Өткен демалыс күндері «Медеу» мұз айдынында Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) қолдауымен спидвейден (мұздағы мотожарыс) жеке әлем Чемпионатының алғашқы финалы өз мәресіне жетті. Қазақстанның оңтүстік астанасында қазақстандық спортшыларды қоса алғанда, әлемнің бес елінен келген үздік 18 мотошабандоз сайысқа түсті.

Жеке әлем біріншілігінің алматылық кезеңінде Австрия, Германия, Ресей, Швеция және Қазақстан спортшылары бақ сынасты. «Медеудегі» «мұз гладиаторларының» шайқасына екі күн ішінде он мыңға жуық көрермен көз тікті. Сәл аязды ашық күн райы жарыстарға қолайлылық тудырды, және жанкүйерлер спорттық құмарлық пен адреналинге толы осы сайыстың сұлулығы мен қуатын сезіне алды. Жарыстың бірінші күні Ресей мен Қазақстанның Үкімет басшылары Д.Медведев пен Б.Сағынтаев әлемнің үздік мотошабандоздарының жарысын қызығушылықпен тамашалады.
Жарыстың екінші күні нағыз спидвэй шеберлерінің текетірестерімен есте қалды. Барлық жарыс айналымы бойы негізгі күрес ресейлік мотошабандоздар арасында жүрді. Финалға іріктеу кезеңдерінде ең көп ұпай иеленген ресейлік райдерлер Даниил Иванов, Дмитрий Хомицевич, Динар Валеев және Дмитрий Колтаков өтті. Еуропалық шабандоздар арасында алдыңғы күні ресейліктерге бәсекелестік танытқан жас швед шабандозы Мартин Хаарахилтунен екінші күні жартылай финалда бұрылыста алаңға сыймай, бөгеуіл маттарға соқтығысты, осылайша финалдық кезеңге қатысу мүмкіндігін уысынан шығарып алды.
Жарыстың бірінші күнінің финалисі ресейлік Динар Валеев шешуші жарыста тәжірибелі әріптестеріне жол беріп, үшінші орынға табан тіреді. Ал қазіргі әлем чемпионы Дмитрий Колтаковқа «Медеу» финалында жеңіс үшін жылдамдық жетпеді, нәтижесінде ол өз отандастары Хомицевич пен Ивановты алға жіберіп алды.

Нәтижесінде барлық кезеңдерде жинаған ұпай саны бойынша ресейлік мотошабандоз Даниил Иванов 38 ұпаймен алматылық финалдың жеңімпазы атанды. Дмитрий Хомицевич екінші нәтиже көрсетті – 35 ұпай, Динар Валеев үшінші — 32 ұпай. Қазіргі әлем чемпионы Дмитрий Колтаков алматылық кезеңді төртінші орында 31 ұпаймен тәмамдады.
Айта кету керек, жарыстың екінші күні мұз трегіне резервтегі қазақстандық мотошабандоздар Павел Некрасов пен Денис Слепухин шықты. Іріктеу айналымдарының бірінде қазақстандық шабандоз Андрей Шишегов австриялық райдер Чарли Эбнерді басып озып, бірінші болып мәреге жетті. Дода әзірге қазақстандық спортшылардың әлемнің үздік спортшыларымен тең дәрежеде бәсекелесе алмайтынын көрсетті. Жастардың осы сайыстарға қызығушылық танытып, іріктеу турларынан өтіп жатқаны қуантады, сондықтан да біздің спортшыларымыздың шеберлігі шыңдалуда.

Алматы финалының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) спорт директоры Жан-Поль Гамбо қазақстандық автомотоспорт Федерациясы тарапынан жарыстың үздік ұйымдастырылғанын атап өтті.
— Биыл қазақстандық тарап әлем чемпионатының финалына дайындық бойынша үлкен жұмыс атқарды. Ауқымды спорттық іс-шараны өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған және мұз аренасының инфрақұрылымы FIM регламенттері мен стандарттарына сәйкес келді. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз тек дами түседі деп сенеміз, — деді Жан-Поль Гамбо.
Баспасөз мәслихатында Қазақстан автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев былай деді: «Біз спидвэй бойынша әлем Чемпионатын бесінші рет қабылдадық. Әрине, жарыстарды ұйымдастыруға септігін тигізетін маңызды тәжірибе жинақталды. Сондай-ақ, қазақстандық шабандоздардың прогресін де атап өткім келеді. Біздің команда жарыстарға дайындығын пысықтады және биыл Ресейдің Тольятти қаласында өтетін әлем Чемпионатының командалық есебіне қатысады».
Естеріңізге сала кетейік, биыл мұздағы мотожарыстан әлем Чемпионаты барлығы жеті – екі іріктеу және бес финалдық кезеңдерде өтеді. Жеке чемпионаттың бірінші финалдық кезеңі Қазақстанда өткізілді, екінші кезең Ресейдің Шадринск қаласында өтеді, одан кейін шабандоздар Германия мен Нидерландта жарысады. Әлем Чемпионатының командалық есептері ресейлік Тольятти қаласында басталады, оған жиырма жылдан астам үзілістен кейін қазақстандық мұз гладиаторлары командасы қайта қатысады.
Жалпы, аты аңызға айналған «Медеу» мұз айдыны аталмыш жарысты төртінші рет қабылдады, ал Қазақстан үшін бұл — спидвейден бесінші рет сәтті өткізілген әлем біріншілігі. Биыл Алматы финалы ҚР автомотоспорт Федерациясы серіктестері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Амитех Астана» және «Бардаль» компаниялары, сондай-ақ ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.