jasqazaq.kz

Министрлікке сауалымыз көп…

19 ақпан 2021, 17:43

Биылғы оқу жылы оқушылар үшін онлайн форматта басталды. Міне,үшінші тоқсан да аяқталуға жақын. Қашықтан білім алған оқушылардың білім сапасы қандай? Онлайн білім беру жүйесінің нәтижесі жемісті ме? Күрмеуі қиын қандай мәселелермен бетпе-бет келдік? Бұл сауалдарға Қазақ білім сарапшылар лигасының президенті Гүлнара Әбішева жауап берді.

Jas qazaq: Сіздіңше, онлайн оқу жүйесі сапалы білім бере алды ма?

Г.Әбішева: Бүгінге дейін білім және ғылым министрлігі қандай да бір жұмыс жүргізіп отырған шығар. Алайда министрдің берген есебі мен атқарған істерінің арасында үлкен айырмашылық бар. Өйткені бұл жерде барлығы стратегиядан басталуы керек еді.

Біріншіден, елімізде қашықтан оқытудың жалпы стратегиясы керек. Онсыз болмайды. Біз қашықтан оқытудың қандай болатынын алдымен көруіміз керек еді. Біз ғана емес, мұғалімдер де нақты мақсат және міндетті білуі тиіс еді. Бірақ стратегия жағынан ол орындалмады.

Екіншіден, қашықтан оқытудан нақты бір нәтиже бар деп айта алмаймын. Біз де сараптап, саралап отырмыз. Әу бастан білім жүйесін ұйымдастырудың өзі дұрыс емес. Біз білім және ғылым министрлігіне «Білім мазмұны қашықтан оқытуда қандай болады?» деген сауал жолдадық. Жауап ала алмадық. Дәстүрлі форматта оқып жүрген білім мазмұнын қашықтан оқыту жүйесіне салуға болмайды. Өйткені екі жүйенің әдіснамасы әр түрлі. Сондықтан осы мәселелерді бірге талдайық деп кездесуге шақырған едік. «Білім мазмұнын қысқартайық, балаларға тиімді етейік» дедік. Мұны да жауапсыз қалдырды. Бүгінде қашықтан оқытудың үшінші тоқсаны аяқталып қалды.

Үшіншіден, білім беру платформалары дұрыс таңдалмады. Біз білім және ғылым министрлігінен «Білім беру платформалары қалай таңдалды? Қандай талаптарға сай таңдалды?» деген сауал қойдық. Оларға бірдей талап қойылуы керек еді! Бірақ бұл да жауапсыз қалды. Былтыр маусым айында 20 шақты платформа өздерін таныстырған болатын. Бірақ сырттан келген 5-6 платформаны таңдап алып, техникалық қызмет жасауға рұқсат берген. Бүгінгі күні сол платформалардың жұмыс жасау сапасы керемет деп айта алмаймыз. Жалпы барлық мектептерді де қамтып үлгермей жатыр. Сол кезі ұсыныс жасаған 20 платформаның бәріне рұқсат беріп, жұмыс сапасына қатаң талап қойылса, ал әрбір мектепке өз платформасын таңдап алуына еркіндік берілсе, сонда нәтиже басқаша болар еді.

Jas qazaq: Оқушылардың білім сапасын бағалау жүйесінің қандай кемшіліктері бар?

Г.Әбішева: Оқушылардың білім сапасын бағалау формальды түрде өткізіліп жатыр. Бүгінде оқушының күнделікке қойылған бағалары объективті деп айта алмаймыз.

Біраз аймақтарды аралағанда «күнделіктегі бағаны қалай қоясыздар, білім сапасы 65-70% дейін көтерілген, осыған негіз бар ма?» деп сұрадым. Ұстаздар өздері де жағдайды түсініп отыр, бірақ басқа амал жоқ. «Балалар ТЖБ, БЖБ тапсырмаларын мектепте жазуға рұқсат берсе, оқушылар толық білім алу жүйесіне көшсе» деген ұсыныс айтқанымызбен, тағы да жауапсыз қалды.

Jas qazaq: Жауапты министрліктер еліміз 90 пайыз интернетпен қамтылған деп есеп берді. Алысты айтпай-ақ қояйық, Алматының шетіндегі ауылдарда интернет жоқ. Сонда интернеті жоқ оқушылар қалай оқып жүр?

Г.Әбішева: Біздің сараптамамыз бойынша бастауыш сыныптың 30,8% пайызы әлі де мектепке бармаған. Негізгі орта буын оқушылары (6,7,8,10-сыныптар) толығымен қашықтан оқытуда. Жекеменшік мектептер тек 2,2%-ды құрайды. WhatsApp-та оқушылардың 40-45% отыр. Бұл интернет жоқ аудан оқушылары. Сонда өздеріңіз ойланып көріңіздер: министрліктің халық алдында, Президент алдында беріп жатқан есебі қаншалықты айқын?

Бүгінде 9 бен 11-сынып оқушыларын мектепке кіргізді. Онда да 70/30 пайыз. Бәрін кіргізбесе, не қажеті бар? Бүгінде оқушылар қайда жүгірерін білмейді. Қазір 11-сынып оқитындардың жағдайы қиын. Өйткені олардың кейбіреуі қосымша репетиторларға барып жүр. Бізге осы мәселені айтып, ата-аналар хабарласады. Оларға бейіндік пәндерге ғана мән берсін деген кеңес бердік. Өйткені балалар оқуға түсуге даярлануы керек.

Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу мәселесі. Қашықтан оқыту енгізілген күннен бастап олар тасада қалып қойды. Бүгінде ондай балалардың үлесі – 2,9 пайыз. Инклюзивті білім беру деп қанша қақсады. Олардың арасында үйде оқитыны бар, мектепке келіп оқитыны бар. Олар да қалып қойды, мүлдем оқып жатқан жоқ. Олармен жұмыс жүргізіп жатқан бірде-бір адам жоқ.

Алматының түбінде интернет жоқ деп айтып отырсыз. Әрине, интернетпен көп нәрсе байланысты. Мәселен, ата-аналардың біреуі бізді мұғалімнің сабақ беретін чатына қосты. Әлгі мұғалімді бір ай бақыладым. Сонда 25 жыл жұмыс өтілі бар мұғалімнің өзі жарты сағаттың ішінде барлық топтарға тапсырманы «лақтырады». Сабақтың жоспарын жазғаннан кейін астына тапсырма береді. «Сұрақтарыңыз болса, хабарласыңыздар» деген хабарлама қалдырады. Болды. Мұғалімнің жұмысы осы. Күнделікті осылай. Оқушылар орыс тілін осылай оқып жатыр. Әрине, мұғалімдердің барлығы осындай деуге болмас. Әріптестерімнің көбі адал еңбек жасап, қашықтық оқытудың киыншылықтарын көтеріп, нәтиже көрсетіп жатыр.

Министрлік тарапынан әдістемелік конструкторлар берілсе, мұндай жағдайлар болмас еді. Нақты алгоритм болса, мұғалімдер сол бойынша сабақ жүргізетін еді. Бұл жердегі видео-сабақ та жәй әңгіме. Мұғалімдердің 10 -15 пайызы ғана видео-сабақты қолданып жатыр десе болады. Басқасы қолданып жатқан жоқ. Бұл жәй ақша жұмсау сияқты көрінеді.

Министрлік тарапынан 3-4 құжатты ғана жасау керек еді. Бірінші – қашықтан оқу жайында стратегиялық құжат. Сонда нақты мақсат пен міндет, нәтиже көрсетілуі керек. Екінші – білім мазмұнын қысқартып, мұғалімдерге жағдай жасау. Үшінші – мұғалімдерге әр пән бойынша әдістемелік нұсқау беру. Платформаларды реттеу. Төртінші – білім сапасын бақылау жүйесін нақтылау. Осындай 3-4 қадамды министрлік қолға алуы керек еді.

Jas qazaq: Біз біраз баланың өзге елдерде білім алып жатқанын білдік. Ал заң бойынша олар тек Қазақстанда білім алуы керек емес пе! Ертең олардың жағдайы не болады?

Г.Әбішева: Расында да, көп ата-ана балаларын Ресей, Украина, Беларусь мектептерінде онлайн оқытуда. Біз оны қалай білдік? Қаңтар айында «біздің елде ғана білім алу керек» деген нақты заң жарияланды. Енді балалары сыртта оқып жатқан ата-аналар шыр-шыр етіп хабарласып жатыр. Ал білім министрі бұл мәселені жылдың ортасында емес, басында ескертуі керек еді. Сөздің шыны керек, пандемия отандық білім жүйесінде сапа жоқ екенін ашып көрсетті.

Jas qazaq: Өзге елдің онлайн жүйесімен білім алып жатқан оқушыларды қалай қайтарамыз? Оларға не ұсына аламыз?

Г.Әбішева: Әрбір ата-ана баласы үшін жауапты. Әрі баласының алдында борышы бар. Өз елінде сапалы білім бере алмаса, ол басқа елдің біліміне жүгінуге мәжбүр. Ондай ата-аналарды түсінуге тиіспіз. Оларды қайтару үшін не істеуіміз керек?. Оларды қайтара алмаймыз. Бұл сұрақ бойынша компромистік шешім қабылдауымыз керек. Ол үшін біз халықаралық қашықтан оқыту мектебін ашқанымыз жөн болар. Оның негізін қалаушы да біздің еліміз болуы тиіс. Сонда шетелмен тәжірибе алмасып, біздің мұғалімдер бірге жұмыс жүргізер еді. Мысалы, 4-5 елдің математика, физика, химия тағы басқа пәндердің мұғалімдерінен оқушылар ұстазын өздері таңдап алар еді. Ал қазақ тілін, Қазақстан тарихын, географияны тек өз еліміздің мұғалімдері өткізер еді.

«Қашықтан оқыту бүгін бар, ертең құри ма?» деп сұрап жатқандар бар. Жоқ, олай емес, бұл бізбен қалады. Бұл – пәндемия кезінде алған құнды тәжірибеміз. Белгілі бір деңгейде онлайн форматты оқу жүйесінде қолдана береміз.

Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия