jasqazaq.kz

Ұстанымы ұқсас Оман

Бүгін, 15:02

Тарихшыларға құлақ түрсек, Машрих (Шығыс) пен Мағрибті (Батыс) бір-біріне жалғаған құрлықтағы Жібек жолының жабылуына түйе керуенінің кемеге жол беруі себеп болған. Бұған сауда -саттықтағы бәсекенің ықпал еткені белгілі. Өйткені судағы сауда жолымен бұрынғыдай айлап-жылдап жүрмейсің. Тауар тез жетеді. Бірақ мұнымен күре тамыр тарих қойнауына кеткен жоқ. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Жібек жолын теңізде де жаңғыртып жатқан елдер де бар. Оман сұлтандығы — солардың бірі.
Күні кеше Азия мен араб әлеміндегі ықпалды осы мемлекеттің басшысы – сұлтан Хайсам бин Тариқ Әл Саид елімізге мемлекеттік сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесіп, екі жақты келіссөз жүргізілді. Орайы келгенде айта кетейік, бұл Оман Сұлтанының Қазақстан мен Орталық Азия өңіріне алғаш рет мемлекеттік сапармен келуі.
Оманның сыртқы саясат пен экономикадағы ұстанымы Қазақстанға қатты ұқсайды. Көпвекторлық бейбіт қарым-қатынасты құп көреді. Әділ де бейтарап дәнекер. Қайбір жылы кейбір көршілер бір-бірімен дүрдараз болып жатқанда даулы түйіннің мәмілемен шешілуін жақтады Содан шығар, сарапшылар оны «Таяу Шығыстың Швейцариясы» деп те атайды.
Экономиканы әртараптандыру (диверсификация) басым бағыт. Әйтпесе, мұнай мен газ жеткілікті. Анықталған «қара алтын» қоры 5 млрд баррельден асады. Қазба байлыққа иек артып отыра бермей, біздің ел сияқты оңтайлы географиялық мүмкіндікті пайдалануға, әсіресе, көлік-логистиканы дамытуға күш салды. Бұл жерде сұлтандықтың шығанақ, бұғаз, теңіз және мұхитпен шектесіп жатқанын айтқан жөн. Бұғаз демекші, Ормуз (Хүрмүз) осы маңда. Алайда, Шығанақтағы шырғалаң көмірсутегі экспортына кедергі келтіре қоймады. Өйткені елдегі Сохар, Духм және Салалах порттары танкердің тұмсығы тығырыққа тірелген әлгі су өткелінен ұзақта. Осы айлақтар арқылы Оман бұғазы мен Үнді мұхитына төте жолмен шығуға болады. Бұл қазіргі қысылтаяң шақта баламалы бағытты пайдаланып, «ship to ship» (кемеден кемеге) жүйесімен мұнай трансферін жасап жатқан көрші елдердің компанияларына да тиімді.


Астанадағы жүздесуде аталған айлақтардың әлеуеті де әңгіме өзегіне айналды. Президент Қ. Тоқаев еліміздің Оманды стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, порт инфрақұрылымы жетілген, Азия мен Африканың алып нарықтарына шығатын жолы бар мемлекет ретінде көлік-логистикадағы маңызды серіктес деп санайтынын мәлімдеді. Ал Хайсам бин Тариқ Әл Саид осы саладағы ынтымақтастықты нығайтып, әлгі порттар арқылы сауда дәліздерін бірлесе өркендетуге ниетті екенін жеткізді. Қазақстан да Каспийдегі порттардың әлеуетін арттыруға ерекше мән беретінін ескерсек, өзара ықпалдастыққа осы саладағы «win-win» стратегиясының қос тарапқа тиімді екені күмәнсіз.
Екі мемлекеттің шикізат экономикасынан арылу жолында түйісетін тұсы — туризмнің мүмкіндігін пайдалану. Мұның қауіпсіздік, мінсіз қызмет, сапалы инфрақұрылым және тазалыққа байланысты екені әмбеге аян. Зерттеушілер түбегейлі реформалар басталғанға дейін Омандағы асфальт жолдың ұзындығы шақырымға шаққанда саусақпен санарлықтай болған деседі. Сондықтан үкімет аталған салаларға айрықша мән берді. Соның арқасында шетелдік саяхатшылар легі үш жыл бұрын 4 миллионға жетті. Ал тұрғылықты халық саны 6 миллионға жуықтайтынын ескерсек, бұл, сөз жоқ, елеулі көрсеткіш. Бүгінде араб жазирасындағы көрікті мекендерді тамашалауға, су спортымен айналысуға баратындардың қарасы қалың. Дәл осындай көзқарас Қазақстанда да қалыптасып келеді. Біздің артықшылығымыз — жаз ғана емес, қысқы турзим де тартымды. Сапар барысында екі ел үкіметтері әуе қатынасы бойынша келісімге қол қойды. Демек өзара барыс-келіс жандана түседі деген сөз. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықтың орны бөлек. Бұл ретте еліміздің Оманмен бірге Шығанақ елдерін құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз етуде әлеуеті зор екені белгілі.
Қазақ-Оман келіссөздері нәтижесінде екі жақты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бұлардың арасында «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Oman Investment Authority» Оман ұлттық инвестициялық қоры арасындағы бірлескен инвестициялық құрылым (қор) құру жөніндегі келісім де бар. Аталған қор болашақта бірлескен ірі жобаларды қаржыландырады деген сенім мол.
Бұған қоса, «ҚазМұнайГаз» бен «OQ Exploration & Production» компаниясы геологиялық барлау жүргізу жөнінде уағдаласты. Көмірсутегіге келсек, «Oman Oil» компаниясының Маңғыстаудағы Доңға кенішін игеруге атсалысып жатқанын айту керек. Күні кеше еліміздің энергетика министрлігі аталған кен орнына қатысты аса маңызды келісімге қол қойылғанын хабарлады.
Қазақ елі мен Оман сұлтандығының адам капиталы, цифрлық технология мен ЖИ әлеуетіне қатысты көзқарасы да бір арнада тоғысады. Мұндай ұстаным ұқсастығы дос әрі бауырлас елдерді бұдан да жақындатып, өзара ықпалдастыққа тың серпін берері анық.

Срайыл Смайыл
Сурет: aqorda.kz, mapsfordesign.com

06 қазан, 15:09
122 года спустя: Память, наследие и школа Мухамеджана Фаризова
05 қазан, 14:25
Бағдат Байболов: Су жүйесін жаңғырту – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етудің негізгі тетігі
02 қазан, 13:16
Кино – тарих сөйлейтін тіл
01 қазан, 14:17
Шымкенттің мәдени өмірі жанданып келеді
30 қыркүйек, 20:17
Шымкент: Өрісі кеңейген өңдеу өнеркәсібі
30 қыркүйек, 14:40
Шымкенттегі медициналық инфрақұрылым: жаңа нысандар бой көтереді
29 қыркүйек, 15:58
Шымкентте бұқаралық спортқа басымдық берілуде
28 қыркүйек, 14:29
Шымкент: Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде
22 қыркүйек, 16:36
Зауыт құрылысында - отандық жабдық! (Видео)