
Ақмола облысының Қосшы қаласында жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушыларының саны 2020 жылғы көрсеткіштен асып түсті. № 2 орта мектепте 1 «Ы» сыныбы ашылды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Целиноград аудандық білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтың айтуынша, жаңа оқу жылында қаладағы бірінші сынып оқушыларының саны 1000-нан асқан.
«2021 жылы Қосшы қаласындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы №1 мектепте бірінші сынып оқушылары — 385. № 2 орта мектепте — 635 бірінші сынып оқушысы, «Дара» бизнес академиясы» мектеп-лицейінде — 96 бірінші сынып оқушысы бар.
Жалпы, биыл қаладағы бірінші сынып оқушыларының саны — 1116 бала. Бұл былтырғымен салыстырғанда көп. Былтыр Лесная полянадағы мектепте 480 бірінші сынып оқушысы болды. Бірінші мектепте 320 бала болды», — деді Қанат Ахметов.
Оның айтуынша, Лесная полянадағы мектепте биыл бірінші сынып оқушыларының көптігіне байланысты 1 «Ы» сыныбын ашуға тура келген. Мектепте барлығы 26 бірінші сынып бар.