
Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатов ұсталды. Онымен қоса, осы ұйымның аудандық бөлім басшылары Қарақұлов пен Махатай да қамауға алынған. Бұл туралы NUR.KZ порталы Ұлттық бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Күдіктілер бопсалау арқылы мемлекеттік сатып алуларға қатысты келісімшарт жасасқандары үшін заңды тұлғалардан пара алып отырған. Келісімшарттар «2017-2021 жылдарға арналған жаппай кәсіпкерлік пен тиімді жұмыспен қамтуды дамыту» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыссыз халықты кәсіби дайындықтардан өткізуге арналған мемлекеттік сатып алулар төңірегінде жасалып келді.
Қылмыстық жүйе 2016 –2017 жылдар бойы іске асып келген.
Паралардың көлемі келісімшарттағы соманың 20%-30%-ын құраған. Қаржылай тұрғыда 3-20 млн теңге.
15 қыркүйек күні 6,4 млн теңге пара алып жатқан сәтінде Полатов, Қарақұлов пен Махатай құрықталып, Шымкент ІІД уақытша оқшаулағышына қамалды.
18 қыркүйек күні күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды.
Соталды тергеу жүргізілуде.