
Осыдан 20 жыл бұрын жат елдегілер асырап алған қазақ қыздары кіндік қаны тамған жеріне саяхаттап келді. Семейдегі балалар үйінен шыққан Салтанат пен Аида ендігі бойжетіп те қалған. Ал тектері Бертелс, өйткені Бельгия азаматтары. Бұрынғы тәрбиешілері бельгиялықтар бауырына басқан қос қаракөзді бірден танып, жылап көрісті. Жалпы, Еуропаға кетіп жатқан қазақтың тастанды ұл-қыздары жылдан жылға көбейіп келеді екен. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бұл қасы қиылған, ал көздері қарақаттай қазақ қыздары. Есімдері Салтанат пен Аида. Бірақ, тектері Бертелс. Екеуін небәрі 1 және 3 жасында бельгиялықтар асырап алған. Құжат жүзінде шетелдік болғанымен, қаны қазақ қос қаракөзді арада аттай 20 жыл уақыт өткенде туған жер топырағы тартыпты.
Салтанат Бертелс:
— Қазақстан туралы, әсіресе туған жерім Семей туралы ғаламтордан іздеп оқимын. Әрине, бізге бәрі қызық.
Аида Бертелс:
— Қазақстанға бірінші көргендегі сезімім есімнен кетпейді. Ата-анамыз бізді асырап алған балалар үйіне алып барды. Онда мен мүлде танымайтын кісілер бізді танып, құшақтап жатты. Сөйтсек, олар біздің бала кезімізде қасымызда болған тәрбиешілер екен.
Аида болашақ мейірбике, ал Салтанат әлеуметтік қызметкер екен. Осылайша, екеуі де мұқтаж жандарға көмек қолын созғысы келетіндерін айтады. Өкінішке орай, Қазақстанда емес, Бельгияда. Олардың анасы Аними ең бірінші Салтанатты асырап алғанын айтады. Сол кезде Аиданы да көріп, көзі мөлдіреген тастандыны жетімдер үйінде қалдыруға қимаған екен.
Аними Бертелс:
— Салтанатты құшағыма басқанда бірден «менің қызым» деп бірден шештім. Қолымдағы барымды, нарымды сол кішкентай бүлдіршінге бергім келді. Туған бала, асыранды бала деген ұғым болмауы тиіс деп ойлаймын. Баланың аты — бала. Бөтен бала деген болмау керек!
Төрт құбыласы тең болған Бертелстер өте бақытты. Бельгиялық отбасының Қазақстандағы жетімдерге жаны ашығаны сонша, 2006-жылы арнайы орталық ашыпты. Мекеме бельгиялықтарға қазақтың қара көздерін асырап алуға көмектеседі. Орталықтың ерекшелігі сол, тек дені сау бүлдіршіндерді ғана емес, туған ата-анасы мүгедектігі үшін тастап кеткен балақайларға да отбасы сыйлайды. Тіпті, тумысынан ауру, бірақ Еуропа асып, емделіп кетіп жатқан нәрестелер де бар екен. Өз еліндегі балаларды неге асырап алмайды деушілерге де Бертелстердің жауабы дайын. Айтуларынша, Бельгияда тастанды бала мүлде жоқ екен. Қазақтың қос қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өсіріп отырған ерлі-зайыптылар осылайша басқа жетімдерді де Белгияның белді азаматы қатарына қосуға әзір.