
Нұр-Сұлтан қаласында 21 қарашада дәмханада газдың жарылуынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Нұр-сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақтың айтуынша, сенбі күні зардап шеккен 23 адам №1 және №2 көпбейінді қалалық ауруханаларға жеткізілді. Тағы 11 зардап шегуші жеңіл жарақатпен амбулаториялық емделуге жіберілді.
Зардап шеккендердің басым бөлігі – мекеме қызметкерлері.
«Үш науқас жансақтау бөлімінде жатыр, біреуінің жағдайы аса ауыр, екі адамның жағдайы ауыр», — деді баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ.
Науқастардың басым бөлігі ауруханаға әртүрлі дәрежедегі термиялық күйік және орташа ауырлықтағы көміртек тотығымен уланып түскен.
«Тағы бір науқас травматология бөлімінде жатыр. Науқас жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, миы шайқалған. Бұл ер адам – дәмхана қызметкері. Қалған адамдар комбустиология бөлімінде (күйік бөлімі – Sputnik)», — деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Орташа дәрежеде зақым келген адамдардың денсаулығында асқыну байқалмайды.