«Тау Тұран» жазғы лагерінде оқушыларға арналған «Болашақ – менің таңдауым!» жобасы өз мәресіне жетті. «Шеврон» компаниясымен «Білім – Орта Азия» білім беру орталығы бірігіп іске асырған жобаға алматылық оқушылар қатысты.

Жасөспірімдер әсем шатқалда он күн демалып, көшбасшылық негіздерін үйреніп, әлеуеттерін арттырды. Оларға белгілі психолог, театр актерлері, режиссер, фотограф және дизайнерлер қатарынан құралған тәжірибелі жаттықтырушылар мен тәрбиешілер көмектесті. «Білім – Орта Азия» білім беру орталығының басшысы Лариса Горбунова: «Биыл лагерьде біз ішкі жандүниені тануға, шығармашылық әлеуетті дамытуға, құрбы-құрдастармен қарым-қатынас құру дағдыларын жақсартуға баса назар аудардық. Бұл мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беруде өте маңызды. Тиімді оқыту қағидасын бірнеше жыл бойы іске асырып келеміз», – дейді.

Жоба аясында талантты оқушылар көрермендерге достық, мамандық таңдау, өз ойыңды жеткізу сынды тақырыптарға түсірген бейне роликтерін ұсынды. Сонымен қатар сценарийін өздері жазған тақырыптық спектакльдерін қойды. Оқушылардың ойлау қабілеті мен жылдам шешім қабылдауына бағытталған жоба әлі де жалғасады. Жобаға қатысқан әрбір оқушы ұйымдастырушылар тарапынан берілген дипломдармен марапатталды.
Мақпал Ноғайбаева