
Қазақ-қытай шекарасындағы ұзын-сонар кезек одан сайын созылмаса, әлі сейілер түрі жоқ. Тіпті жүргізушілердің кейбірі бұл жерде тұрғанына бір ай болғанын айтуда. Алматы облысындағы «Нұр жолы» бекетіндегі жағдай күн сайын қиындап барады. Шекарада тұрып қалған жүк көліктерінің саны мыңнан асып кетті. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Айқайға басып шапалақпен шатақ шығарған жүргізушілердің қай жағынан болмасын сабыры сарқылғандай. Күн астында қақталып, кептелісте тұрғандарына бірнеше апта болған. Межелі жерге жете алмай титықтағандардың жүйкесі де жұқарғандай. Кептеліс қақпанынан құтылу үшін жеңіл көліктер қарсы бетпен жүйіткіп жүр. Мұнда қазақстандық жүргізушілерден бөлек, Ресей мен Беларусь жүргізушілері бар. Олар да өткізу бекетінің жұмысы жүйеленбегеніне наразы. Жанайқайын жеткізген жүргізушілердің редакцияға жіберген видеолары жетіп асады. Өткен аптада мұндағы жағдайдан арнайы репортаж беріп, сұрау салдық. Билік «Нұр жолы» бекетіндегі жағдайдан хабардар. Бірақ өгіз аяңмен әзір мәселенің тігісін әлі жатқыза алмай отыр. «Өткізу бекеті штатты режимде жұмыс істейді» деген жауаптан танбайды. Келіп, көздерімен көрсе, мүмкін басқаша айтар ма еді. Сондықтан «Нұр жолы» бекетінде қайтерін білмей, кептелісте тұрған жүргізушілер арнайы тексеріс өткізілгенін қалайды.