jasqazaq.kz

Мұғалім мәртебесі

10 қыркүйек 2021, 11:23

Сықақшы, «Шаншар» әзіл-сықақ театрының директоры Уәлибек Әбдірайымовтың монологы есіңізде ме? Мұғалім мәртебесі туралы. «Біз оқушы кезімізде мұғалімнің қарасы көрінсе, бой тасалап, бұғынып көзіне түсіп қалмауға тырысатын едік. Қазір керісінше, көшеден өтіп бара жатқан мұғалім оқушыны көрсе, жүзін төмен салып ұялып айналып өтуге тырысады. Өйткені оқушының үстіндегі киімі мұғалім киіп жүрген киімнен бірнеше есе қымбат». Өмірдің өзінен алынған боямасыз көрініс.

Тағы бір мысал. Бала күннен қатар өскен досымыз бұл күнде білдей бизнесмен. Алматының төменгі ауданы саналатын шағын ауданнан салған ескірген үйін күреп тастап, орнына көп қабатты жатақхана сықылды үй тұрғызды. Әр бөлменің жуынатын орны, әжетханасы жеке-жеке. Сол жігіт айтады: «Маған жатақханадағы бөлмені жалдап тұруға сұрап келетіндердің арасында мұғалімдер де бар және олардың саны басым. Мен үшін кім жалдап тұрса да бәрібір, ақшасын уақытында төлесе жетеді. Тек мұғалімнің біздің аулада, жалға берілетін жатағымызда тұрғаны балаларым үшін қалай болар екен. Ертең мектепте біздің жатақхананы жалдап тұрушы педагог баламнан үй тапсырмасын сұрарда кібіртіктеп қала ма деп ойлаймын» дейді. «Несіне кібіртіктейді, ақысын төлеп жалдап алған жоқ па» деп жауап беруге де болады. Дегенмен сен біреуден қарыз алсаң, берешек болсаң, соның алдында берерің бар екені көкейіңе қонақтап, қашан берешегіңді өтегенше кетпейді. Қысылып, аяқ тартып жүресің. Кәсіпкердің айтқаны да орынды. Басында баспанасы жоқ қамкөңіл педагог қанша дегенмен де қожайынның баласы алдында кібіртіктеп қалары сыртқа байқатпағанымен белгілі.

«Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов. Сол ұлтына қызмет ететін мінезді баланың бойына дарытып, сүйегіне дейін сіңіретін мекен – мектеп. Қайбір жылы еліміздің мектептерінде ер мұғалімдердің саны азайып, сиреп кетті деген де мәселе айтылды. Ер мұғалімнің болмауы, болса да арпа ішінде бір бидай секілді аз болуы мектеп оқушыларының ой-санасына, мінезіне айтарлықтай әсер етеді. Ер адамның мысы мен күші, айбары мен айбыны сөзсіз даруы керек оқушыларға. Ұстаз мәртебесін көтеру үшін еңбекақыны сатылап көбейтіп, жоғары жалақы алушылар санатына қосты. Шүкіршілік, қазір дәрежесі жоғары, әлеуеті зор мұғалімнің жалақысы тәп-тәуір. «Сананы тұрмыс тұқырта билеген» қазіргі қоғамда материалдық құндылығын күйттегендер де педагог атанудың қамында.

Мектепте ер мұғалімдердің қатарын толықтыру үшін қайтпек керек? «Отбасы банкі» әйел адамдарға арналған «Ұмай» бағдарламасын іске қосқан еді. Ер мұғалімдерді молайту үшін осындай үй мәселесін оңтайлы шешетін, ерлерге арналған бағдарлама ашылғаны дұрыс па дейсің. «Ер азамат» дейміз бе, «ел тұтқа» десек те жарасады атауын, әйтеуір ат қоюға, айдар тағуға шеберміз.

Әңгіменің арқауына кәсіпкердің салған жатақханасынан пана іздеп келген мұғалімнің мұңы себеп болды ғой. Басында баспанасы болмаған ұстаздың еңсесі тік, жүрісі нық, ойы мығым бола ма? Бір мұғалімді білемін, қызымның бастауыш сыныптардағы жетекшісі болды. Тұрмысқа шықпаған бойдақ, Талғар трассасының бойындағы «Думан» ықшамауданында пәтер жалдап тұрды. Жұмысы қаланың солтүстік батысындағы «Зерделі» шағынауданындағы жалпы білім беретін мектепте. Екі араға қоғамдық көлікпен қатынайды. Салт басты, сабау қамшылы деген күннің өзінде үйінің жоқтығы, баспанасының болмауы жанына батпайды дейсіз бе?

Шүкіршілік, көптеген мемлекеттерде жоқ баспана алу үшін жеңілдіктер, түрлі мемлекеттік бағдарлама біздің елде бар. Бірақ ол бәрін де қамтуға қауқарсыз. Алматы шаһарындағы жағдайды алайық. Бірнеше жылдың бедері болды, отыз бес жасқа дейінгі жас отбасыларға арналған «Алматы жастары» деген бағдарлама ашылды. Осы бағдарлама бойынша үй алуға құжат тапсырушылардың тізіміне үңілсеңіз, мұғалімдерден көз сүрінеді. Сөзіміз сүйекті болсын, дерегін келтірелік. Жалпы осы бағдарламаға жеті сала бойынша 9741 адам өтініш беріпті. Соның ішінде 3560 адам – білім беру саласының маманы. Одан бөлек, 1103 адам жоғары оқу орны мен ғылыми- зерттеу институтының ғылыми қызметкері. Қалғаны денсаулық, мәдениет, спорт, әскери сала бойынша өтініш өткізген. Осыдан да біздің елде педагогтардың қордалы мәселесінің шоқтықтысы баспана жайы екені анық байқалады. Жыл сайын «Жыл мұғалімі» сынды ынталандыру сайысы өтеді. Жеңгенге пәтер, автокөлік сыйға тарту етіледі. Бұл сәл болса да көмек, демеу.

Ертеректе Түркияда мұғалімдер қоғамдық көлікте тегін қатынады. Бұл елде мұғалімдерге өзге мамандық иелеріне қарағанда пайызын төмендетіп несие береді, яғни баспананы төменгі пайызбен рәсімдейді. Ғылыми дәрежесіне, біліктілігін көтеру курстарына оқығанына және бала тапқаны үшін де, яғни баласы бап педагогтарға қосымша үстемеақы төленеді.

Сингапур халқы өз ортасына түскен келін мұғалім болса, құрмет көрсетіп сәлем салады. Осы ел мен Жапонияда мұғалім төрт жыл тұрақты бала оқытып, бесінші жылын өзінің білімін жетілдіруге арнайды, сол үшін арнайы шәкіртақы да алып отырады. Финляндияда ең жоғары жалақы ұстаздікі.

Адам туа сала айға ұшпайды, кен қазып кетпейді. Қай саланың саңлағы болсын, алғашқы адымын ұстаздың алдын көруден бастайды. Өкінішке қарай, бар мамандық иесін білімге баулитын мұғалімдердің арасында үйсіз жүргендерінің шоғыры қалың бізде.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия