NEO көзқамандар

13 маусым 2020, 18:44

Қайсыбір жылы Өзбекстанның Әндіжан аймағынан келген төрт жігітке үй салдырдым. Әңгіме әлгі жігіттердің еңбекқорлығы туралы емес, мемлекетшілдігі хақында болмақ. Жалданып нан тауып жүрген адамда қайдағы мемлекетшілдік демеңіз. Оданда оқыңыз!

Жұмыс кезінде бос сөз сөйлеп, уақыт өткізбейді. Әркім өз жұмысымен айналысады. Түскі ас кезінде Өзбекстандағы соңғы жаңалықтар, ел мен жердің жағдайы туралы өзара кеңес құрады. Мені өзбекше түсінбейді деп ойласа керек, кейбір құпия саналатын әңгімелерді де сапырады-ай келіп. Ұйғыршаны жақсы білетінім бар еді, өзбекшені де түсіну қиын болмады. Бірер аптадан кейін құлақ үйренді, өзағаларымның әңгімесін жүдә қиындықсыз түсіне беретін болдым.
Әлгі жігіттер өзара әңгімелескенде Кәрімовтың халыққа жасаған жақсылығын тамсанып тұрып айтады (Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов сол жазда қайтыс болған-ды). Қазіргі басшылары Шавкат Мирзияевтың шыққан тегін, билікке қалай келгенін, енді қалай жұмыс істейтінін өздерінше талқылап, долбар жасап отырады. Саясат десе езуіміз көбіктеніп кететін әдетіміз бар. Аз уақыттан кейін әлгілердің әңгімесіне араласамыз. Сонда байқағаным, арып-ашып, азып-тозып, басқа елде біреуге жалданып жүрсе де, өзбек жігіттері өз елінің президентін, мемлекетінің жүргізіп отырған саясатын еш жамандамайды-ау, шіркін! «Бізде хәммасы яхшы!», «Өзбекстан Орталық Азиядағы ең бай мемлекет болады Құдай қаласа!» деп мақтанып тұрады.
«Бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, осында үй салып, арба сүйреп жүрген қай өзбекті көрсеңіз де, сыртқа жүнін қампайтып, мемлекетін ешқашан жамандамайды. Мақтап отырады. Соған көзім жеткен.

Мұны неге айтып отырмыз? Соңғы жылдары шетелді, әсіресе, АҚШ пен Еуропаны жақсы көретін жастар көбейіп барады. «Жұмақ Америкада, бейіш Еуропада» дейтін жастардың дені сол елдердегі жақсы өмірді ғана сөз етеді, көлеңкелі тұсын көрмейді, көргісі келмейді.
Осы тақырыпты таратып жазайық деген оймен шетелден оқып келген курстас қыз-жігіттерге хабарластық. Атын атап, түсін түстеуден аулақпыз. «Болашақ» бағдарламасымен Еуропадан білім алған бір қыз: «Тапсырма қай жақтан түсті?» демесі бар ма!
– Ешқандай тапсырма емес. Біздің ой АҚШ болсын, Еуропа елдері болсын, сол жақтағы көрген-білгендеріңді: барды – бар, жоқты – жоқ деп айтып берсеңдер, – дедім.
– Ол жақта бәрі тамаша! – деді.
– Бәрі тамаша екенін мен де сеземін. Бірақ ол жақта да қайыршы бар шығар? Көшеде жататын маскүнем мен жұмыссыздар бар ғой. Тіпті гейлер көшеде ашықтан-ашық құшақтасып жүреді дегендей. Сол жағын айтып берсең, – дедім.
– Маған сабақ берген оқытушым гей. «Күйеуі» бар. Ортақ балалары да бар. Гей болғанда тұрған не бар? Мен үшін гей деген түк таңсық емес, – деп қарап тұр.
Одан ары сөз таба алмай қалдым. Бар айтқаным: «Қазақ ауылында туған қыз едің. Қазақ дәстүріне, қазақы тәрбиемен сусындап өсіп едің, халқымыздың ұғым-түсінігімізге жат қылықты жатсынбай тұрғаныңа таңым бар? Сені түсінгім келеді. Бірақ түсіне алмадым», – дедім. Әңгіме сонымен тәмәм болды.

Еуропадан оқып келген тағы бір курстас досыма қоңырау шалдым. Бұрын ұлттық басылымдардың бірінде жұмыс істеген жігіт. Жөні түзу әңгіме айтса, осы айтар. Мені тыңдап болған соң адами қарым-қатынас, кісілік құқық, Еуропа елдеріндегі азаматтардың құқығы, ойлау жүйесі туралы ағылшын терминдерін қосып жарты сағат сөйледі. Әлгінің жарты сағаттық сөзінен жарты минуттық түсінік ала алмадым. Әңгімесінің түйінінде өзінің әлеуметтанушы екенін көрсеткісі келді ме, біздің халықтың жат қылық санап жүрген Америка мен Еуропадағы қызтеке, бала мен әке-шеше арасындағы қарым-қатынас, үлкен мен кіші, обал мен сауап, жақсылық пен жамандық дегеннің бәрінің еш зиянсыз мәдениет екенін түсінікті тілмен айтып, сөзін аяқтады.
Лондонда тұрып жатқан, «Болашақпен» оқыған тағы бір қызды тауып алдым. Мамандығы журналист екен. Оны да «үркітіп» алмайын деген оймен, сұрағымды барынша жіңішкелеп түсіндірдім. Құдай атқанда оның да санасы тұмшаланып кетіпті. Салған жерден әңгімесін былай бастады:
– Сендер қазаққа жат, қазақтың ұғым-түсінігіне томпақ, салт-дәстүр, анау-мынау дейсіңдер. Соның бәрі бос былжырақ. Мен үшін бұрын қорқынышты саналатын гей, көгілдір, педофил дегендердің бәрі қалыпты адам екен. Оларға үрке қараудың жөні жоқ. Гейді құбыжық санау – солай ойлайтындардың проблемасы. Елді аузына қаратқан данышпандардың көбі гей болған. Мысалы, израильдік әйгілі тарихшы Юваль Ной Харари да гей», – деп, ешнәрсеге, ешкімге шаң жуытқысы келмеді.
– Үш-төрт-ақ жыл тұрып осыншама өзгеріп кеткенсіз бе? – деп күлдім, сөзімнің соңын әзілге айналдырған болып.
– Еш өзгерген жоқпын. Біздер, қазақтар бәрін қасаң ойлаймыз. Ойлау жүйеміз дамымаған. Бізге мидағы «шекараны» ашу керек. Жеке басым Еуропадан негатив көрмедім, сезінбедім. Қайта елге қайтуға қорқып жүрмін, ел түртпектейді ғой бір-бірін, тыныш өмір сүргізбейді. Ал мұнда барлық адамның құқы қорғалған, бәрі бейбіт, тыныш. Әрине, қазақтар мен еуропалықтардың мәдениеті бөлек, туған-туыстар біздегідей жақын араласпайды. Баласы әке-шешесінің үйіне келіп қонбайды. Біздегідей көл-көсір дастархан жайып, қонақ шақырмайды. 18 жастан кейін бала әке-шешесіне масыл болмайды. Өз алдына жеке өмір сүріп кетеді. Ал біздегі сияқты қымтанған қоғамнан келген адам бұл жақтың «күнгейін» көруге бейіл тұрады.
– Сіздің айтып отырғаныңыздың бәрі сол «күнгейі» емес пе?
– Бізде коллективтік сана, қоғам үшін не керек деген нәрсе алға шығады.
Бұларда индивидуалды қоғам, жеке адамға не керек деген сана алға шығады. Соны толық түсініңіз. Сонда ғана менің Еуропаны неге мақтап отырғанымды түсінесіз, – деп сөзін түйіндеді.
Әңгімеміздің басында бізге келіп үй салып жүрген өзбектердің мемлекетшілдігін айтып едік. Біздің шетелге барып оқып жүрген, Қазақстанның ақшасымен білім алатын­дардың бәрі мемлекетке сол өзбектер құрлы қызмет қылып жатыр ма? Әй, қайдам? Қазақстанды Америкамен, Еуропамен салыстырып, қит етсе, сол жаққа «кету керек» дейтіндер өз елінің кемшілігін тергенде алдарына жан салмайды. Осындай жастардың пиғылын көрсе, марқұм Шер-аға «Бұл да бір кем дүние» дер ме еді…

Жарас КЕМЕЛЖАН

«Миына мың-миллион ине болып қадалып, өз жанын өз шашы шабақтаған мәңгүрттің аянышты хәлі мәлім. Ал көзқамандар білімді, ақыл-есі бүтін, дүниежүзі тарихы мен экономикасынан сөз қозғағанда желдей еседі. Тіпті, кітап та жазатын санасы бар. Бірақ олардың білімі өз ұлтына жанасымы жоқ космополиттік білім. Көзқамандардың қазіргі мұрагерлері өз ана тілін білмейді. Халықтың салт-санасын мансұқтайды. Елінің тарихын қадір тұтпайды. Ең қасіреттісі сол, елінде болып жатқан құбылыстарға өз ұлтының мақсат-мұраты тұрғысынан емес, басқа бір елдің көзқарасы мен дүниетанымы биігінен қарайды. Сондықтан өз ұлты былай тұрсын, өзін туған ата-анасын танудан қалатын бейшара мәңгүртке қарағанда көзқаман әлде қайда қауіптірек. Осы жағдай жанымды қатты қинайды»

Рахманқұл Бердібай

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды