Мұрат Бақтиярұлы: Біз тәрбиесіз «мәдениетті» көбірек қабылдадық

31 шiлде 2020, 12:16

Бүкіл әлемді тығырыққа тіреп, сабыр мен төзімді сарқып, өлім мен өмірдің мәнін терең ұғындырған жұқпалы індет әлі күшіне мініп тұр. Біздің елді де айналып өткен жоқ. Ел басына күн туғанда, кейбір пысықтар мен алаяқтар ақша жасаудың алуан түрлі амалын ойлап тауып, қалтасын қампайтып қалуда. Сенатор Мұрат Бақтиярұлымен әңгімемізге қоғамның өзегіне түскен жегіқұрт – жемқорлық, қолдан жасалған дәрі-дәрмек тапшылығы, дәрігерлердің біліктілігі де арқау болды.

Jas qazaq: Мұрат аға, Алматыда жалған дәрі-дәрмек жасайтын астыртын цех табылыпты. Осыны айтып, әріптесіңіз Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздің Бас прокурорына депутаттық сауал жолдады. Тексере келгенде әлгі дәрілерге арналған қорап шығаратын баспахана мен дәрі сақтайтын қойма да табылып, 100 тоннадан астам күмәнді препарат тәркіленген. Бұл дәрі тапшылығын пайдаланып ақша жасау ма, әлде бақылаудың жоқтығы ма?

М.Бақтиярұлы: Әлемде бизнестің мол табыс әкелетін бірнеше түрі бар. Мысалы, қару-жарақ, дәрі-дәрмек бизнесі. Ал қазір өкінішке қарай, елде болып жатқан жағдайға байланысты дәрі-дәрмек бизнесі тым шарықтап кетті. Оның ашық та, жасырын түрі де көбейді. Кешегі Алматыда болған оқиға соның бірі ғана. Дәрі-дәрмек бизнесіндегі «көлеңкелі бизнес» кеше ғана болған жоқ, бұрыннан бар. 2011 жылдан бастан СК-Фармация компаниясы құрылды. Қазақстанға келетін дәрінің бәрін сол компания әкелетін болды. Оған кезінде депутат ретінде қарсы болғанмын. Үкіметке депутаттық сауал да жолдадық. Өйткені, біріншіден, Қазақстан сияқты жер аумағы үлкен мемлекетке бір компанияның дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі мүмкін емес. Екіншіден, отандық өндіріске үкімет мүдделі болмады. Мысалы, Қазақстандағы дәрі өндірісінің 18 пайызы ғана отандық өнім. Қалғаны шетелден келеді. Сонда бұл бизнес емей не? Бизнес болғанда да үлкен бизнес. Менің әріптесім Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтып жүргені рас. Ол – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өйткені бұл – халықтың денсаулығы.

Jas qazaq: «Дәрі-дәрмекті бақылаудың жоқтығы ма» дегеніміздің өзіндік себебі бар. Мысалы, дәрі бағасын ортадағы алыпсатар бір көтереді. Одан кейін дәріхана қожайыны ойына келген баға қояды. Тұтынушыға жеткенше бір тал дәрінің бағасы бірнеше есе өсуі мүмкін. Құзырлы орындар қайда қарап отыр?

М.Бақтиярұлы: Президент өзінің үндеуінде үкіметтің, әсіресе денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың індетке қарсы нақты іс-шара жасамағаны туралы ашық айтты. Толық қолдаймын. Бұл парламент қабырғасында да айтылған болатын. Тыңдайтын құлақ болмады. Өкінішке қарай, көптеген отандастарымыз дер кезінде нақты дәрігерлік көмек ала алмағандықтан, тиісті дәрі-дәрмек жетпегендіктен өмірден озды. Бүкіл билік олардың алдында кінәліміз деп санаймын. Әлі де болса он мыңдаған адамға көмек қажет. Олар қатты қиналуда. Барлық күшімізді солардың өмірін сақтап қалуға жұмсауымыз керек. Үкімет абаттандыруға, жол салуға, тағы басқа шығынды қысқартып, оның орнына қажетті медициналық құрал-жабдық сатып алуы керек. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ.

Өзім танитын қаншама таныс кісілер дүние салды. Алла имандарын жолдас етсін! Жүрегің ауырады. Қолдан келгенше дәріге каржы таппай қиналған таныс ағайындарға көмектесуге тырыстық. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы емес екенін білемін. СК-Фармация не істеп жатыр? Соңғы айларда коронавирусқа қарсы республикалық бюджеттен бөлінген 24 млрд теңге қайда жұмсалды? Елде дәрі тапшылығы неге орын алды? Бар дәрілердің бағасы неге қымбат? Өз көзіммен көргенім – қарапайым азаматтардың көпшілігінде керекті дәрі-дәрмек алуға мүмкіндігі жоқ.

Әкімдердің құрғақ цифрларға құрылған үндеуі мен баспасөз мәслихатынан пайда жоқ. Нақты іске көшу керек. Көптеген жобаларды, әсіресе жолға бөлінген 700 млрд теңгеге жуық ақшаны халықтың денсаулығына қарай бұрған дұрыс. Жолдан гөрі ұлт денсаулығы маңызды. Тұрмысы төмен отбасыларға індетті жеңгенше дәрі тегін берілуі тиіс.

Jas qazaq: Әрине, мұндай сын сағатта қаржы да, мемлекеттің назары да медицинаға бұрылғаны жөн ғой. Дегенмен заңға пысқырмайтын дәріханалар әлі де бар. Өзіңіз дәріханаларды аралап, бағаны бағамдап көрдіңіз бе?

М.Бақтиярұлы: Осыдан бір-екі апта бұрын Қызылорда қаласындағы бес дәріхананы аралап шықтым. Біріншіден, ұзын-сонар кезекті көрдім. Екіншіден, көптеген дәрілер, әсіресе, антибиотиктер табылмады. Дәріхана иелері себебін түсіндіріп бере алмады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін жергілікті жердегі ірі компанияның басшысымен сөйлестім. Оның айтуы бойынша, 18 пайыздық отандық дәрінің өзі сапасыз. Ал шетелден алып келетін дәрілердің бағасы қымбат. Оның үстіне, ұлттық валюта құнсызданып, доллар шарықтап кетті. Ал денсаулық сақтау министрлігі дәрінің жоғары бағамын бұйрықпен көтере алмайтындай шегендеп қойған. «Сондықтан біз шетелдегі сатып алу құны 1000 теңге тұратын дәріні Қазақстанда министрліктің шектеп қойған 700 теңгесімен қалай сатамыз?» дейді. Логика бар.

Осы кезге дейін СК-Фармация компаниясының қаншама басшылары былыққа батып сотталды. Қазір дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге облыс әкімдері мен денсаулық сақтау басшылары жауап бермейді. Өйткені оның иесі – СК-Фармация. Сондықтан да СК-Фармацияны таратып, оның функцияларын бұрынғыдай жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының құзіретіне беру керек. Екіншіден, дәрі-дәрмектің шекті бағасын жасанды қою нарық заңдарына қайшы. Оның бағасын сұраныс пен ұсыныс реттейді. Егер біз дәл қазір шектеу бағасын алып тастайықшы, он күннің ішінде еліміздегі бүкіл дәріханада дәрі жоқ деген сөз айтылмайды. Бұл осы саладағы шенеуніктердің қолдан жасап отырған қиындығы.

Jas qazaq: Мұрат аға, басы ауырып, балтыры сыздаған адам дәрігерге барады. Үлкен кісілер бұрын дәрігерлердің өз кәсібіне жетік, ісіне адал екендерін айтып жататын. Қазіргі дәрігердің біліктілігін қалай бағалайсыз?

М.Бақтиярұлы: Менің мамандығым дәрігерліктен тым алшақ. Өмірімде ең алғаш рет 1999 жылы Қызылордадағы облыстық ауруханаға жаттым. Едені мен керуеті сықырлаған, терезелері ашылса жабылмайтын, жабылса ашылмайтын ескі ғимарат болатын. Өзім перитонит болып, түнде ота жасады. Таңертең есімді жиып көзімді ашсам, палатада менен бөлек екі кісі жатыр. Жанымда ота жасаған Абдулла Шүлембаев тұр. «Інім, барлығы дұрыс болады, ота сәтті жасалды» деп қолымды қысып күлімсіреді. Оның өзі маған үлкен рух берді. Сол күні түске жақын бас дәрігер Тұрғанбай Маханов келіп бір палатада жатқан үшеуміздің де жағдайымызды сұрап, қасындағы бөлім меңгерушісінен қандай ем қолданып жатқанын тәпіштеп сұрап, кетерінде «Қандай өтініш-шағымың бар?» деп сұрақ койды. Кейін білдім, бас дәрігер ретінде Тұрғанбай аға аптасына екі рет барлық палаталарда ем алып жатқандарды арнайы аралап, хал-жағдайын біліп шығады екен. Бұл советтік кезеңде білім алған дәрігерлердің білімі ғана емес, адами қасиеттері де жоғары екендігін көрсетеді. Олар жылы сөзімен емдейтін. Оны мойындау керек. Кезінде Қызылорда облысының әкімдігінде қызметте жүргенде денсаулық сақтау басқармасының бастығына сол кездегі облыстағы әкіміміз Болатбек Қуандықовпен бірге маман іздеп, белгілі хирург, ғылым докторы Болатбек Баймахановты алдырдық. Сонымен бірге, ОМЦ-ға бас дәрігер етіп, ғылым докторы Нариман Табынбаевты қойдырдық. Жекеге айналып кеткен калалық аурухананы мемлекет меншігіне өткізіп, оған тәжірибелі Асылбек Тоғызбаевты алдық. Бұл азаматтар адал, кәсіби жұмыс жасады. Оған халық бағасын бере жатыр. Қазір де осы салаларға іскер, халықшыл азаматтарды таңдап қою керек. Жалпы екі саланы денсаулық пен білімді тек мықты мамандар басқару керек. Бұл аксиома.

Jas qazaq: Жақында ғана педофилді ұстаған сақшы марапатталды. Азғынды заң арқылы ауыздықтау керек дейміз. Алайда біздің елде олардың саны да, жасаған қылмысы да азаяр емес. Өзге елдердің тәжірибесіне қарасақ, полицияға көбірек өкілеттілік берілген. Бізде қандай шара қабылдау керек деп ойлайсыз?

М.Бақтиярұлы: Педофилдерге қатысты мәселе жыл сайын көтеріледі. Жалпы бұл халық назарындағы тақырып. Біз былтыр заң қабылдағанбыз. Қарапайым жұрт оны біле бермейді. Кейбір блогерлер жерден жеті қоян тапқандай болады. Ал оның бәрі заңда көрсетілген. Қылмыстық кодекс бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 жасқа дейінгі балаларға зорлық көрсеткендер 20 жылдан өмірінің соңына дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл үлкен жаза. Екіншіден, мұны салдарынан емес, тәрбиеден іздеуіміз керек. Тәрбие басты назарда болуы қажет. Өкінішке қарай, біз тәрбиені қолдан шығарып алдық. Керісінше, қоғамда болған келеңсіз жағдайларды басқаларға ысырып тастай саламыз. Қоғамда сондай жаман әдет пайда болды. Кінәні өзімізден іздемейміз. Қит етсе, полиция кінәлі, заң кінәлі деп шығамыз. Бірақ, айналып келгенде, бұл жағдайға отбасындағы тәрбие кінәлі.

Педофил деген Қазақстанда ғана емес, барлық мемлекетте бар. Шетелдің біраз мемлекеттерін білемін. Тіпті оларда біздегіден көп. Бұрынғы қазақ қоғамында жас балаларға күш көрсету, зорлау, қорлау деген сияқты қылмыс болды ма? Болған жоқ. Ол кездегі тәрбие керемет еді. Бір отбасының тәрбиесі тұтас ұлттың тәрбиесі саналатын. Қазір соның бәрінен айырылып қалдық. Жаһандану дәуірінде біз тәрбиесіз «мәдениеттерді» көбірек қабылдадық. Кейбіреулер оларға өлім жазасы керек деп жатыр. Мәселе өлім жазасымен шешілмейді. Бұл тәрбиемен ғана түзелетін дүние.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Жарас КЕМЕЛЖАН

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді