Исрайлов көшелерін қайта құру жобалары іске асырылып жатыр.
Кептелісті азайтудың тағы бір жолы – көшелердің өткізу қабілетін арттыру. Осыған байланысты Әл-Фараби, Қ.Төлеметов, М.Шохай және Жібек жолы көшелерінде бөлу жолақтарын алып, қосымша қозғалыс жолақтарын қосу жұмыстары жүргізілді.
Кейбір қиылыстарда оңға бұрылатын арнайы өткелдер де ұйымдастырылды. Мысалы, Т.Рысқұлов – Өтегенов, Мәделі қожа – Қазиев көшелерінің қиылыстарында және Қалдаяқов көшесі мен Абай даңғылы қиылысында осындай шешімдер енгізілді.
Сонымен қатар Қапал батыр көшесінің, яғни Ленгір тас жолының теміржол өткелдерімен қиылысатын бөліктерінде жолды кеңейтіп, қосымша жолақтар қосу жұмыстары атқарылуда. Биыл үш жерде жасанды жол кедергілерін алып тастап, олардың орнына жаяу жүргіншілер бағдаршамдарын орнату жоспарланған.
– Бағдаршамдардың өзі кептелісті азайтуға қаншалықты көмектеседі?
– Бұл бағытта интеллектуалды көлік жүйесінің маңызы зор. 2024–2026 жылдары қаладағы 402 бағдаршам нысанының 355-іне интеллектуалды көлік жүйесі орнатылды.
Жүйенің ерекшелігі – бағдаршамның жұмыс уақыты көлік ағынына қарай реттеледі. Яғни белгілі бір бағытта көлік көбейсе, жүйе соған қарай бағдаршамның жұмыс тәртібін өзгерте алады. Бұл көлік қозғалысын біркелкі ұйымдастырып, артық кептелістердің алдын алуға мүмкіндік береді.
– Ал қоғамдық көлік бойынша тұрғындарға қандай өзгерістер бар? Автобустар жеткілікті ме?
– Қазіргі таңда Шымкентте 83 тұрақты маршрут бойынша күн сайын 993 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 82-сі әлеуметтік маңызы бар маршруттарға жатады. Бұл бағыттарға 14 көлік компаниясы қызмет көрсетеді.
Қоғамдық көлік паркін жаңарту да тұрақты жүргізіліп келеді. Мәселен, 2023 жылы 40 жаңа автобус, 2024 жылы 19, 2025 жылы 88, ал 2026 жылы тағы 63 жаңа автобус сатып алынды.
Сонымен бірге маршруттардың барлығы бірдей тұрақты түрде сұранысқа ие бола бермейді. Сондықтан тұрғындардың өтініштері мен жолаушылар ағынына талдау жасалып, биыл 10 маршруттың қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізілді. Тағы 5 маршруттың қозғалыс кестесі жолаушылар санының өсуіне байланысты ұлғайтылды.
Мысалы, биылғы 25 ақпандағы конкурс нәтижесінде №8 автобус маршрутына «Строй Авто Газ» ЖШС қызмет көрсетуде. «Көл аялдамасы – Мұнайбарлаушылар» бағыты бойынша жұмыс істейтін бұл маршрутта жұмыс күндері 5 автобус 28 минуттық интервалмен қатынайды. Ал демалыс және мереке күндері 3 автобус 46 минуттық интервалмен жүреді.
Жалпы, мақсатымыз – тұрғындардың сұранысына қарай маршруттарды тиімді ұйымдастыру, автобустардың қозғалысын оңтайландыру және қоғамдық көлікті барынша қолайлы ету. Сондықтан маршруттық желіге талдау жасап, автобустарды жаңарту және көлік қозғалысының тиімділігін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық